Күшті жел туралы алдын ала ескертілген: Каспийдегі әскерилер қаза тапқан күнгі ауа райы туралы не белгілі

25.09.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

23 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу қарсаңында "Қазгидромет" аймақта желдің күшейетіні туралы ресми ақпарат таратты. Ескерту 24 қыркүйекте де күшінде болды, ал облыс тұрғындарының ұялы телефондарына қосымша хабарламалар келген. Синоптиктер нақты нені болжады және қайғылы оқиғаны тергеу туралы не белгілі - Tengrinews.kz материалында.

Қатты жел туралы алдын ала ескертілді

"Қазгидромет" РМК Маңғыстау облыстық филиалының құжатына сәйкес, 23 қыркүйек сағат 20:00-де дауылды ескерту жарияланған. Ол 23 қыркүйек сағат 20:00-ден 24 қыркүйек сағат 20:00-ге дейінгі кезеңді қамтыды.

Ескерту 24 қыркүйекте - әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде қайғылы жағдай болған күні де күшінде болды.


Скриншот: Қазгидромет

"Қазгидромет" мәліметтері бойынша, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысының солтүстігі мен орталығында құмды дауыл күтілген. Сонымен қатар, облыстың батысында, солтүстігінде және орталығында екпіні секундына 15–20 метрге жететін оңтүстік-шығыс желі болжанды.

Сондай-ақ ескертуде облыстың батысында, солтүстігінде және орталығында жоғары өрт қаупі, ал солтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі туралы хабарланды. Ақтауда жоғары өрт қаупі сақталады.

Анықтама: Дауылды ескерту - бұл "Қазгидрометтің" болжанатын қауіпті немесе қолайсыз ауа райы құбылыстары туралы ресми хабарламасы. Бұл жағдайда әңгіме қатты жел мен құмды дауыл туралы болды.

Қатты жел туралы SMS арқылы да ескертілді

Ауа райы жағдайлары туралы ақпарат тек "Қазгидрометтің" ресми құжаты түрінде ғана емес, басқа да жолдармен таратылған.

24 қыркүйекте Маңғыстау облысы тұрғындарының ұялы телефондарына хабарламалар келді. Онда да желдің 15–20 метр секундқа дейін ұйытқуы, ықтимал құмды дауыл және басқа да қолайсыз жағдайлар туралы ескертілген.


Хабарламалардың скриншоты

Бір күн бұрын тағы бір ескерту жасалған

Сонымен қатар, дауылды ескерту 22 қыркүйекте де жарияланған болатын. "Қазгидромет" құжатына сәйкес, №22 ескерту 22 қыркүйек сағат 20:00-ден 23 қыркүйек сағат 20:00-ге дейін қолданыста болды.


Скриншот: Қазгидромет

Онда 23 қыркүйекте Маңғыстау облысында шығыс және оңтүстік-шығыстан жел соғатыны хабарланған. Күндіз облыстың батысында, солтүстігінде және орталығында желдің екпіні секундына 18 метрге дейін жетеді деп болжанған.

Тергеу туралы не белгілі?

Бұған дейін Қазақстанның Бас прокуратурасы Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуын тергеу туралы хабарлаған болатын. Ведомство мәліметінше, тергеушілер оқиға орнын қарап, 30-дан аса әскери қызметшіден жауап алды, құжаттар мен видеоматериалдарды тәркіледі. 12 сараптама тағайындалды.

Бас прокуратура қызметке салғырт қарады, сондай-ақ ауа райы жағдайларын ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігі үшін бақылауды қамтамасыз етпеді және қажетті шараларды қолданбады деп айыпталған лауазымды тұлғалардың анықталғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, тергеу құтқару жұмыстары тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған, бұл адам өліміне әкеп соқтырған деп санайды.

Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз жаттығулары кезінде әскери қызметшілер Каспий теңізінде суға ағып кеткен. Олар оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жатқанда, ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген.

Бастапқыда 19 әскери қызметші суға кеткені хабарланған болатын. Кейін Маңғыстау облысының әкімдігі 17 адам екенін нақтылады.

Сонымен қатар бүгін, 25 қыркүйекте екі әскери қызметші - сержант Мансұр Ғұмаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денесі табылды. Қайғылы оқиғадан 14 адам қаза тапты.

Қайғылы оқиғаны тергеу үшін үкіметтік комиссия құрылды. Оны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады. Комиссия қайғылы оқиғаның себептерін анықтап, қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуі тиіс.

Әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Қорғаныс министрлігі Каспийдегі іздеу операциясының кадрларын көрсетті

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью