Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
АСТАНА, 5 сәуір – Sputnik. Аптап ыстыққа да, аязға да төзіп, өмірінің 40 жылын геология саласына арнаған Рахат Көкеева саналы ғұмырының басым бөлігін даладағы экспедицияларда өткізді. Sputnik Қазақстан тілшісі 3 сәуір – геологтар күніне орай сала ардагерінен сұхбат алды.
Құжаттарды қолмен жазған
3 сәуірде қазба байлық арқылы ел экономикасын дамытуға үлес қосқан мамандар мерекесін атап өтеді. Солардың бірі – Рахат Көкеева. Ол 40 жылдық еңбек жолын Қазақстанның геология саласына арнаған.
© Sputnik / Айдана ДайыроваРахат Көкеева саналы ғұмырының басым бөлігін даладағы экспедицияларда өткізді
Рахат Көкеева саналы ғұмырының басым бөлігін даладағы экспедицияларда өткізді
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Қандай оқу бітірсең де, тау жұмысынан бастайсың. Мен техник мамандығынан бастадым. Бұрғылау жүргізілмес бұрын біз барлау жұмыстарын атқардық. Қай жерде алтын немесе басқа кен барын зерттедік. Бұрғылау жүргізілгеннен кейін кен алып, оны зерттеп, жазбасын дайындап, сараптамаға жіберетінбіз. Сол кезде зерттеу құжатын қолмен жазатынбыз", – деп еске алды Рахат Көкеева.
© Sputnik / Айдана ДайыроваРахат Көкеева саналы ғұмырының басым бөлігін даладағы экспедицияларда өткізді
Рахат Көкеева саналы ғұмырының басым бөлігін даладағы экспедицияларда өткізді
© Sputnik / Айдана Дайырова
Қай жерде кен бар, оның құрамы қандай – бәрін зерттейтін геологтар таң атпай далаға шығып, түн бата үйіне оралады.
"Бұл салаға шыдайтын да бар, шыдамаған да бар. Бұрын толықтай далада жүретінбіз. Жататын жеріміз – шатыр, ағаш төсекте, көрпе қапта ұйықтайтынбыз. Кейін вагондар қойыла бастады, соларда жұмыс істейтінбіз", – дейді геолог.
Геологияда нашар адам болмайды
Жезқазған облысында Саяқ деген шағын кент бар, ол жерде геологтар тұрады. Рахат Көкеева сол жердің тумасы. Әкесі де геолог, жолдасы – бұрғылаушы. Жалпы, туыстары геологтар династиясына жатады.
© Sputnik / Айдана ДайыроваРахат Көкеева саналы ғұмырының басым бөлігін даладағы экспедицияларда өткізді
Рахат Көкеева саналы ғұмырының басым бөлігін даладағы экспедицияларда өткізді
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Осы 40 жылда бірде-бір рет осы саланы неге таңдадым деп өкінбедім. Алғаш оқу бітіріп Қарағандыға барғанымда маған Татьяна Хован атты мықты маман жетекшілік етті. Көп нәрсе үйретті. Біз "Геологияда нашар адам болмайды" деп айтып жүреміз. Бұл салада барлық маман бір отбасының мүшесі сияқты. Өмір бойы жалғасқан жақсы дәстүр – бірін-бірі көре алмау немесе алауыздық болмайды. 40 жылдан кейін ғана "мен осынша қиындыққа қалай шыдадым?" деп ойландым", – дейді Рахат апай.
Австралиялықтар көп нәрсе үйретті
Рахат Тұрсымбайқызы 1996 жылды ерекше еске алады. Сол кезде австралиялық геологтар Қазақстанға келіп, жергілікті мамандармен бірге жұмыс істеген.
"Австралиялықтар Канададан бізге үш бұрғылау станогын әкелді. Сол аппақ, жұмыртқадай станоктарды көргенде таңғалдым. Ішіне кірсеңіз, бәрі өз орнында, кәдімгі үй сияқты. Бізге қажетті барлық құрал-жабдық бар. Бұған дейін мұндай жағдай болған емес. Оларда ешқандай проблема болмайтын, не нәрсені сұрасаң да өз тілінде "проблема жоқ" деп шешіп беретін. Біз бұрын компьютер емес, баспа машинкамен жұмыс істейтінбіз. Олар бізге көп нәрсе үйретті", – дейді Рахат Көкеева.
© Sputnik / Айдана ДайыроваРахат Көкеева саналы ғұмырының басым бөлігін даладағы экспедицияларда өткізді
Рахат Көкеева саналы ғұмырының басым бөлігін даладағы экспедицияларда өткізді
© Sputnik / Айдана Дайырова
Австралиялықтар кейін Қазақстандық геологтарға керн қоймасын жасап беріп, жұмысшылардың жағдайын жақсартқан.
Рахат апайдың тұңғышы – егіз. Өмірінде де, еңбек жолында да жолдасының еңбегі зор. Қазіргі уақытта олар үш қызды тәрбиелеп отыр.
"Қазір кеңседе жұмыс істеймін, бірақ далаға барғым келеді. Даладағы қарбалас тірлікті аңсаймын. Кеңседе отырғаннан көрі, даладағы кен қазу жұмыстары ұнайды", – дейді ол.
Геология министрлігі керек
"Қазір шетелдік компаниялар көп, оны біздің компаниялар жүргізсе, Қазақстанның қойнауындағы байлық өзімізде қалса деймін. Қазіргі уақытта біз құрылыс және өнеркәсіп министрлігінде жұмыс істейміз. Бұған дейін басқа министрлікте болдық. Неге бізге жеке министрлік құрмасқа? Басқа министрліктің қол астында болғандықтан, бөлінетін бюджет аз. Сол себепті Қазақстанда геология министрлігін құрса деймін. Бұл тек менің емес, барлық геологтың арманы", – дейді Рахат Көкеева.
Айта кетері, Қазақстанда былтыр бірінші рет "Жұмысшы мамандықтар жылы" аясында геологтар еленіп, президенттің қолынан марапат алды. Рахат Көкееваға президент "Құрмет орденін" тақты. Ардагердің еңбегі бұған дейін де министрлік тарапынан бағаланған болатын.