Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық басқару мен өңірлік саясаттың жаңа талаптарын айқындап берді. Президент қаржылық дербестікті күшейту, бюджеттік жоспарлаудың сапасын арттыру, арнайы экономикалық аймақтарды реформалау, сондай-ақ инфляцияны төмендету бағытында нақты міндеттер жүктеді.
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Әсіресе әлем экономикасындағы маңызды өзгерістерге тоқталған Мемлекет басшысы оның геосаяси ахуалға да теріс әсер етіп жатқанын айтты.
«Дүниежүзінде мүлде жаңа үдерістер пайда болып жатыр. Мемлекеттің тұрақты дамуы үшін осы өзгерістерге экономикалық және саяси тұрғыдан бейімделуіміз қажет. Бұл – аса маңызды міндеттің бірі», деді Қ.Тоқаев.
Президент жүктеген міндеттерді саралап, үн қосқан экономист Эльдар Шамсутдинов бүгінде мемлекеттер арасында өзара тарифтік шектеу қою үрдісі белең ала бастағанын, мұндай жауапты кезеңде Үкімет пен Ұлттық банк біртұтас команда ретінде әрекет етуге тиіс екенін атап өтті. «Жалпыұлттық деңгейде осындай негізгі институттар арасындағы қарама-қайшылықтар жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін», дейді сарапшы.
«Экономикада өсім жоқ емес. ІЖӨ 300 млрд доллардан асты. Алайда Мемлекет басшысы халықтың табысы экономикалық өсімге ілесе алмай отырғанын осыған дейін де бірнеше мәрте айтқан еді. Президент жүктеген міндетті жүзеге асыру үшін тек бағаны уақытша ұстап тұру жеткіліксіз», дейді сарапшы. Мұндай шешім, керісінше, инфляцияны қысқа мерзімде тежегенімен, саланың инвестициялық тартымдылығына кері әсер етеді.
«Кейінгі жылдардың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, инфляциямен күрес – ұзақ әрі күрделі үдеріс. Реформалар кезеңіндегі уақытша ымыраға келудің тек қысқамерзімді әсері бар екенін түсінетін кезге жеттік. Тарихта мұндай сценарийлер гиперинфляциямен аяқталған», деді Э.Шамсутдинов.
Сарапшының айтуынша, кез келген базалық мөлшерлеме деңгейі инфляция деңгейінен жоғары болуы керек. Бұл ретте тек монетарлық сипаттағы шаралар жеткіліксіз. Фискалдық саясат та біркелкі жұмыс істеуге тиіс.
«Ұлттық банк артық өтімділікті азайту үшін банктерге талаптарды күшейтіп жатыр. Бұл маңызды, өйткені инфляция күткеннен жоғары болып отыр. Халықаралық валюта қоры мұнайдан тыс бюджет тапшылығы ІЖӨ-нің 8%-ынан асқанын атап өтеді. Ол қаржы жүйесіне қысым түсіреді. ҚҚС-ның 16%-ға дейін өсуі жағдайында бюджет шығындарын қысқарту оңайға түспейді. Дегенмен шығыстарды біртіндеп шектеу («фискалдық диета») Ұлттық банктің жұмысын жеңілдетіп, базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт жоғары деңгейде ұстап тұру қажеттігін азайтуы мүмкін», дейді сарапшы.
Президент өңірлік даму мәселелеріне де тоқталып, аймақтардағы бюджеттік жоспарлаудың сапалы жүргізу қажеттігін айтты. «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлының пікірінше, Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сөзі өңірлік саясатты іске асыруда жаңа кезеңнің басталғанын айқын көрсетеді.
«Президент бюджетаралық қатынастардағы теңсіздік мәселесіне арнайы тоқталды. Атап айтқанда, өңірлерге жүктелетін міндеттер орталықтан бөлінетін қаржы көлеміне сәйкес келуге тиіс екенін атап өтті. Бұл – өте орынды ұстаным. Себебі қаржылық ресурстармен тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеген міндеттер өңірлердің тұрақты дамуын тежеп, жергілікті биліктің тиімді әрі нәтижелі жұмыс істеу мүмкіндігін шектейді», дейді ол.
Сарапшының сөзінше, Мемлекет басшысы қойған бюджетті тиімді жоспарлау міндеті – дер кезінде қабылданған, өңірлік дамудың сапасын арттыруға бағытталған өте орынды қадам.
«Президент экономикалық, әлеуметтік қайтарымы төмен жобаларды іске асыру тәжірибесінен бас тарту қажеттігін нақты айтты. Бұл алдағы уақытта бюджеттік инвестициялық жобаларды іріктеу кезінде өңірлер үшін шын мәнінде ауадай қажет, мультипликативті әсері жоғары жобаларға басымдық берілетінін көрсетеді», дейді сарапшы.
Президент өз сөзінде елдегі арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігі әлі күнге дейін төмен деп бағалады. Арнайы экономикалық аймақтардың ширек ғасырға жуық уақыттан бері ІЖӨ-ге қосқан үлесі 1%-дан сәл ғана асады. Оның 0,3%-ы – экспортқа, 0,9%-ы шетел инвестициясына тиесілі.
«Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі инфрақұрылымын дамытуға үш жыл ішінде бір триллион теңге займ қаражатын жұмсау ұсынылып отыр. Алдымен олардың даму моделін қайта құру керек деп санаймын. Онсыз мұндай ауқымды инвестиция жүйедегі қордаланған мәселелерді шеше алмайды», деді Мемлекет басшысы.
Н.Құрметұлының сөзіне сүйенсек, мұндай аймақтар өңір экономикасын дамытудың тиімді тетігіне айналуы қажет.
«Мемлекет басшысы аталған аймақтар нақты экономикалық нәтиже беруге қызмет етуге тиіс екенін атап өтті. Бұл – өңірлердегі инвестициялық саясатты қайта қарауға бағытталған маңызды сигнал», дейді ол.
Сарапшының айтуынша, Мемлекет басшысының сөзінен өңірлік дамудың енді тек бюджеттік трансферттерге емес, жергілікті экономиканың белсенділігіне, соның ішінде арнайы экономикалық аймақтардың нақты нәтижесіне сүйенуге тиіс екенін аңғаруға болады.
«Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқаны өңірлік дамуға қойылатын талаптардың күшейгенін көрсетті. Өңірлерге қаржылық дербестік беріліп отыр. Енді нақты нәтижеге, тиімді басқару мен экономикалық қайтарымға баса назар аударылатыны анық», дейді сарапшы.
Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін тиімді енгізу мәселесін де көтерді. Экономист, Tengenomica телеграм арнасының авторы Руслан Сұлтановтың пікірінше, салық реформасының басты мәні қанша қаражат жинауда емес, оны қалай жинауда болып отыр.
«Әкімшілендіру мен цифрландыруға басымдық беру – қолмен бақылаудан жүйелі тәуекелдерді басқаруға көшу деген сөз. Яғни мөлшерлемелерді көтеріп, тексерісті көбейткеннен гөрі деректерді ретке келтіріп, көлеңкелі схемаларды азайтып, ережелерді ашық ету тиімдірек. Сапалы әкімшілендіру көбіне қатаңдатудан да үлкен фискалдық нәтиже береді. Ал цифрландыру операцияларды дерлік нақты уақыт режімінде бақылауға мүмкіндік беріп, көлеңкелі айналымды азайтады әрі кәсіпкер мен инспектор арасындағы тікелей байланыс санын қысқартады. Бұл экономикалық саясаттың ұзақмерзімді тұрақтылық пен сенімге бағытталғанын көрсетеді», деді ол.
Сондай-ақ сарапшы Президенттің «жазалаушы менталитеттен» бас тарту бастамасы айыппұл іздеуден тәуекелдерді алдын ала анықтауға көшуді білдіретінін айтады. Оның айтуынша, бұл алдын ала ескертулер, цифрлық сервистердегі автоматты кеңестер мен түсіндіру жұмыстары арқылы жүзеге асуға тиіс.
«Дегенмен серіктестік – шектеусіз еркіндік емес. Мұнда фискалдық тәртіп пен экономикалық белсенділік арасындағы теңгерім маңызды. Кәсіпкер ережені алдын ала түсінген жағдайда дау азайып, инвестициялық белсенділік артады. Болжамды әрі түсінікті жүйе елдің іскерлік ахуалына тікелей оң әсер етеді», дейді Р.Сұлтанов.
Ал салық пен кеден жүйесін цифрландыру мәселесіне келгенде сарапшы толық цифрландыру мен «фискалдық деректер фабрикасын» құру – бірыңғай сараптамалық жүйе қалыптастыруға бағытталған қадам екенін жеткізді.
«Бастаманың нәтижесінде экономиканың ашықтығы артып, көлеңкелі операциялар азаяды, ал бюджет кірістері тұрақты бола түседі. Цифрландыру – қысым жасау құралы емес, болжамдылық пен жүйелілікке инвестиция. Бұл мемлекет пен экономиканың өзара әрекеттесуінің жаңа үлгісін қалыптастырады», деді Р.Сұлтанов.
Елімізде Еуразия құрлығының логистикалық хабына айналу мақсаты белгіленіп, осы бағытта нақты жобалар атқарылып келеді. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдің құрлықтағы бірегей орнын тиімді пайдалану мақсатында көлік логистикасын қарқынды дамытуды тапсырды. Саясаттанушы Бауыржан Серікбаевтың пікірінше, Президенттің көлік-логистика саласын дамытуды стратегиялық басым бағыт ретінде айқындауы – еліміздің транзиттік рөлін арттырудан туған маңызды бастама.
«Қазір халықаралық қатынаста транзиттік дәліздер үшін бәсеке күшейіп, мемлекеттердің экономикалық дамуы логистикалық мүмкіндіктер арқылы да кеңейетін жаңа кезең қалыптасып жатыр. Теміржол желілері мен автожол саласында жаңа бағыттарды іске қосу еліміздің ішкі көлік байланысын күшейтіп, өңірлер арасындағы экономикалық даму алшақтығын азайтады», дейді Б.Серікбаев.
Сарапшының айтуынша, логистикадағы негізгі факторлардың бірі – көліктердің шекарадан өту жылдамдығы. Мұны әлемдік тәжірибе де көрсетіп отыр.
«Президент Үкіметке автокөлік қозғалысын цифрлық платформаға көшіруді, шекара маңындағы 33 бекетті жаңғыртуды тапсырды. Аталған жобалар іске асса, еліміз Еуразиядағы негізгі транзиттік хабтың біріне айналып, аймақтық сауда жолдарын қалыптастырушы мемлекет ретінде геоэкономикалық әлеуетін арттыратыны сөзсіз» дейді сарапшы.
Соңғы жаңалықтар
Күрделі кезеңдегі іргелі бетбұрыс
Сараптама • Бүгін, 08:15
Саясат • Бүгін, 08:10
Стратегиялық маңызды теміржол желісі іске қосылады
Саясат • Бүгін, 08:05
Газ саласын реттейтін құжат талқыланды
Саясат • Бүгін, 08:00
Елена Рыбакинаның 20 жетістігі
Теннис • Кеше
Жеңіл атлеттер Қытайда жеті жүлде олжалады
Спорт • Кеше
Дзюдошылар Парижде үш қолаға қол жеткізді
Спорт • Кеше
Қазақстандық биатлоншылар 2026 жылғы Олимпиадада жекелей сайыста өнер көрсетті
Олимпиада • Кеше
Ертең елордада мектеп оқушылары мен колледж студенттері қашықтан оқиды
Ауа райы • Кеше
Олимпиада-2026: Шыңғыс Ракпаров шаңғы қоссайысында 35-орынға жайғасты
Олимпиада • Кеше
Алматыда хирургтер 31 магнит жұтып қойған баланың өмірін сақтап қалды
Оқиға • Кеше
Жаңа Конституция: Сарапшылар қоғамдық тұрақтылық пен дамуға қолдау білдірді
Ата заң • Кеше
Президент азаматтардың құқығын қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері бойынша жиын өткізді
Президент • Кеше
Ерлан Қарин: Жаңа Конституция тұңғыш рет алдымен қазақ тілінде әзірленді
Ата заң • Кеше
Қостанай облысында интернет-алаяқтықтың жолы кесілді
Аймақтар • Кеше