Курьерлік қызмет еңбек нарығына қалай әсер етті?

15.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Фото: istockphoto.com

Кейінгі жылдары курьерлік қызмет еңбек нарығындағы ең қолжетімді табыс көздерінің біріне айналды. Әсіресе тұрақты жұмыс таба алмағандар, студент жастар мен қосымша табыс іздеген азаматтар үшін бұл сала уақыт талабынан туған мүмкіндік болды. Алайда оның сырт көзге байқала бермейтін қиындықтары да аз емес.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, тапсырыс жеткізушілердің орташа айлық табысы 400-500 мың теңге аралығында. Бір қарағанда бұл жаман көрсеткіш емес. Дегенмен мұндай табысқа жету үшін көптеген курьер күніне 12-15 сағатқа дейін еңбек етуге мәжбүр. Яғни жоғары табыс көлемі жұмыстың қарқыны мен еңбек жүктемесінің ауырлығына тікелей байланысты. Қолайсыз ауа райы, жолдағы қауіп-қатер, уақытпен санасқан тығыз жұмыс кестесі олардың күнделікті кәсібінің ажырамас бөлігіне айналған.

Алматыда курьерлік қызметке қойылатын талап күшейеді

Кейінгі уақытта электровелосипедпен қатынайтын курьерлерге қатысты бақылаудың күшеюі де қоғам назарын осы саладағы өзекті мәселелерге аударды. Заң талаптарын бұзған жүргізушілердің көлігі айып тұрағына қойылып жатыр. Құқық қорғау органдары мұндай шараларды қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатымен түсіндірсе, курьерлер оны еңбек ету мүмкіндігін шектейтін фактор ретінде бағалайды.

Тапсырыс жеткізушісі Марат Тойлыбайдың айтуынша, электровелосипед курьерлер үшін жай ғана көлік емес, еңбек өнімділігін арттырып, денсаулыққа түсетін салмақты азайтатын құрал.

«Нәпақамызды осы жұмыстан тауып жүрміз. Жаяу жүрген кезде аяғым жиі ауыратын. Электровелосипед жұмысымызды жеңілдетеді. Кейінгі кезде рейдтер жиілеп, кейбір әріптестеріміздің көлігі айып тұрағына қойылып жатыр. Заң талаптарын түсінеміз, бірақ еңбек етуге де қолайлы жағдай жасалса дейміз», дейді ол.

Курьерлерлік қызметтің мәселесі тек көлікпен шектелмейді. Кейінгі жылдары платформалық жұмыспен қамту жүйесін заңдастыру мақсатында мемлекет бұл саладағы азаматтарды салық және міндетті әлеуметтік төлемдер жүйесіне енгізді. Алайда көптеген курьер табысынан тиісті төлемдерді аударғанымен, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік кепілдіктер тұрғысынан өзін толық қорғалған сезінбейтінін айтады. Яғни олар экономиканың белсенді қатысушысына айналғанымен, әлеуметтік қолдаудың нақты тетіктерін әлі де жеткілікті деңгейде сезіне қойған жоқ.

Курьер табысы қанша?

Саланың тағы бір өзекті мәселесі – қызмет көрсету сапасы. Кейінгі уақытта тұтынушылар тарапынан жеткізу мәдениеті мен санитарлық талаптардың сақталуына қатысты сын-пікірлер жиілеген. Әсіресе тасымал сөмкелерінің тазалығы мен тапсырысты жеткізу сапасына байланысты шағым көп.

Алматыда сәбиімен курьер болып жүрген әйелдің атынан алаяқтар ақша жинаған

Тұтынушы Азамат Қанатұлы жеткізу қызметінің күнделікті өмірді жеңілдеткенін айтқанымен, сапа мәселесіне де назар аудару қажет деп санайды.

«Жеткізу қызметі халыққа өте ыңғайлы әрі қолжетімді. Дегенмен кейде тапсырыстың бүлініп немесе төгіліп келетін жағдайлары кездеседі. Мұндай кемшіліктер болғанымен, адал еңбек етіп жүрген курьерлердің еңбегін де жоққа шығаруға болмайды», дейді ол.

Курьерлерге қатысты түйткілдер Үкімет назарынан да тыс қалған жоқ. Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға электровелосипедтер мен скутерлер қозғалысын құқықтық тұрғыдан реттеу мәселесін қарастыруды тапсырды. Бұл ең алдымен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр.

Курьерлік қызмет қауіпті ме?

Сарапшылар курьерлік қызметтің кең таралуын еңбек нарығындағы өзгерістердің көрінісі ретінде бағалайды. Бір жағынан, бұл сала мыңдаған адамды жұмыспен қамтып, тұрақты табыс табуға мүмкіндік беріп отыр. Екінші жағынан, жоғары білім алған жастардың бір бөлігінің мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, платформалық жұмыспен айналысуы еңбек нарығындағы құрылымдық мәселелердің бар екенін аңғартады.

Сондықтан мәселені тек жол қозғалысы ережелері немесе жеткізу қызметінің сапасы аясында қарастыру жеткіліксіз. Бұл – еңбек қатынастары, әлеуметтік қорғаныс және жұмыспен қамту саясаты тоғысқан күрделі мәселе.

Вице-министр курьер болып жүрген жас анаға қатысты пікір білдірді

Мемлекет басшысы еңбек адамының мәртебесін көтерудің маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Осы тұрғыдан алғанда, курьерлердің де еңбегі лайықты бағаланып, олардың қауіпсіз еңбек етуіне және әлеуметтік қорғалуына қажетті жағдай жасалуға тиіс. Қоғамдық қауіпсіздік пен заң талаптарын сақтау маңызды. Алайда бұл талаптар күнделікті тіршілік қамымен еңбек етіп жүрген азаматтардың мүддесімен ұштасқанда ғана өз нәтижесін береді.

Дамира ТӨЛЕГЕН,

ЕҰУ студенті.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью