Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Сонымен қатар кейбір оппоненттер жаңа Конституция жобасы билікті абсолюттендіруге негіз қалайды деп табандап айтуда. Бірқатар сыншы конституциялық жаңалықтардың мәніне үңілмей, 1995 жылғы Конституциядан өзгеріссіз көшірілген және ондаған жыл бойы қарсылық тудырмаған нормалардан құқықтар мен бостандықтарға қауіп төніп тұр деп санайды. Бұл екі тәсілге де ортақ бір кемшілік бар: конституциялық құқық пен конституциялық құрылыстың халықаралық стандарттарын жүйелі түсіну тапшылығы.
Конституциялық құрылыстың халықаралық деңгейде танылған стандарттарына сәйкес, Конституцияның функциясы – билік институттарын қалыптастыру және мемлекеттік өкілеттіктерді кім, қалай және қандай мақсатта жүзеге асыратынын айқындау. 1995 жылғы Конституция да, 2026 жылғы жоба да тұтастай алғанда осы стандарттарға сәйкес келеді және құқықтар мен бостандықтардың кең тізімін, билікті бөлу принципін, Конституцияның үстемдігін және сот бақылауы жүйесін қамтиды. Қазақстан 1995 жылдан бастап нормаларды заңды түрде міндеттейтін және сот арқылы қорғалатын ережелерге айналдыратын құқықтық конституция моделін формалды түрде таңдады. Алайда іс жүзінде конституциялық принциптер көбіне жалаң мәлімдеме күйінде қалып келді.
1995 жылғы Конституцияға объективті талдау жасау негізгі кемшіліктерді төрт бағыт бойынша жүйелеуге мүмкіндік береді. Бірінші: Конституциялық мәтінді құрал ретінде пайдалану. Конституция толыққанды қоғамдық шарт емес, саяси легитимділік құралы ретінде жүйелі түрде пайдаланылды. Бейресми билік иерархиясы (шешімдерді құқықтық нормалар негізінде емес, бейресми келісімдер негізінде қабылдау тәжірибесі) конституциялық принциптер мен нормаларды сәндік элементке айналдырды. Құқық үстемдігі декларация күйінде қалды, сот жүйесінің тәуелсіздігі шартты болды, ал парламенттік бақылау әлсіреді.
Екінші: жинақталған түзетулердің жүйесіздігі. 30 жыл бойы жиі енгізілген пакеттік түзетулер конституциялық мәтіннің жүйелілігін бұзды. 91-баптың тарихы бұған айқын мысал: 2017 жылы «өзгертілмейтін» ережелер тізіміне Тұңғыш Президент – Елбасы мәртебесін енгізу «мәңгілік клаузулалардың» мызғымастық принципін бұзды және құқықтық екіұштылық жағдай тудырды. Бұл конституциялық архитектураның ішкі қайшылығын ашып көрсетті және оны тұтастай қайта қарау қажеттілігін растады.
Үшінші: декларация мен іске асыру механизмі арасындағы алшақтық. Кейбір өзгерістер – табиғи ресурстарға халықтың меншігін бекіту, азаматтардың құқықтарын кеңейту нақты құқықтық қолдану тетіктерімен қамтамасыз етілмеді. Билік берген конституциялық уәделер заң деңгейіндегі олқылықтар мен атқарушы органдарға шексіз өкілеттік беретін сілтемелік нормалар арқылы бөгеліп отырды.
Төртінші: Конституцияның әлеуметтік реттеу құралы ретіндегі шектеулілігі. Конституция өздігінен жемқорлық, экономикалық дағдарыс немесе әлеуметтік әділетсіздік мәселелерін шеше алмайды, ол тек мемлекеттік саясаттың тиімді болуына мүмкіндік беретін институционалдық негіз қалайды. Халықтың әл-ауқатын жақсарту Негізгі заңның мазмұнына ғана емес, құқық қолдану сапасына және саяси жауапкершілік деңгейіне байланысты.
Осы төрт кемшіліктің жиынтығы мемлекеттің қоғамдық қайшылықтарды шешу қабілетін төмендетіп, шынайы жаңа қоғамдық шартқа және нәтижесінде – жедел әрекет ететін, бір мандатты Парламентке деген сұранысты қалыптастырды.
Принципиалды жаңа Конституцияны қабылдау саяси режим өзгергенде, легитимділік дағдарысы туындағанда, «мәңгілік клаузулалар» бұзылғанда немесе қоғам тарапынан жаңа қоғамдық шартқа сұраныс туындауымен негізделеді. Қазақстандық контексте осы төрт негіз де бар. 2022 жылғы реформа 91-баптағы «мәңгілік клаузулалардың» мызғымастық принципін бұзды; жинақталған түзетулердің жүйелік сәйкессіздігі Негізгі заң архитектурасын тұтастай қайта пайымдауды талап етеді; 2022 жылғы қаңтар оқиғалары жаңа қоғамдық шартқа деген сұраныстың қалыптасуын жеделдетті; түптеп келгенде, қалыптасқан конституциялық дизайн тиімді мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ету қабілетінен айырылды.
2022 жылы Тұңғыш Президенттің мәртебесі туралы ереже бүкілхалықтық референдум арқылы алынып тасталды, бұл мынаны айқын дәлелдеді: тіпті билік элементтеріне абсолютті сипат беру әрекеті оларды халықтық егемендік шегінен шығара алмайды. Ережелердің формалды өзгермейтіні емес, оларды қайта қарау мүмкіндігі биліктің абсолюттенуіне қарсы іргелі кепілдік болады. 2026 жылғы қазақстандық конституциялық сәтті алғашқы конституциялық құрылыс ретінде емес, «реанимациялық кезең» – бекітілген демократиялық принциптерді қалпына келтіру және олардың шынайы қолданылуын қамтамасыз ету ретінде қарастыру керек.
Референдум конституциялық легитимация құралы ретінде айқын артықшылықтарға ие: ол Негізгі заңға халықтық заңдылық береді және іргелі нормаларды уақытша саяси көпшіліктің ерікті өзгертулерінен қорғайды. Сонымен қатар елеулі тәуекелдер де бар: азаматтардың электоралдық белсенділігіне жасанды кедергілер жасалған жағдайда, халықтың формалды қатысуы шынайы халық еркін білдірудің толықтығын әлсіретіп алу қаупін тудырады. Сондықтан да қазіргі сәттің негізгі міндеті – азаматтардың назарын ақпараттық шу тудыратын, қоғамды адастыратын және мазмұнды диалогты манипуляциялық риторикамен алмастыратын популистік ұрандарға аударуға жол бермеу, керісінше, Конституцияның дұрыс демократиялық негізіне назар аударып, пікірсайыстарды құқықтық іске асыру тетіктеріне бағыттау.
2026 жылғы Конституция жобасы үш өзара байланысты бағыт бойынша институционалдық жаңғырту үшін нақты мүмкіндіктер береді. Реанимациялық кезеңнің орталық институты – Конституциялық Сот. Ол заң шығарушы және атқарушы актілерді жүйелі конституциялық бақылау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және дәйекті конституциялық-құқықтық доктринаны қалыптастыру арқылы Негізгі заңның шынайы сақшысына айналуға тиіс. Конституциялық Соттың тек нормативтік құқықтық актілердің мазмұнын ғана емес, сонымен қатар азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзатын жария билік актілерін де бақылауы маңызды мазмұнға ие, бұл азаматтарды конституциялық-құқықтық қорғаудың ең маңызды бағытын құрайды.
Екінші басымдық – Парламент және заңнамалық қамтамасыз ету. Конституция нормативтік жақтауларды құрайды; олардың шынайы мазмұны қабылданатын заңдардың сапасына байланысты. Парламент – ең алдымен парламенттік бақылау, табиғи ресурстардың ашықтығы және азаматтардың құқықтарын қорғау саласында конституциялық принциптерді жүзеге асыратын заңдар пакетін қабылдауы керек. Халықтық бақылаудың негізгі құралдарының бірі – қазақтың халық жиналысы дәстүрлеріне сүйенетін институт – Құрылтай туралы конституциялық заң болуға тиіс. Құрылтайдың сәндік емес, нақты өкілеттіктерге ие болуы принципті түрде маңызды: әрбір заң жобасына Үкіметтің рұқсатымен шектелмейтін заң шығару бастамасы құқығы; заңның орындалуы бойынша атқарушы билік органдарына тиімді сұрау салу құқығы; азаматтық мониторинг нәтижелері бойынша парламенттік тергеулерді бастау құқығы.
Үшінші басымдық – Цифрлық Парламент күнделікті халықтық егемендік құралы ретінде. Қоғамдық тыңдаулардың ағымдағы дәстүрлі механизмдері азаматтардың заң шығармашылығына тек формалды қатысуын ғана қамтамасыз етеді. Азаматтарға заң шығару қызметіне нақты ықпал ету тетіктерін ұсынатын цифрлық платформа құру қажет: жасанды интеллектіні пайдалана отырып заң жобаларына тәуелсіз құқықтық талдау жасау, нақты түзетулер ұсыну және заң мәтіндерін жазу құралдары, заң нормаларының орындалуын және қоғамдық қатынастарға тиімді әсерін тексеру мақсатында олардың реттеушілік тиімділігіне нақты бағалау. Мемлекет басшысы 2025 жылғы 14 қазанда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысында атап өткендей: «Мүмкін, жақын арада e-Parliament елімізде қазіргі e-Gov сияқты танымал құралға айналар». Цифрлық Парламент құру – бұл технологиялық жоба емес, институционалдық реформа: халықтық егемендікті конституциялық декларациядан азаматтық қатысудың күнделікті жұмыс істейтін құралына айналдыру.
Азаматтардың референдумда жаңа Конституцияны алдағы уақытта мақұлдауы – бұл конституциялық құрылыстың аяқталуы емес, оның ең күрделі практикалық іске асыру фазасының басталуы. Дәл осы кезеңде 2026 жылғы Конституцияның шынайы институционалдық жаңғырту құралына айналу, айналмауы анықталады. Бүгінде қоғам алдында тұрған мақсат – жобаны декларативті түрде сынау емес, құқық қолдану тетіктеріне шоғырлану: азаматтардың әл-ауқаты Конституция мәтінімен емес, құқық қолдану сапасымен, соттардың тәуелсіздігімен және биліктің халық алдындағы шынайы жауапкершілігімен айқындалады.
Қанатбек САФИНОВ,
заң ғылымдарының докторы,
профессор, Мемлекеттік
басқару және құқық
институтының директоры