Күрделі қаржылық операциялар мен шетелдегі активтерді тексеруге қосымша мамандар тартылуы мүмкін

05.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Комитеттің мәліметінше, өзгерістер «Инвесторлардың құқықтарын қорғау және активтерді қайтару саласында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы №1125 Жарлығына сәйкес енгізіліп отыр.

– Берілетін функциялар мен өкілеттіктердің шегінде Комитеттің құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқоры болып Бас прокуратура айқындалды. Оның құрылымында Активтерді қайтару жөніндегі қызметі құрылды, – делінген жауапта.

Ведомствоның хабарлауынша, осыған байланысты Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2023 жылғы 11 қазандағы №186 бұйрығымен бекітілген Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау және жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізу жөніндегі бұйрық жобасы әзірленген.

Құжатты Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі қызметі дайындаған. Жобаға сәйкес, активтердің заңды шығу көздерін тексеруді бастау және жүргізу тәртібі нақтыланады. Мәселен, тексеруге бастамашылық жасау құқығы активтерді қайтару жөніндегі құрылымдық бөлімшенің қызметкерлеріне беріледі. Ал тексеру жүргізу туралы қаулы бұрын уәкілетті орган басшысы немесе оның орынбасарлары деңгейінде қабылданса, енді мұндай шешімдер құрылымдық бөлімше басшысы немесе оның орынбасары деңгейінде қабылдануы мүмкін.

Сонымен қатар тексеру рәсімдерінің бірқатары нақты регламенттеледі. Мысалы, тексеру тобының құрамын, тексеру нысанасын немесе кезеңін өзгерту активтерді қайтару жөніндегі жұмысқа жетекшілік ететін Бас прокурордың орынбасарымен келісу арқылы жүзеге асырылады. Ал тексеру нәтижелері бойынша жасалатын анықтама тиісті құрылымдық бөлімше басшысымен келісіліп, кейін Бас прокурордың орынбасарына баяндалады.

Бұдан бөлек, тексерулер барысында қажет болған жағдайда прокуратура органдарының басқа құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ әскери және көлік прокуратураларының қызметкерлерін тарту мүмкіндігі қарастырылған. Мәселен, күрделі қаржылық операциялар немесе шетелдегі активтерге қатысты тексерулер жүргізілген жағдайда қосымша сарапшылар мен мамандарды тарту көзделеді.

– Жобамен Активтерді қайтару жөніндегі қызметінің тексеруге бастамашылық жасау, оны тағайындау және жүргізу тәртібін реттейтін жекелеген нормалар нақтыланады. Құқықтық айқындық мақсатында және аяқталмаған тексерулер бойынша шағым жасау тәуекелдерін болдырмау үшін бұйрық жобасына кері күш беру ұсынылады, – деп атап өтті комитет.

Бұған дейін Бас прокурор 2026 жылғы 6 қаңтардағы бұйрығымен Бас прокуратураның Активтерді қайтару қызметі туралы ережені бекіткен еді.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью