Күй құдіреті ұлықталды

08.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Мерекелік жиын қазақ күй өнерінің саң­лағына тағзым жасау­дан басталды. Жиналған қауым ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан дара тұлғаның рухына құрмет көрсетті. Артынша ашық форматтағы күй додасы басталып, сахна төрінде тәжірибелі орындау­шылармен қатар, өнер жолына енді қадам басқан жас домбырашылар да бақ сынады. Байқаудың басты ерекшелігі – қатысуға ниет білдірген әрбір талапкерге мүмкіндік берілуінде. Мұндай еркін алаң жас таланттардың өз қабілетін көпшілік алдында шыңдауына жол ашты.

«Unique Child» дарынды ба­лалар өнер мектебінің оқу­шысы Айару Омарова бұл жолы Әбдімомын Желдібаев­тың «Ерке сылқым» күйін орын­дады. Жас орындаушы шығарманы таңдауының себебін оның нәзік табиғатымен байланыстырды.

«Бұл күйдің әуені көңілге ерекше жақын. Саусақпен шертілген әрбір дыбыс жүрекке жылы сезім сыйлайды. Домбыра қолыма тиген сайын өзімді еркін сезінемін. Сондықтан дәл осы туындыны көпшілікке жеткізгім келді», дейді ол.

Күй тартысының қорытын­дысында бас жүлде Мәдениет қайраткері Бақытжан Дүйсен­ғазиевке бұйырды. Жүлделі орындарды иеленген жас күйшілер де көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, ұлттық өнердің лайықты ізбасарлары өсіп келе жатқанын дәлелдеді.

Мәдени іс-шара аясында Дина Нұрпейісованың шығармашылық мұрасын жаңа қырынан таныс­тыратын «Ғасыр саңлағы» кіта­бының таныстырылымы өтті. Басылымдағы QR-код арқылы оқырман күй анасының өз орын­дауындағы шығармаларды тыңдай алады. Осылайша, дәстүрлі өнер заманауи технологиямен сабақ­тасып, ұлттық құндылықты насихаттаудың жаңа мүмкіндігіне жол ашылды.

«Күй жәрмеңкесі» – жеңім­пазды анықтайтын байқау ғана емес, ұлттың рухани жадын жаңғыртып, домбыраның қасиетті үнін келер ұрпаққа аманаттайтын тағылымды алаң. Дина Нұрпейісова мұрасы бүгінгі буынның орындауында қайта түлеп, қазақ күйінің мәңгілік өнер екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Тамирис ҚАЛИАҚПАР,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью