Конституциялық қағидаттар жария басқарудың стандарты

14.07.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

2026 жылғы 15 наурызда республи­калық референдумда қабылданып, 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген Қазақстан Республикасының Кон­ституциясының 3-бабында Респуб­ликаның қызмет қағидаттары атап көрсетілген: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам мен азаматтың құқықтары мен бостан­дықтарын сақтау, заң мен тәртіптің үстемдігі, жалпыұлттық бірлік, халықтың әл-ауқаты, жауапты жасампаз патриотизм, қоғамдық диалог, еңбек­қорлық, прогресс, білім, экологиялық мәдениет, тарихи-мәдени мұра және ұлттық мәдениет. Осы бапта адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияларды дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты деп танылған.

Құқық қолдану үшін мұндай тұжырым­ның қолданбалы маңызы зор. Заң шы­ғарушы заңды конституциялық қағидаттармен сәйкестендіреді. Үкімет соның негізінде мемлекеттік бағдарла­малардың орындалуын тексереді. Соттар оларды актілер мен шешімдердің кон­ституциялылығын бағалау кезінде пайдаланады. Мемлекеттік қызмет оларды өтініштерді қарау, әкімшілік актілерді дайындау және ресурстарды бөлу барысында қолданады. 1995 жылғы Конституциямен салыстыра талдау үшін бастапқы материал береді. Практика үшін конституциялық қағидаттардың өкілеттіктерде, рәсімдерде, бюджеттік көрсеткіштерде, цифрлық сервистерде, экологиялық талаптарда және лауазымды адамдардың жауаптылығында қандай тәсілмен бекітілетіні туралы мәселе орталық маңызға ие.

1995 жылғы Конституция қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық дамуды, қазақстандық патриотизмді, мемлекеттік өмірдің аса маңызды мәсе­лелерін демократиялық әдістермен шешуді бекітті. Тәуелсіз мемлекет қалып­тасқан кезеңде бұл тізбе құқықтық орнықтылықты, институционалдық сабақтастықты және дамудың негізгі бағдарларын қамтамасыз етті.

Жаңа Конституция аталған модельмен сабақтастықты сақтай отырып, оның мазмұнын нақтылайды. 3-бап адами капиталды, білім беруді, ғылымды, инновацияларды, экологиялық мә­дениетті, қоғамдық диалогты және тарихи-мәдени мұраны қамтитын қағидаттардың неғұрлым кең тізбесін белгілейді. Бұл тізбе жария билікке арналған нормативтік міндет ретінде қызмет етеді. Әрбір қағидат заңнамалық ресімдеуді, әкімшілік рәсімді, қаржылық қамтамасыз етуді және кейінгі бақылауды көздейді.

Мұндай жүйеде конституциялық қағидат өлшенетін нәтижені талап етеді. Халықтың әл-ауқаты кірістер, жұмыспен қамту, әлеуметтік инфрақұры­лым және еңбек қауіпсіздігімен байлан­ысты. Қоғамдық диалог шешімдер жобаларын жария талқылау рәсімімен байланысты. Экологиялық мәдениет экологиялық ақпаратты ашу, тәуекелдер мониторингі және мәліметтерді жасыру үшін жауаптылыққа байланысты. Білім мен инновациялар мектептердің, уни­верситеттердің, ғылыми бағдарламалардың және инженерлік даярлықтың сапасымен байланысты.

Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау Республика қызметі қағидаттарының тізбесін ашады. Бұл норма аумақтық тұтастық, стратегиялық таңдаудың дербестігі, мемлекеттік институттардың орнықтылығы, ұлттық құқықтық жүйені қорғау және мемлекеттің сыртқы тәуекелдер жағдайында әрекет ету қабілетімен байланысты.

Конституцияның 4-бабы Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендіктің иесі болып табылатынын бекітеді. Осы ережеден тікелей басқарушылық қорытынды туындайды: мемлекеттік орган өкілет­тіктерін конституциялық тәртіп арқылы алынған сеніп тапсырылған құзырет ретінде жүзеге асырады. Жария биліктің шешімі заңдылығы, негізділігі, азамат­тардың сеніміне ықпалы және елдің тәуелсіздігін нығайту қабілеті тұрғысынан бағалануға тиіс.

Президент стратегиялық бағытты, мемлекеттік биліктің бірлігін және Конституция кепілдіктерін қам­тамасыз етеді. 52-бапқа сәйкес Құрылтай заң шығарушы билікті білдіреді және заңның сапасы үшін жауапты болады. Үкімет орындау, экономикалық жаңғырту, әлеуметтік нәтиже және әкімшілік шешімдер тәртібі үшін жауап береді. Мұндай модельдің орнықтылығы құзыретті нақты ажыратуға және әрбір органның жария есептілігіне байланысты.

Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау қағидаты мемлекеттің әкімшілік әрекеттерінде: төлемдерді тағайындауда, рұқсаттар беруде, тізілімдерді жүргізуде, өтініштерді қарауда, заңның сақталуын бақылауда, жауаптылық шараларын қолдануда практикалық мәнге ие болады. Азамат үшін Конституция нақты шешімнің сапасы, оны қабылдау мерзімі, уәждемесінің айқындығы және шағымдану мүмкіндігі арқылы көрініс табады.

15-баптың 6-тармағы ерекше мәнге ие. Әрбір адамның мемлекеттік орган­дардың немесе олардың лауазымды адамдарының заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянды мемлекеттен өтеттіруге құқығы бар. Мұндай норма қызметтік тәртіпті өзгертеді. Билік органының қатесі құқықтық баға алуға тиіс, ал бұзылған құқық қалпына келтірілуі керек. Негіздер болған кезде мемлекеттің мүліктік жауаптылығы, қызметтік тексеру және әкімшілік практиканы түзету туындайды.

21-бап жеке өмірге қол сұғылмау­шылыққа, жеке және отбасылық құ­пияға, дербес деректерді заңсыз жинау­дан, өңдеуден, сақтаудан және пайда­ланудан, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы қорғауға құқықты бекі­теді. Банк опера­цияларының, жеке салымдардың, хат алмасудың, телефон арқылы сөйлесу­лердің, пошта және өзге де хабарлама­лардың құпиясы заңмен қорғалады. Электрондық үкімет үшін мұндай кепіл­дік деректерді өңдеу мақса­ты­ның заңдылығын, қолже­тімділікті шектеуді, киберқауіпсіздікті, лауазымды адам­дардың әрекеттерін журналдауды, ақпараттық жүйелердің тәуелсіз аудитін және мәліметтерді заңсыз пайдаланғаны үшін жауапты­лықты көздейді.

Жасанды интеллект, ведомствоаралық платформалар және мемлекеттік дерек­қорлар әкімшілік шешім қабылдауға жеделдік береді. Конституциялық өлшемшарт мұндай жүйелерден алго­ритмдердің тексерілуін, дербес деректердің сақталуын, қатені түзетудің түсінікті рәсімін және адамның өз құқықтарын қозғайтын ақпаратқа қол жеткізуін талап етеді. Цифрлық сервис жеке өмір кепілдіктері мен сот арқылы қорғау болған кезде конституциялық талаптарға сәйкес келеді.

«Заң және тәртіп» қағидаты қатаң заңдық мазмұнға ие. Жария әкімшілік үшін ол рәсімнің заңдылығын, құзыреттің нақты бөлінуін, әкімшілік актінің болжамдылығын, шешімнің орындалуға жарамдылығын, құқықтық негіздің ашылуын және өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін жауаптылықты білдіреді.

Заңның сапасы құқық қолданудың сапасын айқындайды. Түсініксіз норма шамадан тыс әкімшілік қалауды, қосымша келісулерді, сыбайлас жемқорлық тәуе­келін және шағымдардың өсуін туын­датады. Сондықтан заң үстемдігі қағидаты актілер жобаларына құқықтық сараптама жүргізуді, реттеушілік ревизияны, әкімшілік жүктемені бағалауды және бір­ыңғай практиканы талап етеді. Азамат билік органына жүгіну шарттарын, құжаттар тізбесін, қарау мерзімін, бас тарту негіздерін және шағымдану тәртібін алдын ала түсінуге тиіс.

Мемлекеттік қызмет үшін заңдылық нәтижеліліктің шарты ретінде көрінеді. Шешім төрт белгі болған кезде орнықты болады: оны құзыретті орган қабылдаған, ол заңға негізделген, нақты мән-жай­лармен уәжделген және іс жүзінде орындалуы мүмкін. Мұндай тәсіл күші жойылған актілердің санын азайтады, рәсімдерге сенімді арттырады және орындау тәртібін нығайтады.

Жаңа Конституция қоғамдық диалогқа Республика қызметінің қағидаты мәртебесін береді. Бұл ереженің прак­тикалық маңызы әлеуметтік құқықтарды, кәсіпкерлік ортаны, цифрлық техно­логияларды, экологияны, өңірлік дамуды, білім беруді және денсаулық сақтауды қозғайтын шешімдерді дайындаумен байланысты.

Конституцияның VI бөлімі Қа­зақстан Халық Кеңесін Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін жоғары консуль­тативтік орган ретінде бекітеді. 71-бапта оның өкілеттіктері аталған: ішкі саясаттың негізгі бағыттары, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту жөнінде ұсыныстар әзірлеу, Құрылтайға заң жобаларын енгізу, бүкілхалықтық референдумға баста­машылық жасау және конституциялық заң бойынша өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

Бұл құқықтық құрылым қоғамдық қатысуды тұрақты институционалдық рәсімге енгізеді. Реформалардың сапасы үшін жобаларды ерте жариялау, кәсіби сараптама, өңірлік талқылаулар, ескертулерді есепке алу, қабылданған және қабылданбаған ұсыныстар туралы ашық есеп маңызды. Мәселенің әлеу­меттік салдары неғұрлым жоғары болса, консультациялар рәсімі соғұрлым егжей-тегжейлі болуға тиіс. Қоғамдық диалогтың нәтижесі неғұрлым дәл заңнан және орындау сатысындағы басқарушылық қателер санының азаюынан көрінеді.

Халықтың әл-ауқатын арттыру Республика қызметінің негіз қалаушы қағидаттары тізбесіне енгізілген. Мемлекеттік саясат үшін бұл қағидат экономикалық шешімдерді үй шаруа­шылықтарының кірістеріне, жұмыспен қамтуға, коммуналдық және көлік инфрақұрылымының қолжетім­ділігіне, медициналық көмекке, білім беруге, еңбек қауіпсіздігіне және кәсіби ұт­қырлыққа ықпалы бойынша бағалауды талап етеді.

Адами капитал конституциялық тұрғыдан дербес танылды. Білім беруді, ғылым мен инновацияларды дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты деп жарияланған. Бұдан заң шығарушы мен Үкімет үшін нақты бағдарлама туын­дайды: білім беру мазмұнын жаңарту, зерттеу университеттерін қолдау, ғы­лымның өндіріспен байланысын қамтамасыз ету, инженерлік кадрларды даярлау, цифрлық құзыреттерді дамыту, басқарушылық білім беру сапасын арттыру және мемлекеттік қызметті кәсібилендіру.

Бұл саладағы мемлекеттік бағдар­ламалар түпкілікті көрсеткіштер бойынша бағалауды қажет етеді. Мұндай көрсеткіштерге еңбек өнімділігі, түлек­тердің жұмысқа орналасуы, нәти­желері енгізілген қолданбалы зерттеу­лердің үлесі, ғылыми инфра­құрылымның сапасы, зертханалардың қолжетімділігі, жоғары технологиялық өндірістерге арналған кадрлар даярлау, халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі жатады. Бюджеттік тәртіп қаржылан­дыруды есептілік деректері бойынша тексеруге болатын нәтижемен байлан­ыстыруға тиіс.

5-баптың 6-тармағы жекелеген өңірлер үшін қаржы саласындағы арнайы құқықтық режимді немесе жеделдетілген даму қаласы режимін белгілеу мүмкіндігін көздейді. Конституция мұндай режимдер шеңберінде мемлекеттік басқару мен сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктеріне жол береді. Бұл норма өңірлер арасындағы айырмашылықтарды ескере отырып, аумақтық жаңғырту үшін құқықтық мүмкіндік жасайды.

Арнайы режимдердің практикалық құндылығы құқықтық нақтылыққа байланысты. Инвестор болжанатын қағидаларды, рұқсаттар берудің түсінікті жүйесін, меншікті қорғауды, сотқа қолжетімділікті, ашық салықтық және қаржылық шарттарды көруге тиіс. Өңір тұрғыны конституциялық кепілдіктердің тең көлемін, ақпаратқа қол жеткізуді, сот арқылы қорғауды, еңбек және әлеуметтік құқықтарды сақтап қалуға тиіс.

Арнайы режим мақсаттар тізбесін, қолданылу мерзімін, тиімділік өлшем­шарттарын және парламенттік бақылау тетігін қажет етеді. Өлшемшарттар ретінде жұмыспен қамтудың өсуі, жеке инвестициялар көлемі, инфрақұрылым сапасы, шағын және орта бизнестің дамуы, экологиялық көрсеткіштер, сот төрелігінің қолжетімділігі және әкімшілік рәсімдердің қысқаруы қызмет ете алады. Мұндай жағдайларда аумақтық инновация елдің құқықтық кеңістігінің бірлігін нығайтады.

Экологиялық мәдениет Республика қызметінің негіз қалаушы қағидаттарының қатарында аталған. 37-бап азаматтарға табиғатты сақтауға және табиғи байлық­тарға ұқыпты қарауға міндет жүктейді. Мемлекет адамның өмірі мен денсаулы­ғына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді. Адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төндіретін фактілер мен мән-жайларды лауазымды адамдардың жасыруы заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.

Қазақстан үшін бұл норма өнеркәсіпте, энергетикада, құрылыста, көлікте, су саясатында, цифрлық инфрақұрылымда және өңірлік жоспарлауда қолданбалы маңызға ие. Даму жобасы ауаға, суға, топыраққа, халық денсаулығына, қалалық инфрақұрылымға түсетін жүктемеге және қоршаған ортаны қалпына келтіру шығындарына әсері бойынша бағалануға тиіс. Экологиялық ақпарат қолжетімді, уақтылы және тексеруге жарамды болуы керек.

Конституцияның мәдени блогы тарихи-мәдени мұрамен және ұлттық мәдениетті қолдаумен байланысты. 40-бап азаматтардың тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқорлық жасау, тарих пен мәдениет ескерт­кіштеріне ұқыпты қарау міндетін бекітеді. Мем­лекеттік саясат үшін бұл қала құрылысы, білім беру, музей ісі, архив саясаты, мемлекеттік тілді дамыту және ұлттық мәдени институттарды қолдау кезінде мәдени мұраны есепке алуды білдіреді.

Қазақстан халықаралық ынтымақ­тастыққа, инвестицияларға, құқықтық диалогқа, тату көршілікке және халық­аралық ұйымдарға қатысуға мүдделілігін сақтайды. Бұл ретте Конституция елдің бүкіл аумағында жоғары заңдық күшке ие және тікелей қолданылады. Халық­аралық міндеттемелер конституциялық тәртіп пен ұлттық заңнама шегінде орындалады.

Конституциялық бақылаудың жаңа моделі бұл тәсілді күшейтеді. 73-бап халықаралық ұйымдар мен олардың органдары шешімдерінің орындалуын Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан қарауды Конституциялық соттың өкілеттіктеріне жатқызады. Мұндай құзырет мемлекеттің халықаралық жауапкершілігін Конституцияның үстемдігімен, азаматтардың құқықтарын қорғаумен және ұлттық құқықтық тәртіптің тұтастығымен үйлестіруге мүмкіндік береді.

Құқықтық жүйе үшін бұл бюджеттік міндеттемелерді, азаматтардың құ­қықтарын, меншікті реттеуді, эко­логиялық стандарттарды, деректер мен қауіпсіздікті қозғайтын шешімдерді орындау кезінде ерекше маңызды. Конституциялық шектерді бағалаудың айқын рәсімі және шешімнің құқықтық негіздерін жария түсіндіру болған жағдайда халықаралық ынтымақтастық орнықтырақ болады.

Конституциялық қағидаттар заңдар, мемлекеттік бағдарлама­лар, әкімшілік регламенттер, сот шешім­дері, бюджеттік рәсімдер, цифрлық платформалар және экологиялық бақылау арқылы ұдайы тексеруді талап етеді. Ғылымның, заң шығарушының, Үкімет­тің, соттың, мемлекеттік қызметтің және қоғамдық институттардың ортақ міндеті қағидат­тарды нақты заңдық тетіктерде бекітуден тұрады.

Құқық ғылымы қағидаттардың мазмұны мен іске асырудағы олқы­лықтарды анықтауға тиіс. Заң шығарушы өкілеттіктерді, кепілдіктерді, рәсімдерді және жауаптылықты бекітуге тиіс. Үкімет бағдарламалар, бюджеттер, регламенттер және ведомствоаралық үйлестіру арқылы орындалуды қамтамасыз етуге тиіс. Сот жүйесі бұзылған құқықтарды қалпына келтіріп, әкімшілік қалаудың шектерін сақтауды қамтамасыз етуге тиіс. Қоғамдық институттар шешімдер жобаларын талқылауға және олардың салдарын бақылауға қатысуға тиіс.

Іске асыру сапасын нақты деректермен өлшеуге болады, атап айтқанда: күші жойылған әкімшілік актілердің саны, өтініштерді қарау мерзімдері, өтелген зиян көлемі, заң жобалары бойынша жария консультациялар саны, қауіпсіз­діктің тәуелсіз аудитінен өткен цифрлық қызметтердің үлесі, экологиялық мониторинг көрсеткіштері, білім беру және ғылыми бағдарламалардың нәтижелері. Мұндай жүйеде Конституция мемлекет пен азаматтың күнделікті құқықтық стандарты ретінде қызмет етеді.

Ермек БӨРІБАЕВ,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 

Басқарма Төрағасы – Ректор,

заң ғылымдарының докторы, профессор

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью