7kun.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Кредиттік есеп – бұл жеке немесе заңды тұлғаға ресімделген барлық кредиттер мен қарыздар, сондай-ақ олардың уақтылы қайтарылуы туралы ақпаратты қамтитын ресми құжат.
Кредиттік тарихты қалыптастыру бірінші қарыз ресімделген сәттен басталады. Бұл банктер, микроқаржы ұйымдары мен басқа қаржы институттары жаңа кредиттік өтінімдерді қараған кезде төлем тәртібін бағалау үшін қажет. Оң кредиттік тарихтың болуы болашақта қарыз алу мүмкіндігін арттырады, кредитті неғұрлым тиімді шарттарда алуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның әрбір азаматының күнтізбелік жылы бір рет өзінің дербес кредиттік есебін тегін алуға құқығы бар. Сол жылы қайтадан сұрау салу – ақылы.
Есепті мынадай тәсілдермен алуға болады:
Бірінші кредиттік бюроның сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы; eGov.kz порталы арқылы; ХҚКО, «Қазпошта» бөлімшелерінде және Бірінші кредиттік бюро кеңсесінде; Мемлекеттік кредиттік бюро арқылы.Егер сіз өзіңіздің кредиттік есебіңізде дәйексіз деректерді, мысалы, өтеліп қойған қарыз немесе толық төленген кредит бойынша мерзімнің кешіктірілгені туралы жазбаны байқасаңыз, міндетті түрде тиісті банкке немесе МҚҰ-ға жүгініңіз. Өз наразылықтарыңызды тиісті құжаттармен растаңыз.
Егер мерзімі өткен берешектің болуы туралы мәліметтер «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС деректері бойынша көрсетілсе, дәйексіз ақпаратты Бірінші кредиттік бюроның https://www.1cb.kz/ сайтында да тегін даулауға болады.
Қаржылық қауіпсіздікті арттыру және ықтимал алаяқтық іс-әрекеттерге уақтылы ден қою үшін кредиттік тарихтың мониторингі – «Кредиттік тарихты бақылау» қызметін қосу ұсынылады. Ол сіздің кредиттік тарихыңыздағы кез келген өзгерістер, атап айтқанда жаңа қарыздардың пайда болуы, мерзімді кешіктіру, берешектің өзгеруі және басқа да оқиғалар кезінде хабарламалар алуға мүмкіндік береді. Қызметті eGov.kz порталы, сайт немесе Бірінші кредиттік бюроның мобильді қосымшасы арқылы қосуға болады.