Күйеу баланың қайын жұртқа сәлем салуы дұрыс па? (видео)

31.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Фото: Wikipedia

Этнограф өз жазбасында қазақтың көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсариннің зерттеуінен үзінді келтіреді. Ағартушы «Күйеу жігіт ұрын бару (қалыңдық ауылына жасырын бару) кезінде ауылдың маңында күтіп тұрады, ал оның серіктері кәде апару үшін ауылға кіреді. Егер оларды жақсы қарсы алса, онда «қалыңдық ауылынан шамамен екі шақырымдай жерге киіз үй тігіледі. Сол жерге күйеу жігітті қарсы алуға шақырылған көрші ауылдардың әйелдері алдын ала жиналады. Әйелдер күйеу жігітті қарсы алуға шыққанда, ол өзінің серіктерімен аттан түседі. Әйелдер жақындағанда күйеу жігіт қолын төмен түсіріп, белін бүгіп сәлем береді. Бұл рәсім тәжім деп аталады. Одан кейін қалыңдықтың жақын туыстарының бірі оның қолынан ұстап, серіктерімен бірге киіз үйге бастап кіреді» деп жазған.

«Бұл фотосурет әлеуметтік желілерде жарияланған сайын қызу пікірталас туады. Ер адамдардың көбі наразылық білдіріп, суретті қолдан жасалған немесе қойылым деп есептейді. Алайда Алтынсариннің өзі XIX ғасырдың ортасына қарай күйеу жігіттің тәжім ету дәстүрі біртіндеп жойылып бара жатқанын, оны «пысық қазақтардың» айналып өтуге тырысқанын жазады. Ер адамдардың менмендігінің артуы бұл көне салттың ұмытылуына себеп болды. Дегенмен оңтүстік өңірлерде осыған ұқсас рәсімдердің бейнежазбалары кейде кездесіп жатады», деп жазады Зира Наурызбаева.

Оның айтуынша, күйеу жігіт тәжім еткенде жай иіліп қоймаған. 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» көптомдық энциклопедиясында күйеу жігіттің қалыңдықпен алғаш кездескенде де, қайын атасының үйіне алғаш барған кезінде де үш рет тәжім еткені айтылады. Ол белін қатты иіп, қолын жерге тигізуге тиіс болған, ал қайта тіктелуі баяу орындалған», делінген этнографтың жазбасында.

Қоғам белсендісі Айша Құрманғали бұл үрдісті қолдайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – біреуге бас ию емес, өмірлік серігіңді тәрбиелеп өсірген ата-анаға деген алғыс пен құрметтің белгісі.

«Қазақ халқы қашанда үлкенді сыйлаған, құдалықты екі әулеттің арасын жақындастыратын қасиетті байланыс деп бағалаған. Күйеу жігіттің қыздың ата-анасына ризашылығын білдіруі осы ұлттық тәрбиемен толық үндеседі. Алайда кез келген дәстүрдің құндылығы оның сыртқы көрінісінде емес, ішкі мазмұнында. Егер мұндай құрмет шынайы көңілден шықса, ол жаңа отбасының өзара сыйластыққа негізделгенін көрсетеді. Ал егер ол тек әлеуметтік желіге әдемі көріну үшін жасалса, онда тәрбиелік мәні жоғалады. Біз дәстүрдің формасын ғана емес, оның рухын сақтай білуіміз керек. Құрмет, ізет, алғыс және ата-ананы қадірлеу – қазақ қоғамының мәңгілік құндылықтары. Осындай құндылықтарды дәріптейтін кез келген игі бастаманы қолдау қажет деп есептеймін», дейді Айша Құрманғали.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Қарлығаш Бекпатшақызы қазақтың дәстүрінде құдалық – екі жастың ғана емес, екі әулеттің байланысы, сондықтан күйеу жігіттің қалыңдықтың ата-анасына алғыс айтып, ізет көрсетуі – әлсіздіктің емес, тәрбиенің белгісі екенін жеткізді. 

«Қыз – ата-ананың аялап өсірген аманаты. Сол аманатты қабылдап отырған азаматтың ризашылық білдіруі – қазақы әдеп пен адамгершілік құндылықтарына толық сай келеді. Бұл жерде бас июді біреуге бағыныштылық деп емес, үлкенге құрмет, қыз тәрбиелеп өсірген ата-анаға тағзым деп қабылдауымыз керек. Қазіргі қоғамда салт-дәстүрдің мазмұнын сақтай отырып, оны заманға сай жаңғырту маңызды. Егер мұндай рәсім шынайы құрметтен туындап, ешқандай әсірелеусіз орындалса, ол жастарға ізеттілік пен сыйластықтың үлгісі бола алады. Өйткені берік отбасы өзара құрметтен басталады, ал құрмет ең алдымен екі жақтың ата-анасына көрсетілген ілтипаттан көрінеді. Сондықтан бұл дәстүрді дау тудыратын әрекет ретінде емес, қазақтың отбасы құндылықтарын, үлкенді сыйлау мәдениетін дәріптейтін ізгі қадам ретінде бағалаған жөн деп есептеймін», деді Қарлығаш Бекпатшақызы.

P.S. Біз қозғаған мәселе әлеуметтік желілерде көптен бері дауға айналған. Желі қолданушыларының бірі мұны қазақы тәрбиенің, үлкенге деген құрметтің белгісі деп қабылдаса, енді бірі «ер адамның абыройына жат» деген пікір айтып отыр. Осылайша бірнеше секундтық бейнежазбалар қоғамда үлкен пікірталас тудырған.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью