Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Павлодарда көпқабатты үйден лақтырылған мұз кесегі арбадағы үш жасар баласымен көшеде келе жатқан әйелдің басын жарды. Полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бейнежазбадан мұз кесегінің жас әйелдің басына түскенін көруге болады. Қатты соққыдан ол есеңгіреп қалып, қолындағы балалар арбасын жіберіп алады, ал арба еңіспен төмен қарай домалай жөнеледі. Жарақатына қарамастан, зардап шегуші күш жинап, арбаның соңынан жүгіріп барып, оны ұстап үлгереді.
"Арбада менің үш жасар қызым болған. Сол күні, 8 шілдеде, сағат 12:30 шамасында онымен бірге тұрғын үйлердің жанынан өтіп, дүкенге бара жатқанбыз. 5-қабаттан мұз лақтырылып, ол менің басыма тиді, қан өте көп ақты", - дейді 25 жастағы павлодарлық келіншек.
Жас әйел ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оған ми шайқалуы және бастың соғылған жарақаты диагнозын қойып, алты тігіс салды. Зардап шегуші әлі күнге дейін басы ауырып, басы айналатынын, сондай-ақ көру қабілетінде де мәселелер пайда болғанын айтады.
Қала тұрғынының айтуынша, оқиғадан кейін ауруханаға полицей келген.
"Маған бір-екі сұрақ қойды, сонымен бітті. Қылмыстық іс қозғалғаны туралы ешкім хабарлаған жоқ. Күйеуім мен інім куәгерлерді өздері іздеді. Ауладағы балалар мұзды 12 жасар қыздың лақтырғанын айтты. Мен кіреберіс алдында жедел жәрдем күтіп тұрғанда, әлгі қыз жүгіріп келіп, жарамды жуғысы келді. Мен оған тиіспеуін өтіндім. Ол мұз екінші немесе үшінші қабаттан түскен сияқты деп айтты. Мүмкін, күдікті өзінен сейілткісі келген болар", - деді зардап шегуші.
Павлодар облыстық полиция департаменті болған оқиғаға қатысты жауап берді.
"Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Бейнебақылау камераларының жазбалары алынып, зерделенді, куәгерлерден жауап алынды, сондай-ақ басқа да қажетті тергеу амалдары жүргізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, аталған дерекке қатысы бар адамды анықтау және оны жауапқа тарту бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр", - деп хабарлады полиция.
Қылмыстық іс Павлодар Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында екені атап өтілді.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу