Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Конференцияның ашылуында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жаңа Конституцияның қоғам дамуына тың серпін бергенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны құқықтық нормалар жиынтығы ғана емес, елдің даму құндылықтары мен стратегиялық бағытын айқындайтын қоғамдық келісімнің негізі ретінде бағалайды.
«Президент Конституцияның мызғымас болуы мықты мемлекеттің, заң үстемдігі мен әділетті қоғамның басты кепілі екенін бірнеше рет атап өтті», – деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң өзгерістер жүргізіліп жатқан реформалардың нақты нәтижесі екенін айтты. Оның сөзінше, Қостанай облысы ұлттық мақсаттарға қол жеткізуге елеулі үлес қосып келеді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы, инвестиция көлемінің артуы және инфрақұрылымның жаңғыртылуы нәтижесінде өңір соңғы үш жыл бойы тұрақты өсімді сақтап, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша еліміздің үздік он өңірінің қатарына енді.
Аймақ басшысы алдағы реформаларды табысты жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс пен уақыт қажет екенін, сондай-ақ әрбір азаматтың жоғары жауапкершілігі ерекше маңызға ие екеніне тоқталды. «Әділетті әрі қуатты мемлекет құру Конституцияны құрметтеуден, заң талаптарын бұлжытпай орындаудан және әр азаматтың белсенді азаматтық ұстанымынан басталады», – деді Құмар Ақсақалов.
Конституциялық комиссия мүшесі, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ реформалардың жүзеге асырылу кезеңдеріне жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, алғашқы кезеңде жаңа Конституция талаптарына сәйкес келетін құқықтық база қалыптастырылып, маңызды конституциялық заңдар қабылданды. Қазір реформалар екінші кезеңге өтіп, жаңа конституциялық модель мемлекеттік басқару жүйесінде нақты жүзеге асырылып жатыр.
«Қазір реформа екінші кезеңге өтті. Енді жаңа конституциялық модель мемлекеттік басқару жүйесінде нақты іске асырылып жатыр», – деді заң ғылымдарының докторы.
Конституциялық комиссия мүшесі, республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев Конституциядағы бірқатар өзгерістің тарихи әрі құқықтық мәніне тоқталды. Оның айтуынша, жаңа редакциядағы әрбір тұжырымның астарында мемлекет тарихы мен ұлттық сабақтастық жатыр.
«Бұрынғы Конституцияда «мемлекеттілігімізді құра отырып» делінсе, жаңа редакцияда «мемлекеттілігімізді нығайта отырып» деген тұжырым қолданылды. Бұл – қазақ мемлекеттілігінің ғасырлар бойғы тарихын мойындайтын маңызды құқықтық ұстаным», – деді ол.
Сонымен қатар спикер білім беру ұйымдарының зайырлы сипатының Конституция деңгейінде бекітілуі мен адвокатура институтының конституциялық мәртебеге ие болуы азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтетін маңызды қадам екенін атап өтті.
Конференция барысында цифрлық қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау мәселелері де көтерілді. Цифрлық құқық жөніндегі сарапшы Екатерина Смышляева жаңа заңнамалық өзгерістер азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғауға бағытталғанын айтты.
«Азаматтар өздерінің қандай жеке деректері интернетте ашық қолжетімділікте жүргенін арнайы мемлекеттік сервис арқылы тексере алады. Сонымен қатар биометриялық мәліметтерді қорғау талаптары күшейтіледі», – деп атап өтті.
Өңірлік басқару мәселелеріне тоқталған облыстық мәслихаттың төрағасы, Конституциялық комиссия мүшесі Сайлаубек Ещанов жаңа Конституция халық еркіне негізделген ел дамуының жаңа моделін қалыптастырғанын атап өтті.
«Кез келген Конституцияның тиімділігі тек оның мәтінімен ғана емес, күнделікті өмірде қаншалықты жүзеге асатындығымен өлшенеді. Біздің ортақ міндетіміз – жаңа заңды өмірлік тәжірибеге енгізіп, құқықтық мемлекетті ілгерілету», – деді ол.
Конференцияның ғылыми бөлімінде жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары мен заңтанушы ғалымдар конституциялық реформалардың ғылыми-құқықтық негіздері жөнінде баяндамалар жасады. Сарапшылар Конституцияның мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі, құқық қолдану тәжірибесін дамытудағы және заң үстемдігін қамтамасыз етудегі орны туралы өз зерттеулерін ортаға салды.
Жиын қорытындысында қатысушылар жаңа Конституцияның тиімділігі оның құқықтық нормаларымен ғана емес, олардың қоғам өмірінде нақты жүзеге асырылуымен өлшенетінін атап өтті. Заңды құрметтеу, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыру – әділетті әрі қуатты Қазақстанды қалыптастырудың басты кепілі екені айтылды.
М.Төлеу