Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Қаржылық мониторинг агенттігі қазақстандықтарға ведомство қызметкері ретінде танысып, қылмыстық қудалаумен қорқыту арқылы ақша талап ететін алаяқтық схема туралы ескертті. Осындай оқиғалардың бірі Түркістан облысында болған, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қаскөйлер медициналық ұйымдардың бірінің басшысына "анықталған заңбұзушылықтар" туралы айтып, қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытқан. Жауаптылықтан босату туралы уәделері үшін олар 15 миллион теңге талап еткен.
Алаяқтар 5 миллион теңгені иемденіп үлгерген. Содан кейін олар қалған 10 миллион теңгені беруді талап еткен.
8 тамызда Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен ҚМА Өзіндік қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері бірлескен іс-қимыл барысында екі күдіктіні қылмыс үстінде ұстады.
Сот оларға қатысты "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
"ҚМА ескертеді: жауапкершілікке тартумен қорқыту немесе жазадан құтылуды уәде ету арқылы кез келген ақшалай қаражатты талап ету заңсыз", - делінген хабарламада.
Ведомство азаматтарды қаржылық мониторинг органдарына шақырту тек сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында және заңда белгіленген тәртіппен рәсімделіп, жолданған ресми шақырту қағаздары негізінде ғана жүзеге асырылатынын еске салды.
Осындай жағдайларға тап болған азаматтарды дереу ҚМА-ның 1458 нөмірі бойынша Сall-орталығына хабарласуға шақырады.
"Жалған ксива көрсеткен Нұрболдың" хикаясыЕске сала кетейік, 2021 жылы жазда Қазнетте өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерімін деп таныстырған адамның видеосы пайда болған еді. Видео авторы Нұрбол есімді азамат көліктің артқы орнында отырып, Instagram-да тікелей эфир жүргізген. Бір сәтте көлікті полицейлер тоқтатады. Ер адам "Куәлігім қайда?" деп сөмкесінен бірдеңе іздей бастап, тәртіп сақшыларымен сөйлесуге шығады.
Бұдан соң бұл хикая жалғасын тапты. Шымкентте полицейдің бейнежетоны ер адамның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басқармасының жалған куәлігін пайдаланғанын тіркеп алған.
Кезекті дау 2022 жылдың мамыр айында туындады. Онда "жалған ксива көрсеткен Нұрбол" сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкері кейпінде Каспий жағалауынан жер телімін талап еткен болатын.
Тағы оқыңыз: Шымкентте "жалған ксива көрсеткен Нұрболдың" оқиғасы қайталанды
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу