Конституциялық реформа бизнестің де өрісін кеңейтеді

07.02.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Премьер-министр Олжас Бектенов «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында мұнай-газ, энергетика, тау-кен металлургиясы, агроөнеркәсіп салаларының өкілдері, қауымдастық мүшелері мен өңір сарапшылары қатысқан кеңес өткізді. Кездесуде кәсіпкерлікті дамыту, салық реформалары, бизнесті қолдау тетіктері, ақпараттық жүйелерді цифрландыру секілді өзекті мәселелер қаралды.

Кеңесте Үкімет басшысы кәсіпкер­лікті өркендету Мемлекет басшысы айқындаған басты бағыттардың бірі екенін айтып, экономикалық өзгерістерде бизнес негізгі серіктес саналатынын жеткізді. Бұл үдерісте «Атамекен» палатасының орны айрықша екені де тілге тиек етілді.

Жиынды ашқан Премьер-министр кәсіпкерлікті дамыту Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттардың бірі екенін ерекше атап өтті. Бизнес – экономикалық реформалар жүргізуде басты серіктес, бұл жұмыста «Атамекен» ҰКП маңызды рөл атқарады.

«Жарты жыл бойы қоғамда конститу­циялық реформаны белсенді талқылау жүріп жатыр. Ашық дискуссиялар болды. Азаматтардан мыңдаған ұсыныс келіп түсуде және олардың барлығы терең зерделеніп, ескеріліп жатыр. Бұл – елі­міздегі демократиялық үдерістер­дің айқын дәлелі. Еліміздің жаңа Конс­ти­туциясының жобасы халыққа ұсы­нылды, басты мақсат – егемендігімізді, Тәуелсіздікті нығайту. Барлығыңызды Прези­дентімізді және жаңа Консти­ту­цияны қолдауға шақырамын», деген Олжас Бектенов ел азаматтарына Конс­титуция реформасын дұрыс жеткізу маңызды екенін атап өтті.

Жаңа Конституция жобасында заң мен тәртіп үстемдік құратын әділетті қоғам құру бағдарына ерекше мән беріл­ген. Мұндай ұстаным кәсіпкер­лерге де зор жауапкершілік жүктейді. Адал еңбек, кәсіпке құрмет, елге жанашырлық сияқты құндылықтар алдыңғы қатарға шығады. Әділдік пен заңдылық қағидаттарын конституциялық деңгейде бекіту мемлекет пен бизнес арасында сенімге құрылған ұзақмерзімді серіктестік ортаны қалыптастыруға жол ашады.

Кеңес барысында жаңа салық ережелерін кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды. Қатысушылар салық төлеушілерге арналған өтпелі кезеңнің тетіктеріне, әкімшілен­діру­дің қолайлы үлгілеріне тоқталды. Кәсіпкерлердің жаңа талаптарға ауыртпалықсыз бейімделуіне бір­қатар шешім қабылданған. Үкіметтің қаулысымен шағын әрі микробизнес, жекелеген жағдайларды қоспағанда, биылғы 1 қаңтарға дейін тексерулерден, камералдық бақылаудан, әкімші­лік жауапкершіліктен босатылды. Биыл 1 сәуірге дейін берешек өтелген жағ­дай­да өсімпұлдар мен айыппұлдар­ды есеп­тен шығару тәртібі қолданылады. Қызметті тоқтату не жабу рәсімдері де қайта қаралған. Жыл аяғына дейін шағын және микробизнеске өтпелі кезең енгізілді, қателер үшін өсімпұлдар мен айыппұлдар алынбайды.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бір мезетте 250 мыңға дейін салық төлеушіге қызмет көрсете алатын Жобалық кеңсе жұмысы туралы баяндады. Кеңсе «бірыңғай терезе» қағидатымен жұмыс істеп, өтініштерді жедел қарауға мүмкіндік береді. Кейінгі үш аптада сұраныстар ағыны 19,5 мың­нан 7,1 мыңға дейін азайғаны техника­лық үдерістердің тұрақтанғанын аңғар­та­ды. «Халық бухгалтері» акциясына 17 мың­нан аса салық төлеуші қатыс­қан. Салық жүйесінде тіркелген азаматтар мен бизнес санының өскені байқалады. Жыл басынан бері 41,2 мың адам қайта есепке тұрған. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа режім бұған дейін тіркелмеген 187,2 мыңнан астам адамды заңды ортаға шығарды.

Бизнесті қаржылай қолдау шаралары да күшейіп келеді. Былтыр қолданыстағы бағдарламалар аясында жалпы құны 365 млрд теңгеге жуық 3,4 мың шағын және орта бизнес жобасы субсидияланған. Бұл нақты сектордың белсенділігін арттыруға бағытталған қадам ретінде бағаланады.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының төралқа төрағасы Қанат Шар­лапаев мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды нығайту жұмысы туралы мәлімет берді. Палата орта әрі ірі бизнес арасынан ішкі инвесторларды дамытуға басымдық береді. Кеңейтуге не жаңғыртуға дайын кәсіпорындардың ин­вестициялық жобаларының пулы жа­сақ­талып жатыр. Палата басқармасы төр­аға­сының орынбасары Тимур Жар­кенов жаңа Салық кодексіне қатысты биз­­нес-қоғамдастықтың ұстанымын жет­кізіп, арнайы салық режімі мен денсау­лық сақтау секторына салық салу тәсіл­дерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтты.

Кеңесте отандық тауар өндірушілер тізілімін іске қосу мәселесі де қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жүйеде 5 608 компания тіркелгенін, 13 533 өтінім беріл­генін хабарлады. Палата басқармасы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Шоқанов жаңа цифрлық жүйеге үздіксіз көшуге бұрын берілген индустриялық сертификаттардың 1 924 иесі автоматты түрде тізілімге енгізілгенін айтты. Күн сайын бұл базаға жүзге жуық өндіруші қосылады.

Бизнес өкілдері атынан «Алматы бояулары» серіктестігінің директоры Римма Салықова мен «Қазэлектромаш» серіктестігінің директоры Виталий Распопин ұсыныстары мен сұрақтарын жеткізді. Олар шағын және орта бизнес­пен өзара іс-қимыл, мемлекеттік сатып алу тәжірибесі, салалық талаптарды ескере отырып, салықтық әкімшілендірудің жекелеген тұстарын жетілдіру қажет­тігін көтерді. Кәсіпорындарды өндірістік цикл деңгейі мен ауқымына қарай санаттарға бөлу, мемлекеттік қолдау шараларын локализация мен инвес­тиция көлеміне тәуелді ету, тізілімдегі өнімдерді цифрлық бақылауды нақтылау жайы да қозғалды.

Премьер-министр айтылған бас­тамаларға қатысты пікір білдіріп, мем­лекеттік органдарға «Атамекен» пала­тасымен бірлесіп, ұсыныстарды жан-жақты пысықтауды тапсырды. Қабыл­данатын шешімдер тұрақты өсімді қам­тамасыз етуге, нақты секторды нығайтуға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға қызмет етуге тиіс екені баса айтылды. Мұның бәрі мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді күшейтіп, ұзақмерзімді серіктестікті орнықтыруға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар

Әлеуметтік сала: ілгерілеу мен іркілістер

Саясат • Бүгін, 10:00

Мүмкіндігі шектеулі балаларға – ерекше назар

Қоғам • Бүгін, 09:50

Арандатудан сақ болған жөн

Пікір • Бүгін, 09:40

Елдік көзқарастың қалыптасуы маңызды

Пікір • Бүгін, 09:30

Жаңа жоба – қоғам талқысында

Реформа • Бүгін, 09:20

Қазақстан – Беларусь: Парламентаралық ынтымақтастық нығайып келеді

Саясат • Бүгін, 09:15

Марат Сұлтанғазиев: Аймақты жан-жақты дамыту – басым бағытымыз

Аймақтар • Бүгін, 09:10

Конституциялық реформа бизнестің де өрісін кеңейтеді

Саясат • Бүгін, 09:05

Донор мен дотация: Өңірлерді өркендету бағдары қалай өзгереді?

Экономика • Бүгін, 09:00

«Е-АӨК» платформасы іске қосылады

Шаруашылық • Бүгін, 08:58

Креативті индустрия туралы заң қаралды

Үкімет • Бүгін, 08:55

Шоттың да сұрауы бар

Экономика • Бүгін, 08:50

Кәсіп бастағандарға – 400 млн теңге

Бизнес • Бүгін, 08:45

Ақиық ақынды шетел оқырманы қалай бағалайды?

Әдебиет • Бүгін, 08:40

Аққу әйгілеген ақиқат

Әдебиет • Бүгін, 08:35

Барлық жаңалықтар

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью