Куәліксіз жүргізушілерден кесір көп

08.08.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Көкшетауда 9 мамыр күні болған қайғылы жол-кө­лік оқиғасы тұтас өңірді дүр сіл­кін­дірген. Тұрғын үй ауласына кір­­ген көлік 52 жастағы әйелді қа­ғып, басып-жаншып өтті. Артында 12 жастағы ұлы жетім қал­ды. Ең сорақысы, көлік тізгінінде жүргізуші куәлігі жоқ әйел отыр­ған. Одан кейін де облыс орта­лы­­ғында бесіктен белі жаңа ғана шық­қан балаларды соғып кетіп, ауыр жапа шектірген бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қо­ғам тарапынан үлкен резонанс ту­дырып, ащы жанайқайын әлеу­меттік желілерде шырылдап жаз­ған, шулаған халықта есеп бол­мады. Бірақ түйткілдің түйіні тым арыда жатқанын өзіміз жүр­гізген журналистік зерттеу бары­сын­да анық бағамдадық. Өкініш­тісі сол, бұл еліміздің қандай қиы­рында болмасын күні бүгінге дейін саладағы сорақы «тірліктің» жалғасып келе жатқанын әрі та­мыры тым тереңге кеткенін ай­ғақ­тап берді. Сондықтан заң ар­қылы тосқауыл қойып, рет­телме­се өкінішті оқиғалар одан сайын жиілей беретіні анық көрін­ді. 

Қоғамды аса алаңдататын ащы шындықтың бірі – көлік тіз­гіндегендердің көпшілігі қара­пайым жол ережелерін білмеуі. Өйткені күні бүгінге дейін автомектептерде оқымай-ақ «оқыды» де­ген ресми сертификат құжатты са­тып алу мүмкіндігі, тіпті куә­лікті сатып-ақ ала салған оқиға­лар жиі айтылады. Бұл жылдар бойы қордаланған жүйелі түйт­кіл­дің енді іс жүзінде сыртқа шық­қан көрінісі десек те артық айт­паспыз. Ақмола облысында жол-көлік оқиғаларының жыл­дан-жылға көбеюі, жүргізуші куә­лігінсіз көлік тізгіндейтін­дер­дің азаймай отырғаны, заңсыз жүр­гізуші куәлігін беру фактіл­е­рі­нің анықталуы және автомек­теп­тердің жұмысына қатысты сын әңгімелердің көбеюі қоғам­ды алаңдатпай қоймайды.

Жолдағы өлім неге көбейіп барады?

Ақмола облыстық Полиция де­партаментінің мәліметіне қа­ра­ғанда 2024 жылы облыста 920 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Со­ның салдарынан 105 адам қаза тауып, 1 296 адам жарақат алған. Ал 2025 жылы жағдай одан әрі күр­делене түсіпті. Бір жылдың ішін­де 1 079 жол-көлік оқиғасы тір­келіп, 104 адам көз жұмса, 1 716 адам түрлі деңгейдегі дене жа­рақатын алған. Биылғы жыл­дың алғашқы тоқсанының өзін­де-ақ 171 жол-көлік оқиғасы бо­лып, жол бойында 7 адам қаза тауып, 246 адам жараланған. Тек соңғы үш жыл ішінде болған бұл оқиғалардың өзі-ақ жаныңды түр­шіктіріп жіберері хақ. Сан­дар­дың өзі-ақ жағдайдың қанша­лық­ты күрделі екенін аңғартып тұр.

Полицияның талдауынша, апаттардың негізгі себептері – жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуы. Атап айтқанда, жылдам­дық­ты арттыру, қарсы жолаққа шығып кету, маневр жасау қағи­даларын сақтамау, жаяу жүргін­шілерге жол бермеу, бағдар­шам­ның тыйым салатын белгісіне де қарамай өтіп кету, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану және жүргізушілер мен жаяу жүргін­ші­лер мәдениетінің төмендігі сияқ­ты себептер.

Аса алаңдатарлық тағы бір жайт – жүргізуші куәлігі жоқ аза­маттардың жол қозғалысына қа­тысуы болып отыр. Көкшетау қа­ласының өзінде ғана 2025 жы­лы жүргізуші куәлігі жоқ адам­дар­дың қатысуымен 13 жол-кө­лік оқиғасы тіркелсе, 2026 жылы мұн­дай төрт бірдей дерек тіркел­ген. Бірақ мәселе мұнымен шек­тел­мейді. Ақмола облысында 2025 жылы жүргізуші куәлігі жоқ күй­де көлік басқарғаны үшін 3 706 адам әкімшілік жауапкерші­лік­ке тартылған. Ал 2026 жылдың алғашқы айларында-ақ дәл осылай заңды белден басқан 1 430 аза­мат жауапқа тартылып үлгер­ген болып шықты. Тағы бір ауыр мә­селе – көлігін куәлігі жоқ адам­­ға сеніп тапсыратындардың көп­­тігі болып отыр. Былтыр об­лыс­­та 730 адамға, биыл 266 адам­ға осындай әрекеті үшін әкім­ші­лік іс қозғалған. Сонда мыңдаған адам заң талабын елемей көлік жүр­гізіп жүрсе, жолдағы қауіп­сіз­дік туралы қалай айтуға болады?

Жасырын эксперимент нені көрсетті?

Жалпы, қазір жүргізушілер қа­лай дайындалады? Сабақ қалай өт­кізіледі? Материалдық-техни­калық база жеткілікті ме? Жүр­гізу­шілердің алғашқы тәжірибе жинақтау үшін көлік жүргізу орын­дары мен автодромдар бар ма? Тағы да басқа сұрақтарымызға жауап іздеу үшін өзімізді қара­пайым клиент ретінде таныстырып, Көкшетаудағы автомектеп­тердің біріне арнайы бас сұқтық. Автомектеп менеджерінің ай­туын­­ша, оқу мерзімі – екі ай, ба­ғасы – 75 мың теңге. Теория­лық сабақтар онлайн форматта да өте береді. Жүргізуші куәлігін алу үшін сабаққа жазылғандарға бейнесабақтар жіберіледі. Өзінің қауіпсіздігі үшін автодромдарда және қала ішінде жүргізу тәжіри­бе­лік сабақтары өтеді екен. Бірақ қан­ша сағат жүретінін әркімнің өз қа­лауы біледі. Яғни «қатып қал­­­ған» қағида жоқ. Алайда әңгі­ме­­нің ең назар аударарлық тұсы бас­қа болды.

Біз сабаққа мүлде қатыс­пай­тын, жұмысбасты адам­­ның сертификат алу мүмкін­ді­гін сұрағанда, автомектеп қыз­мет­кері екі айдан кейін сертификат рәсімдеуге болатынын, бірақ «өзі үшін оқып алғаны дұрыс» екенін айтты. Әрине, бұл бір ғана ав­томектептегі әңгіме. Оның үс­тіне, мұндай жауаптың заңға сәй­кестігін бағалау құзыреті уә­кі­летті мемлекеттік органдарға тие­сілі екенін атап өткен жөн. Де­ген­мен мұндай тәжірибе жүр­гізу­шілерді даярлау сапасына қа­тысты заңды сұрақтар туындатады.

Бұл күмән тек журналистік ба­­қылаумен шектелмейді. Ақ­мо­ла облысының прокуратурасы жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарына жүргізілген тексеру барысында да бірқатар өрескел заңбұзушылықты анықтаған. Бұған облыс прокуратурасына ар­найы жолдаған ресми сауал­дары­мызға ұсынылған жауап ар­қылы көз жеткіздік. Атап айт­қан­да, оқу бағдарламасының қыс­қартылуы, практикалық са­бақтардың толық өтпеуі, қажетті ма­териалдық-техникалық ба­за­ның болмауы және медициналық ба­қылаудың жеткіліксіздігі анық­­­талған. Тексеру материалдары уәкілетті органдарға жолда­нып, прокурорлық ден қою ша­ра­лары қабылданған. Бұл сан соқ­тырған түйткілді түйіндердің кез­дейсоқ емес, жүйелік сипат ал­ғанын айғақтай түседі.

Биыл Ақмола облысының Полиция департаментіне Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінен жүр­гізуші куәліктерін заңсыз беру схемасына қатысты ұсыныс та түсіпті. Тергеу барысында Көк­шетаудағы мамандандырыл­ған ХҚКО-ның лауазымды тұл­ғалары мен басқа адамдардың заң­сыз жүргізуші куәліктерін ақ­шаға рәсімдегені жөнінде қыл­мыстық іс қозғалды. Қазір он аза­маттың жүргізуші куәлігін сот арқылы жарамсыз деп тану туралы талап-арыздар берілген. Бұл қо­ғамда бұрыннан айтылып жүр­ген «жүргізуші куәлігі сатылып жа­тыр» деген әңгіменің іс жүзін­де құр қауесет емес екенін анық аңғартады.

Ресми деректерге жүгінсек, бү­гінде Қазақстанда жалпы саны 727 автомектеп жұмыс істейді. депутаттар олардың едәуір бөлі­гінің материалдық ба­засы әлсіз екенін, сондай-ақ мемлекет тарапынан бақылаудың жеткілік­сіз екенін бірнеше рет көтерді. Ал Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің мәліметіне қарағанда, қазір жүр­гізушілерді даярлау ұйымдарына мем­лекет­тік бақылауды қайтару мә­селесі қаралып жатыр. Бұл өз­ге­рістер­дің кездейсоқ қолға алы­нып отыр­мағанын айқын көр­сетеді. 

P.S. 

Көкшетаудағы қайғылы оқиға бір ғана жүргізушінің қателігі емес. Өкінішке қарай, бұл жүргізушілерді даярлау жүйесіндегі олқылықтардың, заң талаптарының тым солқылдақтығы мен шикілігі әлі де көп екенін аңғартады. Бұған жол-көлік оқиғаларының салдарынан жүздеген, тіпті мыңдаған адамның ажалына, яки жарымжан болуына себепкер болуы айқын көрсетеді. Жол ережесін елемейтін азаматтардың және сондай-ақ құзырлы органдар тарапынан бақылау тетіктерінің әлсіреуі де осындай ауыр ахуалға әкелгендей көрінеді. Мыңдаған адам куәліксіз көлік жүргізіп жүргені шындық. Жүздеген адам көлігін ондай адамдарға сеніп тапсырғаны да ащы ақиқат. Мұндайда жүргізушілерді даярлау сапасына қатысты қандай сұрақ қоюға болады? Бір анығы, мәселені тек айыппұлмен немесе кезекті рейд шараларымен шеше салу мүмкін емес. Өйткені жол қауіпсіздігі көлік тізгіндеген әрбір адамның жауап­кер­ші­лігінен басталмақ. Бірақ сол жауапкершілікті қалыптастыратын жүйенің өзі мінсіз жұмыс істемесе, жолдағы қайғылы статистиканың азая қоюы екі­талай. Өйткені рөлдегі бір адамның қателігі бүтін бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның қасіретіне айналып отыр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью