Көпестердің үйі: Петропавлда сәулет ескерткіштері реставрациядан өтеді

02.05.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

СҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану орталығының мәліметінше, Петропавлдағы Қазақстан Конституциясы көшесінде көпестерден қалған бірнеше сәулет ескерткіші бар. Солардың бірі – көпес Федоровтың үйі.

Фото: СҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану орталығы

Қазіргі уақытта бұл ғимарат жекеменшікте болғанымен, иесі ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр. Жобалық-сметалық құжаттама дайын, ал жұмыстарға Алматы қаласынан мамандар тартылмақ.

Қазақстан Конституция көшесі, 18 мекенжайындағы бұл үй – XIX ғасырдың соңында салынған екі қабатты кірпіш ғимарат. Ол бұрынғы Почтамт және Вознесенский көшелерінің қиылысында орналасқан. Аталған нысан сол кезеңдегі эклектика стилінің, соның ішінде «кірпіш стилі» деп аталатын бағыттың үлгісі саналады. Үйдің бірінші қабатында бильярд болды, сондай-ақ көпес жалға беріп, бұл жерде дәріхана және басқа да кәсіпкерлік нысандар орналасты. 1892 жылдан бастап мұнда пошта-телеграф кеңсесі жұмыс істеді. Кейін ғимаратты бірінші гильдиялы көпес Григорий Казанцев сатып алған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін осы жерде губерниялық АХАЖ және қонақүй орналасты. 

Фото: СҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану орталығы

Су құбыры мен кәріз жүйелеріндегі ақау салдарынан ғимаратты су басып, 1979–1998 жылдары аралығында апатты жағдайда болды. Осылайша, ұзақ уақыт бойы қараусыз қалып, бос тұрды.

Қасындағы Қазақстан Конституция көшесі, 18 мекенжайындағы үй де сол кезеңнің сәулет үлгісіне жатады. 1890 жылы салынған бұл ғимарат ұлты қалмық, көпес Чукановқа тиесілі болған. Бірінші қабатын ол кәсіпкер Давыдовқа кондитер-дәмхана ашуға жалға берді. Екінші қабатында көпес отбасымен тұрды. 1917 жылы мұнда жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі орналасып, азамат соғысы кезінде ғимарат маңында қарулы қақтығыстар болған.

Фото: СҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану орталығы

Жалпы, өңірде тарихи мұраларды сақтау жұмыстары тек қала аумағымен шектелмейді.

– Аудандарға шығып, жаңа ескерткіштерді анықтап, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Биыл Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының мамандарымен бірлесіп экспедициялар ұйымдастырамыз. Сонымен қатар жергілікті археолог Плешаковты да тарту жоспарланып отыр, - дейді СҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану орталығының директоры Әли Тұрысов.

Фото: СҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану орталығы

Өңірде биыл жүзеге асатын ірі жобалардың бірі – «Қарасай және Ағынтай батырлар» мемориалдық кешенін жаңғырту. Бұл нысанда ғылыми-реставрациялық жұмыстар 2025 жылы басталды, биыл жалғасады. 

СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, жобаның құны – 250 млн теңге.

Фото: СҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану орталығы

Сондай-ақ Петропавлдағы Қазақстан Конституциясы көшесі, 48 мекенжайында орналасқан облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратында да жөндеу жұмыстары басталды.

2026 жылы осы мақсатқа 145 млн теңге бөлінді. Екі жоба бойынша да мердігер – «Маңғыстауреставрация» арнайы ғылыми-реставрациялық өндірістік шеберханасы.

Бұдан бөлек, қаладағы тарихи нысандардың бірі – Поляков диірмені де қайта жөнделіп жатыр. Болашақта ол заманауи қонақүй-мейрамхана кешеніне айналмақ. Жобаға инвесторлар тартылған. 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью