Күмістен жасалған мәсуек

17.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Колледж директоры, белгілі стомотолог-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәуірбек Рузиддиновтың айтуы бо­йынша, бұл тіс шұқығышты 2024 жылғы 13 қазанда колледжге қонақ ретінде шақырылған Тәліп Нағиұлы деген маңғыстаулық азамат тарту еткен. Оның әңгімесіне қарағанда, тіс шұқығыш құрал шамамен XVIII ғасырда арнайы тапсырыспен жасалған және біздің арғы ата-бабаларымызға тиесілі. Жасаған шебердің аты-жөні белгісіз. Содан бері 5–6 ұрпақтың қолынан өтіп бүгінге жеткен. Тіпті, өткен ғасырда ел басына күн туған зобалаң кезеңде бұлардың отбасы Түркіменстан жеріне ауыпты, заман тыныштала бастағанда Маңғыстауға қайта көшіпті. Осындай қиын-қыстау шақта да отбасы мүшелері бұл затты көздің қарашығындай сақтаған.

Ең қызығы, тіс шұқығыш (тіс тазалағыш десе де болады) таза күмістен жасалып, екі жағы да сол дәуірге тән қазақы ою-өрнектермен нақышталған. Айта кету керек, тіс темірдей қатты көрінгенімен, адамның ең сезімтал мүшесіне жатады. Тез зақымданады, тез мүжіледі, тез тотығады. Сондықтан тіске қатысты құралды кез келген нәрседен, кез келген ағаштан жасауға болмайды. Мысалы, Қытайдан келетін тіс шұқығыштар негізінен бамбук ағашы жантағынан жасалады. Сол сияқты күмістен жасалған тіс шұқығыштың да адам ағзасы үшін пайдасы болмаса, зияны жоқ.

Өлшеміне тоқталар болсақ, ұзындығы шамамен 6,5 см, ұстауға ыңғайлы етіп конус сияқты жасалған ені 2 см, ұшына қарай жіңішкере түседі. Бас жағында кішкентай тесігі бар. Ол тесіктен ұзындығы 10 см болатын жіңішке шынжыр бау өткізілген. Оны профессор С.Рузиддинов былай түсіндіріп берді: «Тіс шұқығыш – кішкентай зат. Кішкентай нәрсенің жоғалуы оп-оңай. Сондықтан бұрынғы кісілер киімінің жағасынан (немесе омырауы алдынан) білінер-білінбес қалта жасап, тіс шұқығышын соған салып қоятын болған. Ал шынжыр баудың екінші ұшын жағасына қадап қойған. Тіс шұқығышты керек сәтінде пайдалану үшін де, жоғалтпау үшін де ыңғайлы».

Мұндай тіс шұқығыш құралдар қазақ даласында кең ауқымда қолданылғаны туралы мәлімет кездеспейді. Бірақ этнограф-ғалымдар бұл сияқты күміс тіс шұқығыштарды сән-салтанаты келіскен ауқатты, зиялы отбасылардың пайдалануы мүмкін екенін жоққа да шығармайды.

Болат ШАРАХЫМБАЙ,

журналист

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью