Көп ұйықтаса да, шаршай береді : ғалымдар депрессияның ерекше түрін анықтады

23.10.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Аустралия ғалымдары депрессияның адамның биологиялық сағатының бұзылуымен байланысты ерекше түрін анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Мұндай адамдар көбіне түнде кеш ұйықтап, таңертең оянуға қиналады және жеткілікті демалғаннан кейін де шаршағанын сезінуі мүмкін. Зерттеушілер бұл ерекшелік депрессияны емдеу тәсілдерін таңдауға әсер етуі ықтимал екенін айтады. Ғылыми жұмыс The British Journal of Psychiatry журналында жарияланды.

Сидней университетінің мамандары депрессияға шалдыққан 11 380 адамның медициналық және генетикалық деректерін зерттеген. Қатысушылардың ұйқы тәртібі, көңіл күйінің өзгеруі, ауру белгілері және қабылдаған емінің нәтижелері талданған. Ғалымдар олардың 23 пайызында, яғни 2604 адамда, биологиялық сағаттың бұзылуымен байланысты белгілер анықталғанын хабарлады. Бұл топтағы адамдардың ұйқы мен сергектік тәртібі өзгеше болған және кейбірінде депрессия белгілері жыл мезгіліне қарай күшейген.

Адам ағзасында ұйқыны, дене температурасын, гормондардың бөлінуін және тәуліктік белсенділікті реттейтін ішкі биологиялық жүйе бар. Ол циркадтық ырғақ деп аталады. Әдетте бұл жүйе күн мен түннің ауысуына бейімделеді. Ал оның жұмысы бұзылғанда адам түнде ұйықтай алмай, күндіз шаршауы мүмкін. Ғалымдар осындай өзгерістердің депрессияның белгілі бір түрімен байланысын зерттеген.

Зерттеу барысында биологиялық сағаты бұзылған қатысушылардың кейбір антидепрессанттардан күткен нәтижеге жете алмағаны және дәрілердің жанама әсерлеріне жиірек шағымданғаны анықталған. Зерттеушілер мұны депрессияның барлық түрін бірдей тәсілмен емдеу әрдайым тиімді бола бермейтінінің белгісі ретінде қарастырады. Олардың пікірінше, науқастың ұйқы тәртібі мен тәуліктік белсенділігін ескеру емдеу нәтижесін жақсартуға көмектесуі мүмкін.

Ғалымдар болашақта жарық терапиясы, ұйқы тәртібін реттеу және биологиялық сағатқа әсер ететін басқа да тәсілдерді зерттеу қажет екенін атап өтті. Бірақ депрессияның циркадтық түрі әзірге жеке диагноз ретінде ресми бекітілген жоқ. Зерттеу нәтижелері мұндай ерекшеліктің бар екенін көрсеткенімен, оның нақты себептері мен тиімді емдеу жолдарын анықтау үшін қосымша ғылыми жұмыстар қажет.

Мамандар ұйқының бұзылуы немесе таңертең шаршап ояну міндетті түрде депрессия белгісі емес екенін ескертеді. Мұндай жағдайға күйзеліс, жұмыс тәртібі, ұйқының жеткіліксіздігі және басқа да денсаулық мәселелері әсер етуі мүмкін. Сондықтан ұзақ уақыт бойы шаршау, көңіл күйдің төмендеуі және ұйқының бұзылуы қатар байқалса, дәрігерге қаралған жөн.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью