Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
— Комиссияға кейбір нормалардың тұжырымдамаларын нақтылау туралы ұсыныстар келген болатын. Олардың кейбіреулері ескерілді. Мысалы, Преамбулада орыс тілінде «исконный» сөзі «исконно» деп ауыстырылды — «исконно казахский земле». Кейбір баптарда «адам құқықтары мен бостандықтары» деген сөздер «адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтар» деп алынды. Ол Преамбулаға, республика қызметінің негіз құраушы қағидаттарына және басқа да тармақтарға қатысты. Адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау сот билігін жүзеге асырудың мақсаты болып анықталды. 2-бапта қос тілде де теңге деп жазылды. Елорданың мәртебесі конституциялық заңда айқындалады. Мемлекеттік органдарыдң заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды мемлекеттен өтету құқығы 15-баптан 14-бапқа ауыстырылды, — деді ол.
Оның айтуынша, кейбір комиссия мүшелері «адам құқықтары абсолютті» деген терминді ауыстыру қажеттігіне назар аударған.
— Сондықтан 14-баптың 2-тармағында бұл термин «ажыратуға және айыруға болмайтын» құқық деп өзгертілді. 17-бапта «өмір сүру құқығы әрі адамның ажыратуға және айыруға болмайтын құқығы» деп алынды. 12-баптың 3-тармағы нақтыланды. Оған сәйкес, «өзінің туылғанына орай өзге елдің азаматтығын алған кәмелетке толмаған балаға заңда көзделген ережелер қолданылады» деп жазылды. 23-баптың 6-тармағында «арандату әрекетіне» деген сөздер алынып тасталды. 12, 13, 14, 33, 45 және 49-баптардың редакциялары нақтыланды. 60-баптың 3-тармағында Құрылтай Конституцияға сәйкес өзге мәселелер бойынша да заң қабылдайды деп жазылды. Алғашқы нұсқада бұл қоғамдық қатынастар тізбесі жабық еді. Рәсімдік сипатын ескере отырып, заң жобалары бойынша оқылымдар санын Конституциялық заңда белгілеу ұсынылды, — деді Бақыт Нұрмұханов.
Бұған дейін Конституциялық комиссияға жаңа Конституция жобасы бойынша 10 мыңнан астам өтініш түскенін жазған едік.