Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
АҚШ-тың Висконсин штатында алты орындық Piper PA-46 ұшағы апатқа ұшырап, бортындағы алты адамның барлығы, соның ішінде бір бала қаза тапты. Апат алдында ұшқыш найзағай кезінде қанаттардың мұздануы туралы хабарлаған. Желіде қайғылы оқиға орнынан түсірілген кадрлар пайда болды, ал Меномони әуежайы апаттың ықтимал себебін атады, деп хабарлайды Tengri Travel.
Не болды?
NBC Chicago мәліметінше, әуе апаты АҚШ-тың Висконсин штатында болған. Алты орындық Piper PA-46 ұшағы Кеношадан Меномониге бағыт алған, бірақ сағат 22:00 шамасында Миррор-Лейк саябағына жақын орманды алқапта құлаған. Ол кезде жаңбыр жауып, найзағай ойнап тұрған.
АҚШ-тың Көліктегі қауіпсіздік жөніндегі ұлттық кеңесінің (NTSB) мәліметінше, шамамен 7,3 мың метр биіктіктегі ұшу кезінде ұшқыш әуе диспетчеріне қанаттардың мұздануы туралы хабарлап, төмендеуге рұқсат сұраған.
Диспетчер сұранысты мақұлдағаннан кейін ұшақ оңға бұрылып, төмендей бастаған. Содан кейін бортпен байланыс пен оның орналасқан жері туралы деректер жоғалып кеткен.
Әлеуметтік желілерде апат орнынан түсірілген кадрлар пайда болды. Саук округі шериф басқармасының мәліметінше, билік оқиға туралы көптеген хабарлама алған.
Әуе апаты салдарынан бортта болған алты адамның барлығы, соның ішінде бала қаза тапты. Жерде ешкім зардап шеккен жоқ, ғимараттар да бүлінбеген.
Әуежай өкілдері не дейді?KTSP хабарлауынша, апатқа ұшыраған ұшақтың ұшқышы - Вудсвиллдегі қойма бизнесінің иесі, тәжірибелі ұшқыш Рон Рик болған.
Оны ондаған жылдар бойы білетін Меномони әуежайы комиссиясының төрағасы Дэниел Джонсон болған оқиғаны үлкен қайғы деп атады.
"Меніңше, марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алуымыз керек. Ол өте жақсы адам, жоғары білікті ұшқыш еді, бұл - нағыз қасірет", - деді ол.
Джонсонның айтуынша, Piper ұшағының ұшу кезінде экипаж кездесуі мүмкін бірқатар проблемасы бар.
"Бұл ұшақтың найзағайлы ауа райындағы беделі нашар", - деп атап өтті Джонсон.
Қаза тапқан басқа адамдардың есімдері әзірге жарияланған жоқ. Әуе апатын зерттеумен АҚШ-тың Көліктегі қауіпсіздік жөніндегі ұлттық кеңесі (NTSB) айналысып жатыр.
Тағы оқыңыз: Үндістанда пауэрбанк үшін ұшақ шұғыл қонды
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу