Конституцияны институционалды құқықтық тұрғыда жетілдіру қажет Жаннұр Исина

06.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

- Қазіргі кезеңде конституциялық реформалар мемлекеттердің саяси жаңғыруының негізгі құралдарының біріне айналып отыр. Конституцияға енгізілетін өзгерістер де елдің саяси-құқықтық жүйесін трансформациялауға бағытталған институционалдық қадам деп айта аламыз. Жаңартылған Конституция халықаралық конституционализмнің заманауи үрдістерімен үндесетін, бірақ ұлттық саяси-құқықтық ерекшеліктерді сақтауға бағытталған құжат ретінде бағалануы мүмкін. Атап айтқанда, Конституция мәтінінде құқық үстемдігі, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, мемлекеттік жауапкершілік және құндылықтық бағдар айқын көрініс тапқан, - деді ғалым.

Оның айтуынша, халықаралық конституционализм теориясы мемлекет дамуының әр кезеңінде негізгі заңның қайта қаралуын табиғи құбылыс ретінде бағалайды. Неоконституционализм тұжырымдамасына сәйкес, Конституция тек билік құрылымын айқындайтын құқықтық акт емес, сонымен қатар қоғамның негізгі құндылықтарын бекітетін саяси-әлеуметтік келісім. Қазақстан Конституциясының жаңартылған редакциясында құқық үстемдігі, әлеуметтік жауапкершілік, адам құқықтарының басымдығы және ұлттық бірегейлік мәселелерінің айқындалуы осы теориялық бағытпен үйлеседі.

- Қазақстан Конституциясы унитарлық және президенттік басқару моделін сақтай отырып, билік тармақтарының өзара іс-қимылын реттеуге ұмтылады. Халықаралық тәжірибеде (Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея) президенттік немесе жартылай президенттік модельдерде билік тепе-теңдігін қамтамасыз ету негізгі мәселе. Қазақстан жағдайында президенттік өкілеттіктердің бір реттік мерзіммен шектелуі саяси биліктің институционалдық сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған оң қадам ретінде бағаланады. Сонымен қатар, заң шығарушы және атқарушы билік арасындағы нақты тепе-теңдіктің қалыптасуы әлі де саяси практика арқылы айқындалуы тиіс. Конституцияда бекітілген нормалардың тиімділігі олардың формалды бекітілуімен емес, нақты іске асу тетіктерімен өлшенеді. Осы тұрғыда парламенттік бақылау институттарының дербестігі мен ықпалы ерекше маңызға ие, - деді ол.

Жаннұр Исина жаңартылған Конституцияны институционалды-құқықтық тұрғыда жетілдіру қажет деп есептейді. Сондықтан ол 7-баптың 1 тармағын «Дін бостандығын сақтай отырып, экстремизм мен дискриминацияға жол бермеу» деп жазу керек деп есептейді.

- 9-баптың қазіргі редакциясында Қазақстанның тарихи-әлеуметтік шындығы ескерілген, алайда, мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесін күшейту мәселесі өзекті, - деді ол.

Осыған орай ол 9-бапты былай жазуды ұсынады:

1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі.

2. Мемлекеттік тіл мемлекеттік басқару, сот ісін жүргізу, заң шығару және ресми іс-қағаздарының негізгі тілі болып табылады.

3. Басқа тілдер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қажеттілік пен жағдайларда қолданылады.

4. Мемлекет Қазақстан халқының барлық тілдерін сақтауға және дамытуға жағдай жасайды.

- Тілге қатысты конституциялық нормалар мемлекеттің идеологиялық емес, интеграциялық функциясын күшейтуі қажет. Берілген ұсыныс құқықтық тұрғыдан: мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесін әлсіретпейді; көпэтносты қоғамдағы тілдік тепе-теңдікті сақтайды,- деді ғалым.

Мұнан бөлек ғалым Құрылтайды заң шығарушы орган ретінде бекіту — институционалдық жаңашылдық екендігін айтады.

- Алайда Құрылтай мен Президент өкілеттіктерінің шектері нақты ажыратылмаса, қосарланған легитимдік (dual legitimacy) мәселесі туындауы мүмкін. Ұсынысым, 46-бапта Президенттің Құрылтайды тарату өкілеттігін қосымша бақылау механизмдерімен нақтылау, ал 56-бапта Құрылтайдың бақылау функцияларын күшейту керек. Ұсынылған баптық түзетулер мемлекеттік тілдің қолданылуы, адам құқықтары, білім мен ғылым, экономикалық құқықтар, дін бостандығы және мемлекеттік басқару салаларында нақты әрі ғылыми негізделген нормаларды енгізуге бағытталған, - деді Жаннұр Исина.

Осыған дейін заңгер Серік Ақылбай жаңа Конституцияның мемлекеттің стратегиялық дамуының іргетасы екенін айтқан болатын.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью