Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Оның айтуынша, еліміздің заңгерлер қауымында ұзақ уақыттан бері Конституцияның қазақ тіліндегі мәтініне қатысты бірқатар өзекті мәселе көтеріліп келген. Осыған байланысты университет профессорлары e-Otinish платформасы арқылы нақты ұсыныстар жолдап, олардың негізінде Ата заңның қазақ тіліндегі мәтінімен жұмыс істейтін арнайы топ құрылып, жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізілген.
— Комиссияның алғашқы отырысында бұл мәселелерді арнайы көтеріп, терминология мен заң тілінің сапасына ерекше назар аудару қажеттігін атап өткен едім. Конституциялық комиссия мүшесі ретінде ұсынылған мәтінді әріптестерімізбен бірге жан-жақты қарап шықтық. Енгізілген ұсыныстар жаңа Конституция жобасында ескерусіз қалған жоқ, — деді Нәрікбаев Талғат.
Оның сөзінше, ең алдымен комиссияның алғашқы отырысында көтерілген терминдердің бірізділігі мәселесі шешімін тапқан. Бұған дейін қолданыстағы Конституция мәтінінде «құқылы», «хақылы», «құқығы бар», «құқығы жоқ», «хақысы бар» сияқты ұғымдар әртүрлі контексте қолданылып, заңгерлер тарапынан жиі сынға ұшырап келген. Ал жаңа мәтінде бұл терминдер мағынасына қарай жүйеленіп, бірізді қолданылған.
Соның нәтижесінде Конституцияның қазақ тіліндегі мәтіні тілдік тұрғыдан жеңілдеп, мазмұндық жағынан азаматтарға анағұрлым түсінікті бола түскен. Бұрынғы редакцияда жиі кездесетін «болып табылады», «жүзеге асырады» секілді калькалық құрылымдар айтарлықтай қысқартылып, тек орынды әрі тілдік үйлесімі сақталған жағдайда ғана берілген.
Сонымен қатар терминологияны қалыптастыру барысында қазақ тілінің ішкі заңдылықтары мен ерекшеліктері ескерілген. Мәселен, бұрын «қызметке тағайындайды» деп аударылып келген тіркес жаңа мәтінде ықшамдалып, нақты «тағайындайды» түрінде қолданылған. Бұл — заң тілін жеңілдетумен қатар, құқықтық нақтылықты күшейтуге мүмкіндік береді.
— Жалпы атқарылған жұмыс Конституцияның қазақ тіліндегі мәтінін түсінікті, жүйелі әрі құқықтық тұрғыдан дәл қалыптастыруға мүмкіндік берді деп есептеймін. Осы бағытта еңбек еткен барлық әріптестерімізге зор алғысымды білдіремін, — деп түйіндеді Конституциялық комиссия мүшесі.
Айта кетейік, Ерлан Қарин Конституциямыз ел тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде жазылып жатқанын айтты.