Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Сыр өңірі күн сәулесі мол түсетін аймақ саналады. Бұл мүмкіндік бұған дейін тек ауыл шаруашылығы саласына ықпалы жоғары климаттық артықшылық ретінде қарастырылып келсе, бүгінде нақты энергетикалық ресурсқа айналып отыр. Мұны жасыл энергетикаға жасалған алғашқы қадам деп бағалауға әбден болады.
Қызылорда облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәлімдеуінше, бүгінде өңірде жалпы қуаты 148 МВт болатын 5 ірі күн электр станциясы тұрақты жұмыс істеп тұр. Мұны Сыр өңірінің электр энергетикасын әртараптандыруға бағытталған қосымша қуат көзі деп бағалауға болады. Яғни бұл көрсеткіш күн сәулесінен электр өндіру арқылы дәстүрлі энергия көздеріне түсетін жүктемені азайтуға, электрмен қамту тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік артқанын аңғартады.
Алдағы уақытта облыс аумағында жалпы қуаты 184 МВт болатын тағы 5 күн электр станциясын салу жоспарланып отыр. Егер бұл жобалар толық жүзеге асса, өңірдің жаңартылатын энергия көздері есебінен өндірілетін электр қуаты айтарлықтай артпақ.
«Қызылорда облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту – энергетикалық әлеуетті арттырудың маңызды бағыттарының біріне айналып тұр. Қазір өңірде жалпы қуаты 148 МВт болатын 5 ірі күн электр станциясы тұрақты жұмыс істейді. Бұл облыстың «жасыл энергетикаға» көшу бағытындағы нақты нәтижелерінің бірі деп бағаласақ болады. Алдағы кезеңде қуаттылығы 184 МВт болатын тағы 5 күн электр станциясын салу жоспарлануда. Сондықтан Қызылорда облысында «жасыл энергетиканы» дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаса береді. Осы арқылы өңірдің табиғи мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, энергетикалық қауіпсіздікті күшейту және тұрақты энергия көздерінің үлесін арттыру көзделуде», – дейді бұл жөнінде басқарманың Электр энергетикасын дамыту және энергия тиімділігін арттыру бөлімінің басшысы Асқар Тлеужан.
Жалпы, аймақта жаңа электр станцияларының санын арттыру арқылы энергия тапшылығын азайтып, өңірдің энергетикалық тұрақтылығын күшейтуге басымдық жоғары. Өйткені облыста өндіріс, құрылыс, кәсіпкерлік пен әлеуметтік нысандар көбейген сайын электр энергиясына деген қажеттілік те арта түскені жасырын емес. Сондықтан жаңа энергия көздерін қалыптастыру жоспары уақыт талабынан туындап тұрған негізгі мәселе саналады.
Бұл тұрғыда облыста бүгінде жұмыс істеп тұрған бес күн электр станциясы өңірдің энергетикалық жүйесіне өз үлесін қосып отыр деп айтуға толық негіз бар. Яғни күн энергетикасы Қызылорда өңірінің энергетикалық әлеуетін арттырудың нақты тетігіне айналып келеді.
Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздерінің қоғам үшін экологиялық маңызы да зор. Бұл ретте күннен өндірілетін электр энергиясының қоршаған ортаға зардабы аз деп бағаланады.
Негізінен, аймақта электр энергетикасын әртараптандыру бағытында жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндікті кеңейте бастағанын да айта кету керек. Оның ішінде жаңа жобалардың іске қосылуы энергетика саласына қажетті мамандарға сұранысты арттыра түскен.
«Жаңартылатын энергия көздері нысандарының көбеюі өңірдегі жұмыспен қамтуға да оң әсерін тигізіп отыр. Қазір жұмыс істеп тұрған күн электр станцияларында 50 адам тұрақты еңбек етуде. Бұл бірінші кезекте жаңа энергетикалық нысандардың тек электр қуатын өндірумен шектелмей, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыратынын көрсетеді. Осы орайда алдағы кезеңде жоспарланған жаңа жобалардың іске қосылуы да техникалық мамандарға, энергетиктерге, инженерлерге және басқа да қызмет көрсету саласының мамандарына деген сұранысты арттырарына зор сеніммен қараймыз. Сонымен бірге нысандардың құрылысы кезеңінде қосымша жұмыс орындары ашылып, жергілікті кәсіпкерлік пен сервистік қызметтердің дамуына мүмкіндік береді деп күтілуде. Сондықтан жасыл энергетиканы дамыту – бір жағынан энергетикалық әлеуетті арттырса, екінші жағынан өңірдің еңбек нарығына жаңа мүмкіндіктер әкелетін маңызды бағыт ретінде жоғары мәнге ие», – дейді бөлім басшысы Асқар Бекболатұлы.
Бір сөзбен айтқанда, күн электр станцияларын көбейту жоспары алдымен электр өндірісінің ауқымын кеңейтсе, екіншіден, инвестиция, технология, маман тарту және жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Осы орайда аймақта жел және су көздерінен жаңартылған энергия қуатын өндіруге не кедергі деген сұрақтың туындауы да заңдылық.
Қазір Қызылорда облысында жаңартылатын энергия көздерін дамытуда тек күн энергетикасына басымдық беріліп отыр. Бұған ең алдымен өңірдің табиғи-климаттық ерекшелігі басты себеп, яғни аймақта күн сәулесі мол түседі. Сондықтан бұл күн электр станцияларын пайдалануға қолайлы жағдай қалыптастырып отыр екен.
Ал жел және су энергетикасын дамыту мәселесіне келсек, жел энергетикасы бойынша электр станциясын салу үшін желдің жылдамдығы мен тұрақтылығы, электр желісіне қосылу мүмкіндігі және жобаның экономикалық тиімділігі алдын ала жан-жақты зерттелуі қажет деп есептейді мамандар. Сол сияқты су энергетикасын пайдалану бағытында да өзіндік қиындықтар жоқ емес. Бұл тұрғыда кейінгі жылдары Сырдариядағы су тапшылығы мүмкіндікті шектеп, аз суды ең алдымен ауыл шаруашылығына бағыттауға мәжбүрлеп тұр.
Сондықтан қазіргідей қуаңшылық қыспаққа алған кезеңде өңір үшін күн энергетикасы анағұрлым тиімді бағыт ретінде қарастырылып отыр. Дегенмен бұл жел немесе су энергетикасын дамыту мүмкіндігі жоқ дегенді білдірмейді. Болашақта тиісті зерттеулер жүргізіліп, техникалық және экономикалық тұрғыдан тиімді жобалар анықталса, жаңартылатын энергияның осы бағыттарын да дамытуға мүмкіндік артатынына сеніммен қараймыз дейді басқарма өкілдері.
Қалай дегенде де, күннен қуат өндіруді мықтап қолға алған Сыр өңірінің алдағы жоспарлары ауқымды. Ендігі кезекте табиғи мүмкіндікті нақты экономикалық қуатқа айналдырып, жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін толық пайдалануды көздеген. Бұл бірінші кезекте өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, жаңа инвестиция мен жұмыс орындарына жол ашатын маңызды бағыт ретінде қарастырылып отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы