Көркем гимнастикадан Aphrodite Cup турнирі: елордалық спортшылар Афинада топ жарды

26.03.2026

Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Ересектер арасында жекелей бағдарламада көпсайыс қорытындысы бойынша елордалық Ақмарал Ерекешева алтын медаль жеңіп алып, турнир жеңімпазы атанды. Финалда ол доппен орындалған жаттығуда екінші орын (25,800) және булавамен орындалған жаттығуда бірінші орын (28,450) алды. Тағы бір спортшымыз Айым Мейіржанова лентамен орындалған жаттығуда (26,250) қола жүлдеге қол жеткізді.

Жасөспірімдер арасында жекелей бағдарламада көпсайыс қорытындысы бойынша Астана қаласының спортшылары Анна Рубцова күміс медаль иеленсе, Айғаным Рысбек пен Анель Динишева қола жүлдегер атанды.

Фото: Астана әкімдігі

Финалдық жаттығуларда Айғаным Рысбек жоғары нәтиже көрсетіп, шығыршықпен орындалған жаттығуда алтын медаль (25,850), сондай-ақ доппен (25,850) және лентамен (25,200) орындалған жаттығуларда күміс медаль жеңіп алды.

Жасөспірімдер арасындағы топтық жаттығуларда Қазақстан құрамасы көпсайыс қорытындысы бойынша 43,55 ұпай жинап, бірінші орын иеленді. Финалда команда 5 доппен орындалған жаттығуда алтын медаль (22,150) және 5 лентамен орындалған жаттығуда күміс медаль (17,700) жеңіп алды.

Ересектер арасындағы топтық жаттығуларда да Қазақстан құрамасы 48,75 ұпай жинап, көпсайыста бірінші орын алды.

5 доппен орындалған финалдық жаттығуда команда алтын медаль (23,650) иеленді.

«Aphrodite Cup» турниріндегі Қазақстан құрамасының жалпы нәтижесі:

• Алтын – 7 медаль;

• күміс – 5 медаль;

• қола – 3 медаль.

Спортшыларды Астана қаласы әкімдігінің №1 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің қызметкерлері, атап айтқанда, аға жаттықтырушы Меруерт Балғынбаева, жаттықтырушылар Елена Фотина мен Оксана Нечитайло, хореографтар Сая Айдыс, Шыңғыс Оспанбаев және Карина Аблакова дайындады.

Бұған дейін спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасы әлем кубогын бір медальмен аяқтағанын жазған едік. 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью