Көше шамдарын шығаратын кәсіпорын

10.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Өндіріс цехының есігі ашылған сәттен бастап мұндағы жұ­мыс­­тың қарқыны бірден байқалады. Бір жерде электрондық платалар тексеріліп жатса, енді бір тұста шам корпустары құ­рас­­тырылып жатыр. Қабырға бойымен тізіл­­­ген дайын өнімдер жақын күндері қала көше­леріне орнатылады.

2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Led Solutions» бүгінде жарық диод­ты шамдар шығаратын ірі өндіріс орын­да­рының біріне айналған. Кәсіпорында 60-тан астам адам еңбек етеді. Өнімдері елор­дамен ғана шектелмейді. Алматы, Атырау, Қонаев секілді қалалардан да тұ­рақ­­ты тапсырыс түседі.

Коммерциялық директор Нұрлан Расу­лов­тың айтуынша, кәсіпорын тек шам шы­ғарып қоймайды, оны орнату мен кейінгі қызмет көрсету жұмыстарына да қатысады. «Біздің негізгі бағытымыз – диодты жарықтандырғыштар өндіру. Өнім­де­ріміз қала көшелерінде, мектептерде, түрлі әлеуметтік нысандарда қол­данылады. Тапсырыстар еліміздің көптеген өңі­рінен келеді. Орнатылған жүйелердің жұмысын да өзіміз бақылап отырамыз», дейді ол.

Цех ішінде жүргенде бұл жұмыстың жай ғана құрастыру емес екенін түсінесің. Мұнда әр бөлшек бірнеше кезеңнен өтеді. Элек­трондық сызбалар дайындалады, плата­ларға элементтер орнатылады, тексеріледі, кейін арнайы корпустарға жинақталады.

Осы жұмыстардың басы-қасында жүр­ген­д­ердің бірі – электроинженер Әлімжан Маратов. Жас маман Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің физика-техникалық фа­куль­­тетін тәмамдаған соң, еңбек жолын осы кәсіпорында бастапты.

«Университетті 2023 жылы бітіріп, бірден жұмысқа орналастым. Мұнда шам­дар­дың электрондық бөлігін дайындау, пла­таларды тексеру мен монтаждау жұ­мыс­­тарымен айналысамын. Маман­дығым өзіме ұнайды», дейді ол.

Әлімжан секілді жастар кәсіпорын­ның негізгі күшіне айналып келеді. Мұнда тәжірибесі аз қызметкерлерді оқыту жүйесі де жолға қойылған. Сон­дық­тан өндіріс алаңын­да еңбек етіп жүр­гендердің арасын­да оқу орнын жаңа бітірген мамандар аз емес.

Кәсіпорын басшылығының айтуынша, диодты шамдардың басты артықшылығы – үнемділігі. «Мұндай жарықтандырғыштар кәдімгі шамдарға қарағанда электр энергия­сын бірнеше есе аз тұтынады. Кей жағдай­да үнем көлемі алты есеге дейін жетеді. Қызмет ету мерзімі де ұзақ. Кей өнімдеріміз 10-20 жылға дейін пайдалануға жарайды», дейді Нұрлан Расулов.

Бұл ерекшелік әсіресе бюджет қара­жатын үнемдеу тұрғысынан ма­ңызды. Сон­­дықтан мұндай шамдар білім мекеме­­ле­рінде, әлеу­меттік нысандар мен көше­лер­­ді жарықтандыру жүйесінде кеңінен қол­данылады.

Өндірістегі еңбек қауіпсіздігі де назардан тыс қалмаған. Қызметкерлер арнайы киіммен, қорғаныш көзілдірігімен, респиратормен және қолғаптармен қамтамасыз етіледі. Кейбір учаскелерде жұмыс істейтін маман­дарға қосымша сүт өнімдері беріледі. Бұған қоса кәсіпорын жұмысшыларына тегін түскі ас ұсынылады. Жұмыс орны қала сыртында орналасқандықтан, қызмет­кер­­­лерді тасымалдау мәселесі де шешімін тауып келеді.

Мұндағы ең төменгі жалақы 250 мың теңгеден басталады. Электриктер шамамен 300 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Инженерлердің табысы 500-600 мың теңгеге дейін жетеді. Мерекелік күндерде сыйақы төлеу дәстүрі де қалыптасқан.

Цехтан шығар кезде дайын шамдар қатар-қатар жиналып тұрған қоймаға көз түседі. Бірнеше күннен кейін олардың бір бөлігі Астана көшелерін жарықтандырса, енді бірі басқа өңірлерге жол тартады.

Қаланың түнгі шамдарын жарқырат­қан сайын біз жарықты ғана көреміз. Ал сол жарықтың артында отандық өндіріс пен жүз­деген маманның күнделікті еңбегі тұрғанын көбіне аңғара бермейміз. «Led Solutions» кәсіпорнының тыныс-тіршілігі осының нақты дәлелі іспетті.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью