Күштеп көшірілген ауыл, ескі қорымдар: жұрт біле бермейтін Астана

16.05.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Астананың сол жағалауындағы жаңа үйлерге көшіп келген кейбір тұрғындар терезеден ескі мұсылман рулық қорымдары көрінетінін білгенде таңғалған. Себебі құрылыс салушылар бұл жайында алдын ала ескертпеген.

Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін

Астананың сол жағалауында, жаңа тұрғын үй кешендерінің жанында ескі мұсылмандық рулық зираттар сақталған, олар туралы ауданның көптеген тұрғындары тіпті білмейді де. Бұл зираттар қазіргі елорда пайда болғанға дейін осы жерде болған және 1964 жылы кәріз коллекторының құрылысына байланысты мәжбүрлі түрде көшірілген Талдыкөл ауылының тарихымен байланысты. Сәулетші-зерттеуші Теміртас Ысқақовтың айтуынша, Талдыкөл көлдер жүйесінің аумағында әртүрлі рулардың қазақтары өмір сүрген, ал ескі ауылдардан бүгінгі күнге дейін бірнеше зират сақталған. Солардың бірі — «Талдыкөл» зираты, ол осында жерленген адамдардың ұрпақтары қорғай бастағанға дейін ұзақ уақыт бойы қоршаусыз қалып, еріген су астында қалып келген. Бұл өлкенің тарихы кем дегенде XIX ғасырдан бастау алады: мұнда ауылшаруашылығымен, балық аулаумен, қымыз өндірумен айналысатын ауылдар болған. Тағы бір қорым — «Омар» — қазір іс жүзінде құрылыс қоршауының ішінде қалып қойған, ал құрылыс оған тым жақын келген, бірақ бұл жер XIX ғасырдан бері белгілі және ертедегі кеңестік карталарда археологиялық ескерткіш ретінде көрсетілген. Елорданың сол жағалауындағы үшінші зират «Башан» да бұрынғы Талдыкөл ауылымен және рулық тарихпен байланысты, бірақ бүгінде оның жанында стихиялық құрылыс қоқысының үйіндісі пайда болған. Дегенмен 2023 жылы Нұра ауданының билігі қорымдар мәселесін бақылауға алды, содан кейін олар ресми мәртебе алып, қоршалды. Материалда Астананың оң жағалауындағы «Қараөткел» зираты туралы бөлек айтылады — бұл қаланың ең маңызды тарихи қорымдарының бірі, онда тіпті XVII ғасырдың қабірлері бар. «Қараөткелде» мұсылман қайраткерлері, көпестер, ескі Ақмола тұрғындары, депортацияланғандар, сондай-ақ тарихи деректер бойынша Кенесары сарбаздары жерленген. Зиратты бірнеше рет құрылыс алаңына айналдыруға немесе қала мұқтажына пайдалануға әрекет жасалған, бірақ жергілікті тұрғындар мен зерттеушілер оны қорғап қала алды. Бұл материалдың басты ойы — Астана тек жаңа даңғылдар мен тұрғын үй кешендері ғана емес, сонымен қатар бізге дейін осында өмір сүрген адамдарға құрмет ретінде сақтау маңызды болатын естелік орындары екендігінде.

Қазір бұл зираттарға адам жерленбейді: қорымдар жабылып, қорғауға алынған. Алайда олардың қоршауының ар жағында талай ғасырдан сыр шертетін тарих бар.

Tengrinews.kz тілшілері осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын күштеп таратылған жергілікті ауылдың тағдыры туралы мәлімет жинады. Сондай-ақ, сол ауылдың ұрпақтары ата-баба қорымдарын құрылысқа бергізбей, қалай аман сақтап қалғанын зерттеді. Бұдан бөлек, редакция елордадағы ең танымал тарихи жерлеу орындарының бірі — "Қараөткел" қорымына барып қайтты.

Бұл — Қазақстан елордасының сол жағалауы. Картада осы аумақта орналасқан төрт мұсылман рулық қорымының орны көрсетілген.

Google maps негізіндегі инфографика

Біз солардың үшеуі туралы баяндаймыз.

ҚАЗІР ТАЛҚЫЛАНЫП ЖАТЫР

Медалін шешуді ұмытып кеткен қазақстандық спортшы әуежайда қызық жағдайға тап болды

29 сәуір 08:10 1

Салтанат Нүкенованың ағасы Бишімбаевтың қарындасымен “хайп“ жасады деген айыптауларға қатысты соттасты

12 мамыр 13:53 1

Қызылордада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту тақырыбында форум өтті

12 мамыр 22:48 2

"Талдыкөл" зираты

"Талдыкөл" зираты. Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Бұл аймақпен танысуымызды "Талдыкөл" зиратынан бастаймыз. Ол Сығанақ көшесінің ең аяғында орналасқан.

Бұл материалдың видео нұсқасын біздің Tengri TV YouTube-арнасынан көре аласыздар.

Қызығы, осы маңда кезінде аттас ауыл болған. Ал өткен ғасырдың 60-жылдары ол жердің тұрғындары мәжбүрлі түрде көшірілген. Бұл туралы біз сәулетші-зерттеуші және Fading.TSE платформасының негізін қалаушы Теміртас Ысқақовпен әңгімелестік:

"Талдықөл көлдер жүйесінің аумағында арғынның Алтай, Қарпық, Темеш, Бөрші және Қырғыз-Төртуыл руларының қазақтары тұрған. Осында мекен еткен халықтан бізге төрт зират сақталып қалды. Бесеу еді, бірақ біреуі құрылыс кезінде жойылып кетті", — дейді ол.

Теміртас Ысқақов. Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

 Біз Теміртас Ысқақовпен бірге дәл осы көне "Талдыкөл" қорымының жанында тұрмыз. Бір кездері бұл жерде қоршау да болмаған, ал зиратты еріген қар суы жиі басып қалатын. Алайда 2008 жылы осында жерленген адамдардың ұрпақтары ескі қорымды қоршап, атауы жазылған тақтайша орнатқаннан кейін жағдай өзгерді.

Әйтсе де бұл жердің тарихы әлдеқайда тереңде жатыр. XIX ғасырдың өзінде мұнда жартылай көшпелі қазақ ауылдары болған. Олар туралы алғашқы құжаттық деректер 1841 жылға, Ақмола пайда болған кезеңге тиесілі.

Кейін бұл ауылдар түрлі әкімшілік өзгерістерді бастан өткерді. Ал ұжымдастыру жылдары олардың негізінде "Башан" колхозы құрылды. Кейін оның атауы бірнеше рет өзгерген: "Талдыкөл", Булганин атындағы колхоз, Свердлов атындағы колхоз деп аталып, соңында "Воздвиженский" совхозының құрамына кірген.

Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Бүгінде астаналықтардың көбі бұл туралы біле бермейді. Сондықтан Талдыкөлдің өзі туралы әңгіме (құрылыс жұмыстарына байланысты көлдер жүйесі айтарлықтай зардап шекті — ред. ескертпесі) — бұл тек экология мәселесі емес, сонымен қатар, қазіргі Астана бой көтергенге дейін осы жерде өмір сүрген ескі ауылдар мен адамдар туралы тарихи жады.

Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Айтпақшы, ауыл 1964 жылғы 3 сәуірде тіршілік етуін тоқтатты. Сол кезде Целиноград облыстық еңбекшілер депутаттары кеңесінің атқару комитеті Талдыкөл тұрғындарын көшіру туралы шешім қабылдаған. Себебі — кәріз коллекторының құрылысы. Құжат бойынша халықты өте қысқа мерзімде — 15 сәуірге дейін көшіру міндеттелді. Яғни, барлық жұмысқа екі аптадан да аз уақыт берілген. 

Ауыл шамамен мына жерлерде орналасқан:

Талдыкөл ауылы орналасқан болуы мүмкін аймақ. Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Теміртас Ысқақовтың айтуынша, 1964 жылы таратылғанға дейін Талдыкөл шамамен 300 адам тұрған толыққанды ауыл болған. Ол екі бөліктен — үлкен және кіші ауылдан тұрған. Екеуінің ортасында әкімшілік ғимарат, кітапханасы бар жетіжылдық мектеп, дүкен, қоймалар, сүт және ет фермалары орналасқан.

Тұрғындардың негізгі кәсібі ауыл шаруашылығы еді: мұнда бидай, күнбағыс, тары, арпа, сұлы, көкөніс өсірілген, бау-бақша да болған. Бұдан да ертеректегі деректерге сүйенсек, XIX ғасырда жергілікті халық балық аулап, оны революцияға дейінгі Ақмоланың базарларына жеткізіп отырған. Ауыл қымыз өндірісімен де танылған.

"1941 жылы мұнда шамамен 1300 гектар ауыл шаруашылығы жері болған. Сондай-ақ дереккөздерге қарағанда, Ақмола базарына осы жерден алты мың литрдей қымыз жеткізіліп отырған", — дейді зерттеуші.

Ауыл таратылғаннан кейін тұрғындардың көбі Қорғалжын ауданына көшірілген. Кейін олардың бір бөлігі мен ұрпақтары қайта оралды. Бүгінде олар осы жерде өмір сүрген және Талдыкөл зираттарына жерленген адамдардың есімін жаңғыртып жүр. 2024 жылы ұрпақтары бейіті анықталған немесе отбасы жадында осы жерде жерленгені сақталған 200-ден астам адамның тізімін жасады.

Сол ұрпақтардың бірі — Ыбырайтегі Ақтайлақ "Талдыкөл толқындары" атты кітап жазған. Онда кезінде осы жерде тұрған адамдардың естеліктері, фотосуреттер, құжаттар және басқа да нақты мәліметтер берілген.

Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Тарихшылар Талдыкөл қорымдарын ескі Ақмоланың үлкен тарихи-мәдени қабатының бір бөлігі ретінде қарастырады. Олар "Бозоқ", "Қараөткел" және басқа да ескерткіштермен бір қатарға қойылады, бұл жерлердің кеңестік кезеңнен және қазіргі елорданың пайда болуынан әлдеқайда бұрын қоныстанғанын көрсетеді.

"Бұл – қазақ мәдениеті мен кеңестік кезеңге дейінгі дәуірдің іздері. Мұнда су жүйесі өте тығыз болды: көлдер, Есіл өзені, жақын маңда Нұра ақты. Бұл құнарлы жерлер, жақсы жайылымдар еді. Қазір мұның бәрі қалай көрінгенін тек көз алдымызға елестете аламыз", — деп толықтырды Теміртас Ысқақов.

"Омар" зираты

Әрі қарай біз "Омар" қорымына бет алдық.

"Омар" қорымы. Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Өкінішке қарай, ол биік құрылыс қоршауының тасасында қалып қойған. Болжам бойынша, болашақта мұнда көл жанындағы экосаябақтың бір бөлігі болатын сквер пайда болуы мүмкін. Рас, зираттың бұл жобаға қалай енетіні әзірге белгісіз.

Әзірге оның қазіргі күйін тек дрон арқылы түсірілген суреттерден бағалай аламыз. Құрылыс қорымға тықырлап таяп келген. Әуеден түсірілген суреттерден аумақтың бір бөлігі құрылыс алаңының астында қалғанын да байқауға болады.

Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Теміртас Ысқақовтың айтуынша, "Омар" қорымы XIX ғасырдан бері белгілі. Оны алғашқылардың бірі болып өлкетанушы Леонид Семенов сипаттаған. Мұнда ескі ауылдардың тұрғындары да, кеңес заманында осы маңда тұрғандар да жерленген. Айта кетейік, қаланың алғашқы кеңестік карталарында бұл жер археологиялық ескерткіш ретінде белгіленген.

Зерттеушілердің мәліметінше, мұнда 19-ға жуық құлпытас табылған. Бірақ зираттың қазіргі жағдайы — көбіне қала құрылысының салдары. Кейінгі жылдары аумақты игеруге байланысты қабірлердің бір бөлігі басқа жерге көшірілгені туралы ақпарат бар, бірақ бұған құжаттық дәлел табу мүмкін болмады. Қазір аумақтың жиегімен заманауи көшелер, соның ішінде Төле би көшесі өтеді, жақын маңда тұрғын үй кешендері салынған. Соған қарамастан, "Омар" — Талдыкөл көлдері ауданындағы маңызды тарихи нысандардың бірі.

"Башан" зираты

Сол жағалаудағы зираттарды зерттеуіміздің үшінші әрі соңғы нүктесі "Башан" қорымы болды. Оған тек құрылыс емес, сонымен қатар, бей-берекет үйілген құрылыс қоқыстары да жақындап қалған.

"Башан" зираты. Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Бұл, әрине, өте өкінішті жағдай. Өйткені осыдан бірнеше жыл бұрын ғана мұнда әдемі, жазық дала болатын.

Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Бірақ айта кетерлік маңызды жайт, 2023 жылы Нұра ауданы әкімі аппараты төрт қорым мәселесін бақылауға алды. Егер бұрын олар ешқандай құжатта көрсетілмесе, енді ресми мәртебеге ие болды. Сондай-ақ, олар қоршаумен қоршалған. Енді олардың орнына кездейсоқ тұрғын үй кешені немесе бизнес орталығы салына алмайды.

Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Енді қорымның өзіне тоқталсақ. Ол бұрынғы Талдыкөл ауылының аумағына жатады. Жерлеу мерзімдері мен құлпытастардың түріне қарағанда, бұл сақталған Талдыкөл зираттарының ішіндегі ең көнелерінің бірі болуы мүмкін. Оның "Башан" деген атауы кеңестік кезеңдегі жер атауымен емес, рулық тарихпен байланысты. Еске сала кетейік, кезінде ру да, кейін "Талдыкөл" деген атпен белгілі болған ауыл да осылай аталған. Аңыз бойынша, бұл атау Орта жүздің беделді биі Башанның есімімен байланысты.

"Кеңес дәуірінде, әсіресе 1970 жылдары су жинақтағыш салынғаннан кейін, Целиноград тұрғындарының көбі “башан” сөзін тұндырма көлдермен байланыстырып, оған жағымсыз реңк бере бастады. Бірақ ауыл ұрпақтары үшін бұл тұрмыстық не кемсіту мағынасындағы атау емес, ата-баба жады мен болмысының бір бөлігі", — дейді сәулетші-зерттеуші Теміртас Ысқақов.

Құлпытастағы жазу: "Әрбір тірі жан өлімнің дәмін татады". Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

"Зиратта кейінгі кезеңдегі темірбетон құлпытастармен қатар, шамамен XIX ғасырдың соңы — XX ғасырдың басына жататын табиғи тастан жасалған ескерткіштер де бар, тіпті 1740 жылғы құлпытас та сақталған", — деп жалғастырды Ысқақов. — "Ескі тастардағы жазулар өшіп қалған, алайда кейбір бетон ескерткіштерде олар әлі сақталған. Мысалы, әйел адам жерленген қабірлердің бірінде Құран аяты қашап жазылған: "Әрбір тірі жан өлімнің дәмін татады". Бұл осы жерде өмір сүрген, сүйген, отбасын құрған және өмірден өткен адамдар туралы қарапайым әрі әсерлі ескерту. Осының аясында табиғи құндылық пен тарихи жады қатар тұрған аумақтың қазіргі құрылысы өте ауыр қабылданады. Мұны сақтаудың орнына, бұл жерде ойын-сауық нысандары мен таунхаустар бой көтеріп жатыр".

"Қараөткел" зираты

Айтпақшы, ақпарат алу үшін Теміртас Ысқақовқа жүгінгеніміз бекер емес. Ол көп жыл бойы елорданы зерттеумен айналысып, тарихи нысандарды қорғап, қаланың сәулеттік бейнесін сақтау үшін күресіп келеді. Мысалы, оның арқасында Астана саябағындағы 100 жылдық терек пен караоке ашылмақ болған тарихи ескерткіш — ақмолалық көпес Иван Силиннің үйі сақталып қалды.

Зерттеуші бізге елорданың қызық жерлерін екі рет көрсеткен болатын.

Сонымен қатар, Теміртас Ысқақов тұрақты түрде экскурсиялар өткізіп тұрады. Оның бағыттарының бірі қаладағы көптеген хикаялар мен аңыздарға арқау болған танымал "Қараөткел" зираты (елорданың оң жағалауында орналасқан) арқылы өтеді.

Біз де, әрине, бұл жер туралы көбірек білу үшін осы мүмкіндікті қалт жібермеуге тырыстық.

"Қараөткел" зираты. Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Зерттеушінің айтуынша, "Қараөткел" қорымы — Астананың ең маңызды тарихи ескерткіштерінің бірі. Мұнда табылған алғашқы қорымдар 1609 жылға жатады (одан да ертерек жерленгендер болуы әбден мүмкін), ал соңғы жерлеу рәсімдері 1960-жылдары жүргізілген. 1962 жылы зират ресми түрде жабылды.

Оның ерекшелігі — бұл Қазақстан үшін сирек кездесетін, тікелей қала ішінде сақталып қалған ірі қорым. 2010 жылы "Қараөткел" жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени мұра нысандарының тізіміне, ал 2017 жылы Қазақстанның киелі жерлер картасына енгізілді.

Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

ХІХ ғасырда, Ақмоланың негізі қаланған кезде, зират қаланың шетінде болатын. Бұл жерде мұсылмандар: имамдар, ишандар, медресе ұстаздары, сондай-ақ, қазақ және татар көпестері, мещандар мен Ақмоланың танымал тұрғындары жерленген. Олардың көбі қаланың дамуына үлес қосты: мешіттер, мектептер мен қоғамдық ғимараттар салды. Осында мәңгілік мекен тапқандардың арасында Баймұхамед Қосшығұловтың (беделді ақмолалық көпес) мен оның ұлдарының есімі аталады.

"Мұнда тек мұсылмандар жерленбеген, — деп нақтылайды Теміртас Ысқақов. — Зерттеушілер қорым аумағында христиан және еврей зираттары да кездесетінін айтады. XX ғасырда, 1940-жылдары, мұнда жер аударылғандар да, оның ішінде шешендер мен ингуштар да жерленген. Мысалы, бұл зиратта Микаил Гуцериевтің (ресейлік миллиардер, Мемлекеттік думаның ІІ және ІІІ шақырылымдарының депутаты — ред. ескертпесі) туыстары жерленген. 2012 жылы ол қорымның айналасына жаңа қоршау салуды қаржыландырды, өйткені мұнда оның туған атасы (ингуш ретінде 1944 жылы ҚазКСР-ге жер аударылған — ред. ескертпесі) мен бауырлары жатыр".

Бүгінде зерттеушілердің бағалауынша, "Қараөткелде" 10 мыңнан астам адам жерленген, бірақ екі мыңнан сәл ғана астам құлпытас сақталған. Көптеген зират ескерткішсіз қалған. Сондықтан қорым әлі күнге дейін үлкен ғылыми қызығушылық тудырып, зерттеліп жатыр.

Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Мұндағы ерекше орын Кенесары сарбаздарының бауырластар зиратына тиесілі. Ол 2010-жылдары табылды. Тарихи деректер бойынша, мұнда 1838 жылдың жазында Ақмола түбіндегі кескілескен шайқастар кезінде қаза тапқан Кенесарының үзеңгілестері — 50 есауыл мен 200-ге жуық сарбаз жерленген.

Анықтама: әңгіме Кенесары Қасымовтың басшылығымен қазақтардың Ресей империясына қарсы көтерілісі туралы болып отыр. Ол 1837 жылдан 1847 жылға дейін 10 жылға созылды.

Бүгінде бұл — қорымның зерттеушілер, қала тұрғындары мен туристер келетін ең маңызды киелі орындарының бірі.

Кенесары сарбаздарының бауырластар зиратының басындағы құлпытас. Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

2000-жылдары да мұнда жерлеу рәсімдері болды. Бірақ олардың жөні бөлек.

"Соңғы қайта жерлеу рәсімдерінің бірі 2011 жылы өтті: Мәскеудегі Дон зиратынан мұнда Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановтың күйеу баласы, Елизавета Бөкейханованың жолдасы Смағұл Сәдуақасовтың сүйегі көшірілді, — дейді зерттеуші. — Оған ескерткіш құлпытас қойылды. Сонымен қатар, мұнда Орта жүздің соңғы ханы — Сәмеке ханның сүйегі жерленуі мүмкін деген деректер бар. Ресми түрде оның қабірі Түркістанда орналасқан, бірақ бір нұсқа бойынша, ол осы өңірде қаза тауып, сүйегінің бір бөлігі осында жерленген, ал бір бөлігі кейінірек Түркістанға жеткізілген".

Осыдан 15 жыл бұрын бұл зират мықтап қоршалмаған еді. Қала тұрғындары жолды қысқарту үшін оның ішімен өтетін, ал аумағында қаңғыбастар түнейтін. Жалпы, бұл жер қараусыз қалып, мүшкіл күйде болатын.

Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Зираттың өзі — құрылыс компаниялары үшін майлы қиян. Ол оң жағалаудың дәл орталығында орналасқан. Түрлі жылдары мұнда үй салуға — осы үлкен аумақтың бір бөлігіне болса да ғимарат тұрғызуға немесе көше салуға әрекеттер жасалды.

Бірақ әр кез жергілікті тұрғындар бұл орынды қорғап қала алды. Тіпті, мынадай ақпарат та қолданылды: "Қараөткелге" тиісуге болмайды, өйткені мұнда сүзек пен тырысқақтан қайтыс болғандар жерленген. Ондай жерлеу орындары шынымен де бар.

Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

"Шын мәнінде, қазақтың дәстүрлі мәдениетінде зираттан қорқу деген болмаған. Аруақтар ниеті түзу адамдарға зиян тигізбейді, керісінше — оларды жебеп жүреді деп есептелген. Даладағы кесенелер тек киелі функцияны атқармаған. Олар жолаушылар мен шопандар үшін пана, жол нұсқайтын бағдар, Құран оқып, қорғаныш сұрайтын орын бола алған. Зираттар — бұл қорқынышты көршілік емес, бізге дейін осында өмір сүрген жандар туралы естелік", — деп бөлісті өз ойымен Теміртас Ысқақов.

"Экскурсиямыздың" аяғында біз онымен қала тек жаңа даңғылдар, тұрғын үй кешендері мен заманауи ғимараттар емес, сонымен қатар, тағзым ететін киелі орындар екені туралы сөйлестік.

Сол жағалаудағы ата-баба зираттары, оң жағалаудағы "Қараөткел" — мұның бәрі кезекті құрылыс үшін Астана картасы мен тарихынан жай ғана сызып тастауға болмайтын өткеннің бір бөлшегі.

Қала дамып, өзгеруі және заманауи бола түсуі мүмкін. Бірақ ең маңыздысы — осы процесте бізге дейін өмір сүрген жандарға және сол адамдардың өздері мен өздерінен кейін қалдырған естеліктеріне деген құрметті жоғалтпау.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью