Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Сағи Ораздың айтуынша, бұл қадам халықты алдап, пайда тауып жүрген «жалған коучтардың» жолын кесу үшін жасалып отыр.
Фото: видеодан алынған скрин— Қазіргі таңда халықты алдап, соның арқасында пайда тауып жатқандар өте көп. Жаңа стандарттардың басты мақсаты — тұтынушының құқығын заң аясында қорғау. Енді өзін жалған коуч ретінде таныстырып, адамдарды жаңылыстырғандар әкімшілік, азаматтық, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Заңның кері күші жоқ, бірақ 14 ақпаннан бастап жүргізілген кез келген қызмет қатаң бақылауда болады, — дейді заңгер Jibek Joly телеарнасының Bugin LIVE бағдарламасында.
Маманның айтуынша, тұтынушы мен коуч арасындағы қарым-қатынас тек келісімшарт негізінде жүруі шарт.
— Келісімшартта маманның коуч екенін растайтын сертификаттары мен жетістіктері көрсетілуі тиіс. Бұл біріншіден маманның өз құқығын, екіншіден тұтынушыны қорғайды. Егер қызмет сапасыз болса немесе жәбірленушіге залал келсе, бұл факт Қылмыстық кодекстің 190-бабы алаяқтық бойынша қарастырылуы мүмкін. Тұтынушыларға алдымен маманның құжаттарын тексеріп, халықаралық реестрде бар-жоғына көз жеткізуге кеңес беремін, — деп толықтырды Сағи Ораз.
Заңгердің айтуынша болашақта бұл сала тек сертификатталған мамандар жұмыс істейтін ортаға айналмақ. Ал егер қоғам үшін қауіп деңгейі жоғарыласа, алдағы уақытта коучинг қызметіне арнайы лицензиялау жүйесі де енгізілуі мүмкін.
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің мәліметінше, «Коучинг қызметі» кәсіби стандарты ICF (International Coach Federation) халықаралық федерациясымен бірлесіп әзірленген. Бұл стандарт 9 негізгі бағытты (бизнес-коуч, лайф-коуч, спорттық коуч және т. б.) қамтиды. Енді кез келген маман career.enbek.kz платформасындағы арнайы тізілімге енуі тиіс.
Еске сала кетейік, былтыр Қазақстан азаматтарынан коуч қызметіне 900-ге жуық шағым түскен болатын.