Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
− 1-бапты жаңа тармақпен толықтырып, онда «Қазақстан Республикасы адами капиталды, білім беруді, ғылымды, инновацияларды және мәдениетті мемлекет қызметінің стратегиялық негізі деп таниды» деп бекіту ұсынылады. Бұл түзету Конституцияға айқын стратегиялық бағдар береді, яғни мемлекет өзінің орнықты дамуы тек экономикалық ресурстарға ғана емес, ең алдымен адамға, оның біліміне, дағдыларына және мүмкіндіктеріне сүйенетінін көрсетеді, − деді С.Имашева елордада өтіп жатқан Конституциялық комиссия отырысында.
Бұл сондай-ақ бюджеттік саясатты қалыптастыруда, мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды әзірлеу кезінде мемлекет білім сапасын нығайту, ғылым мен технологияларды қолдау, мәдени ортаны дамыту және әрбір азаматтың әлеуетін ашуға жағдай жасау қажеттілігін басшылыққа алуы керегін білдіреді.
Оған қоса, 1-баптағы «өзін орнықтырады» деген тұжырымды алып тастауды ұсынды. Айтуынша, бұл жай ғана редакциялық түзету емес, оның мазмұндық сипаты бар.
− Конституциялық құрылыстың негіздерін айқындауда «өзін орнықтырады» деген тіркестің қолданылуы нормаға декларативтік реңк беріп, оны екіұшты түсіндіруге жол ашады. Соның ішінде, бұл мемлекеттің белгіленген құқықтық мәртебесін емес, белгілі бір процесті немесе ниетті білдіретіндей қабылдануы мүмкін. Ұсынылып отырған түзету Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретіндегі белгілерін конституциялық тұрғыда бекітілген факт ретінде айқындайды. Бұл мемлекеттік құрылымның негіздерін айқындайтын нормалардың табиғатына сай келеді және олардың нормативтік айқындығын арттырады. Декларативтік форманы алып тастау норманың тікелей әрекетін күшейтеді және оны қолдануда бірыңғай тәсілдер қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан біз өзімізді орнықтырмаймыз, ешкімге ештеңе дәлелдемейміз, − деді Мәжіліс депутаты.
Бұған дейін Снежанна Имашева Конституцияның «Жалпы ережелер» атты бірінші бөлімінің атауын «Конституциялық құрылыс негіздері» деп өзгертуді ұсынған еді.