Күмбірлеген ғасырлар пернесі

28.01.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Алматы төрінде қазақ ұлттық кәсіби музы­ка­сының негізін қалаған тұлға, композитор, дирижер әрі ғалым Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арнал­ған «Ғасырлар пернесі» ат­ты тағылымды кон­церт өтті. Мерей­тойлық кешті Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық халық ас­пап­тар оркестрі ұйым­дас­тырып, көрерменді ұлттық өнердің терең тамырына жетеледі.

Тұлға мерейтойы­на Құрманғазы атын­дағы ұлттық халық аспаптар оркестрінің ерекше мән беруі бекер емес. Себебі ­ұлт қайраткері 1934 жылы 11 ­домбырашыдан құ­ралған шағын ансамбль не­гізінде бүгінде әлемге танымал оркестрдің негізін қалап, оның тұңғыш көркемдік жетек­шісі әрі бас дирижері болды. Өнер иесі, сондай-ақ, ұлттық музыкаға терең ғылыми зерттеулер жүргізіп, қазақтың күй өнерін кәсіби деңгейге кө­теріп, оны халықаралық мәде­ни кеңістікке танытқан біре­гей тұлға ретінде тарихта қалды.

Көрнекті композитор мерейтойына арналған концерт бағдарламасында Ахмет Жұбановтың сарқылмас музы­­­калық мұрасынан таң­дау­лы шығармалар орында­лып, қазақ музыкасының қалып­тасу кезеңдері көркем әуен арқылы жаңғырды. Ұлт рухын асқақтатқан туындылар­ды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова, Абай атындағы мемлекет­тік академиялық опера және ­балет театрының солисі Айдос Жабағин, опера әншісі Нематулло Зкруллаев, күйші Азамат Шынаров, қобызшы Әсел Рақымжан және Ахмет Жұбанов атындағы дарын­ды балаларға арналған мектеп-интернатының балалар хоры орындады.

Кеш тізгінін қолына алған «Құрмет» орденінің иегері Абылай Тілепберген, дирижерлер Нұркен Әшіров пен Ерлан Дәуренбеков оркестр­ге ерекше серпін беріп, әр­бір шығарманың мазмұнын көрерменге әсерлі жеткізді.

– Концерт Ахмет Жұбанов­қа тағзым ретінде оның өз ­репертуарынан басталды. Бағ­дар­ламада композитордың күй­­­лері мен әндері, Латиф Хами­димен бірлесіп жазған операсынан үзінділер Құр­ман­­ғазы атындағы оркестрдің сүйемелдеуімен орындалды. Сахнада 80-ге жуық әртіс өнер көрсетті, – деді дирижер Абылай Тілепберген.

Мерейтойлық іс-шара аясын­да Ұлттық орталық музейге қарасты Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Ахметқызының мемо­риалдық музейінде «Ұлт рухын асқақтатқан тұл­ға» атты мазмұнды көр­ме ұйымдастырылды. Экс­по­зицияда Ахмет Жұбанов­тың ғұмыр жолы мен шығар­машылық қызметінен сыр шертетін архивтік құжат­тар, сирек фотосуреттер, қол­жазбалар, ноталық мұралар, кітаптар мен жеке заттары жұрт­шылық назарына ұсы­нылды.

«Экспозиция арқылы ком­позитордың ұлттық музыка тарихына қосқан өлшеусіз үлесі таныстырылды. Көрнек­ті композитордың ұлтқа адал қызмет еткенінің дәлелі – 1950 жылғы неміс баспа машинасы. Бұл құралға қазақ әріптері енгізілген», – деді мұражай жетекшісі Рыскүл Сағатқызы. 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью