7kun.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Қазақстанда криптоактивтер арқылы жасалған ірі көлемдегі заңсыз қаржы айналымы анықталды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, жалпы сомасы 9,7 млн USDT-тен асатын цифрлық активтер бұғатталған.
Ведомство қылмыстық кірістерді жылыстатуға қарсы жүйелі жұмыстарды жалғастырып жатқанын хабарлады. Тергеу барысында есірткі саудасы мен интернет-алаяқтықтан түскен қаражаттың криптовалюта арқылы заңдастырылғаны анықталған.
Бұған дейін ТМД аумағында жұмыс істеген ірі көлеңкелі криптоплатформалардың бірі — RAKS Exchange жойылған болатын. Ол арқылы Қазақстан, Ресей, Украина және Молдова аумағындағы 200-ден астам есірткі интернет-дүкендерінің транзакциялары өткен.
Тергеу аясында блокчейн-талдау арқылы 4 000-нан астам криптоәмиян тексерілген. Нәтижесінде 9,7 млн USDT көлеміндегі цифрлық активтер бұғатталды, оның 3,2 млн USDT тәркіленіп, арнайы мемлекеттік шотқа аударылған.
Құзырлы органдардың мәліметінше, бұл операция есірткі айналымына қатысты бірнеше арнаның жолын кесіп, даркнет платформаларының жұмысын тоқтатуға мүмкіндік берген. Тергеу жұмыстары жалғасуда.