Конституцияға Миранда қағидасын нақты норма етіп енгізу көзделді

26.01.2026

Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Ата заңға «Миранда» қағидасын нақты әрі мызғымас норма ретінде енгізу.

Яғни ұсталған адамға оның не үшін айыпталғаны және қандай құқықтары бар екені егжей-тегжейлі түсіндірілмесе оған қатысты кез келген тергеу амалдары заңсыз деп танылады. Бүгін Конституциялық комиссия отырысы барысында бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев осы бастаманы қолдауға шақырды. Жиында қоршаған ортаны қорғауды күшейту, экологиялық құндылықтарды ұлттық басымдық деңгейінде бекіту мәселелері де кеңінен талқыланды.

Бір палаталы Парламентте барлық заңдар 3 оқылымнан өтпек. Комиссия отырысында осындай ұсыныс айтылған болатын. Бүгін жиында сөз алған мәжіліс депутаты, «Аманат» партиясының фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев алғашқы 2 оқылым ашық талқыланса, соңғысында заң жобасының Конституцияға, еліміздің ұлттық заңдарына сәйкестігі пысықталатындығын айтты. Бұл ретте лобби, жеке мүдде және мемлекеттік саясатқа кереғар ұсыныстарға толығымен тосқауыл қоюға болады, дейді халық қалаулысы.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты - "Amanat" партиясы фракциясының жетекшісі:

- Яки арнайы енгізіліп отырған үшінші оқылым негізгі әрі кәсіби сараптаманы арттыратын маңызды қадам болады. Осыған байланысты болашақ құрылтайдың партиялық тізім арқылы жасақталуы жеке тұлғаларға емес, саяси бағдарламалар мен идеологияларға негізделген институционалдық жауапкершілікті күшейтетін болады. Өйткені саяси партия оның шешімдері бірлесіп қабылданады, өзара бақылау мен жауапкершілікке сүйенетін қоғамдық ұйым, керекті қажетті саяси институт. Осы логиканың жалғасы ретінде Парламентте барлық фракция өкілдерін тең өкілдерінен тең құралатын және олардың барлығын қамтитын тұрақты сараптамалық-құқықтық комитет құру қажет деген ұсыныс айтамын. 

Ал Ауыл партиясы болса Ата заңда қоршаған ортаны қорғауды күшейтетін өзгерістерді енгізуді ұсынды. Тағы лауазымды тұлғаларға қатысты жауапкершілікті де қатаңдату бастамасын көтерді. Яғни басты құжатта экологиялық құндылықтарды ұлттық басымдық деп бекіту қажет.

Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты - "Ауыл" партиясы фракциясының жетекшісі:

- 31-бапқа азаматтардың табиғатты сақтау міндетін енгізіп, мемлекеттің қоршаған ортаны қорғау мақсатын айқындауды, ал лауазымды тұлғалардың экологиялық деректерді жасырғаны үшін жауапкершілігін күшейтуді қажет деп санаймыз. 61-бап бойынша Құрылтайға қоршаған ортаны қорғау заңдарын реттеу құзыретін беру – бұл біздің экологиялық саясатымызға конституциялық күш береді деп білемін. Бұл ұсыныстар келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігімзді нақты айқындайды.

Айта кету керек, комиссия мүшелері ортаға салған ұсыныстарға қатысты өз пікірлерін ашық білдірді. Мәселен, бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев соттың санкциясынсыз ұстау мерзімін  72 сағаттан 48 сағатқа дейін  қысқарту бастамасын жан-жақты талқылауға шақырды. Ал тағдыры таразыға түскен сәтте әрбір адам өз құқығын темірдей білуі керек. Осы ретте бас прокурордың бірінші орынбасары «Миранда» қағидасын Ата заңда нақты әрі мызғымас норма ретінде бекіту бастамасын қолдады.

Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары – Конституциялық комиссия мүшесі:

- Адам күдікті деп танылған алғашқы секундтан бастап оның қасына білікті қорғаушының келуін қамтамасыз ету біздің басты талабымыз. Өкінішке орай мойындауымыз да қажет көбіне адамдар осы заңның қыр-сырын, өзінің заңды құқықтары бар екенін біле бермейді. Осының салдары жеке адам үшін де, мемлекет үшін де, жалпы қоғам үшін де ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

Осы орайда әлемдік деңгейде мойындалған «Миранда» қағидасын Ата заңымызға енгізу уақыт талабы расыменде. Ұсталған адамға оның не үшін айыпталғаны және қандай құқықтары бар екені егжей-тегжейлі түсіндірілмесе оған қатысты кез келген тергеу амалдары заңсыз деп танылады.

Конституциялық комиссияның үшінші отырысы барысында мінберден 20-ға жуық адам сөз алып, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Негізінен қазір Парламентте мандатқа ие саяси партиялар мен депутаттар баяндама жасап, өз ойларын ашық түрде ортаға салды.

Риат Шони

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью