Кванттық кезеңнің көкжиегі

25.07.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Жаңа чиптің мүмкіндігі қандай?

Majorana 2-нің басты ерекшелігі – оның құрамындағы кванттық биттердің, яғни кубиттердің тұрақтылығы. Кванттық ком­пьютердің қуаты да, болашағы да осы кубиттердің сапасына тікелей байланысты. Бұрын кубиттер кванттық күйін өте қысқа уақыт қана сақтайтын. Ал жаңа чипте бұл көрсеткіш айтарлықтай жақсарған. Маман­дардың айтуынша, кубиттердің тұрақты­лығы мың есеге артқан. Бұл есептеулердің сенімді әрі нақты орындалуына жол ашады.

Кванттық компьютерлердің мүмкіндігі бүгінгі дәстүрлі компьютерлерден мүлде бөлек. Олар қазір шешімі қиын, ұзақ уақыт пен үлкен ресурс талап ететін күрделі есептерді әлдеқайда жылдам орындай алады. Мәселен, жаңа дәрі-дәрмек әзірлеу, климаттың өзгерісін модельдеу, жаңа материалдар жасау, энергетика саласындағы күрделі есептеулерді жүргізу секілді бағыт­тарда кванттық технологияның пайдасы зор болмақ.

Бұл жетістікке жетуде Agentic AI деп аталатын жасанды интеллект жүйесінің де үлесі бар. Мұндай жүйе тапсырманы өздігінен жоспарлап, оны бірнеше кезең бойынша орындауға көмектеседі. Дегенмен ол ғалымдардың орнына шешім қабыл­дамай­ды. Жасанды интеллект үлкен кө­лемдегі ақпаратты талдап, маңызды бай­ланыстарды көрсетеді, тәжірибелерді жос­парлауға және алынған нәтижелерді ба­ғалауға жәрдемдеседі.

Microsoft мамандарының айтуынша, жасанды интеллект қазір зертханадағы күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігіне айналып келеді. Ол өндіріс барысын бақы­лауға, өлшеу жұмыстарын автоматтандыруға, бұрын көзге түспеген ақауларды анықтауға және жаңа ғылыми болжамдар ұсынуға мүмкіндік береді. Кванттық чип жасау кезінде зерттеушілер жүздеген параметрді қатар бақылауы керек. Бұрын мұндай жұмыс апталап уақыт алса, енді жасанды интеллект көптеген есептеуді бір мезетте жүргізіп, процесті бірнеше есе жеделдетеді.

Сапаны арттыруға мүмкіндік береді

Majorana 2 былтыр таныстырылған Majorana 1 чипінің жетілдірілген нұсқасы саналады. Majorana 1 топо­логиялық асқынөткізгішті қолдануымен ғылыми ортада үлкен жаңалық ретінде бағаланған еді. Топо­логиялық асқын­өткізгіш – кванттық есептеулерді анағұр­лым тұрақты етуге мүм­кіндік беретін ерек­ше материал. Ол материя­ның жаңа күйін қалыптас­тырып, кванттық жүйенің сыртқы әсерлерге төзімді болуына жағдай жасайды.

Алғашқы Majorana асқынөткізгішін­де алюминий қолданылса, Majorana 2-де қорғасын пайдаланылған. Қорғасын әдетте ауруханалар мен өндірістік нысандарда адамдар мен жабдықтарды радиациядан қорғау үшін қолданылады. Кванттық компьютерде де оның рөлі ерекше. Қорға­сыннан жасалған асқынөткізгіш нәзік кубиттерді олардың тұрақтылығын бұзуы мүмкін ғарыштық әсерлерден қорғауға көмектеседі.

Алайда жаңа материалға көшу оңай болған жоқ. Мамандарға бірқатар техника­лық қиындық пен өзара үйлесім мәселесін шешуге тура келген. Соған қарамастан, бұл өзгеріс құрылғы сапасын айтарлықтай жақсартқан.

Кванттық есептеу жобасы бір ғана бағыттан тұрмайды. Оның ішінде бағдар­ламалық жасақтама, архитектура, дизайн, материалдар құрылымы, өндірістік про­цестер, өлшеу жұмыстары секілді көптеген күрделі сала бар. Бір бағыттағы өзгеріс екін­ші бір салаға әсер етуі мүмкін. Сон­дықтан мұндай жобада барлық байланысты қатар бақылау аса маңызды. Осы тұста AI агенттері зерттеушілерге күрделі әрі өзара тығыз байланысқан процестерді жүйелі түрде қадағалауға көмектеседі.

Жоба аясында жиналған дерек көлемі де орасан. Шамамен жиырма жылға жуық уақыт бойы жинақталған мәлімет әртүрлі форматта сақталған. Бұған дейін бұл де­ректер бөлек-бөлек жүйелерде қалып, толық пайдаланылмай келген. Ал AI аген­ттері осы ақпаратты қайта саралап, бұрын байқалмаған байланыстар мен заң­ды­лық­тарды анықтай алады. Мұншалықты көп деректі бір адамның түгел қамтып, терең тал­дауы мүмкін емес.

Microsoft бұл жаңалықпен қатар ғылыми зерттеулерге арналған Microsoft Discovery платформасын да көпшілікке ұсынды. Бұл жүйе ғалымдарға үлкен көлемдегі ақпарат­пен жұмыс істеуге, жаңа болжамдар жасауға, тәжірибелерді оңтайландыруға және зерттеу нәтижесін тезірек алуға мүмкіндік береді. Компанияның мәліметінше, платформа медицина, химия, энергетика, материалтану және өндіріс салаларында кеңінен қол­даныла бастаған.

Кванттық команда бірнеше елде жұмыс істейді. Олардың арасында физика, ме­ханикалық инженерия, өндірістік процестер инженериясы және басқа да сала мамандары бар. Бір адамның бәрін бірдей терең меңгеруі мүмкін емес. Бұл – пәнаралық ғылыми зерттеулерге тән ортақ мәселе. Сондықтан Microsoft командасы ақпаратты жүйелеу, талдау және оны басқа мамандарға оңай табуға мүмкіндік беру үшін арнайы AI агентін әзірлеген.

Жасанды интеллект әртүрлі саладағы білімді біріктіріп, ортақ жүйеге түсіре алады. Бұл мамандардың бір-бірінен жеке-жеке сұхбат алуына немесе өзге бағытты ұзақ уақыт зерттеуіне кететін уақытты үнемдейді. Агенттік жасанды интеллект қысқа уақыт ішінде мол ақпаратты қатар өңдеп, зерттеушілерге нақты ұсыныс бере алады. Бірақ соңғы шешімді бәрібір адам қа­был­дайды. Ал ғалым әрдайым процестің ішінде болады.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью