Күрделі ғылым қарапайым тілде

26.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Сурет: nu.edu.kz

Бұл іс-шара «Ғылым олимпиадалық жетістіктерге қалай әсер етеді?» деген тақырыпта өтті. Кездесуде университет ғалымдары ғылыми зерттеулер мен деректерді талдады. Адам ағзасының ерекшеліктерін терең зерделей отырып, спорт ғылымының спортшыларды ­дайындау үдерісін жетілдірудегі рөлі туралы әңгімеледі. Сонымен қатар қазіргі таңда ғылымның Олимпиада чемпиондарын дайындаудағы маңызын атап өтті. 

Профессор, доктор  Елтай Рахманов халықаралық деңгейдегі білікті маман ретінде Токио Олимпиадасында спорт дәрігері қызметін атқарған. Ол  өз тәжірбиесімен бөлісе отырып, спорттағы дене жарақаттарының алдын алуға болатын жаңа жобасымен таныстырды. Жоба барысында спортшылардың жүрек-қантамыр жүйесінің жағдайы, дене жүктемесіне реакциясы, бұлшық еттің қалпына келу деңгейі және басқа да көрсеткіштері талдаған. Жиналған мәліметтер негізінде мамандар әр спорт­шыға жеке жүктеме ұсынатын алгоритм әзірлейді. Бұл жүйе ағзаға түсетін шамадан тыс күшті дер кезінде анықтап, ықтимал жарақаттардың алдын алуға көмектеседі.

Сондай-ақ 2022–2025 жылдар ара­лы­ғында Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен атлеттердегі гемодинамикалық көрсеткіштерді зерттеуге арналған ғылыми жоба жүзеге асырылғанын атап өтті. Зерттеу барысында спортшылардың жүрек-қантамыр жүйесіндегі өзгерістерді ерте анықтауға мүмкіндік беретін арнайы алгоритм әзірленген. Ғалымдардың айтуынша, жаңа әдістің басты артықшылығы – инвазивті емес және экономикалық тұрғыдан тиімді болуы. Жоба аясында бұған дейін түсірілген магниттік-резонанстық томография (МРТ) нәтижелері қолданылып, спортшылардың жүрек бұлшықетінің жағдайы бағаланған.

Бұл тәсіл жүректің ұлғаюы физиоло­гиялық бейімделу ме, әлде патологиялық өзгеріс пе деген сұраққа нақты жауап беруге көмектеседі. Зерттеу нәтижелері халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан да жоғары бағаланып, америкалық спорт медицинасы колледжінің беделді ғылыми журналында жарияланған.

Кездесуге қатысқан тағы бір спикер – World Aquatics Спорттық медицина комитетінің мүшесі Еңлік Ұлтарақова. Ол ғылым мен халықаралық спорттың тоғысындағы тәжірибесімен бөлісіп, әлемдік спорттағы заманауи үрдістер туралы айтты. Сондай-ақ халықаралық жарыстарда спортшылардың денсаулығын сақтау мен олардың жоғары нәтижеге қол жеткізуінде ғылыми тәсілдердің маңызына тоқталды.

Сарапшылардың пікірінше, бола­шақта спорттағы жетістіктер ғылыммен одан әрі тығыз байланыса түседі. Сондық­тан спорт ғылымын дамыту тек кәсіби спортшылар үшін ғана емес,  жалпы сол саланы дамыту үшін де маңызды бола бермек.

Фариза ІЗБАСАРОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 2-курс студенті

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью