Лақай халқы Шығыс Қазақстан өңірін мекен етіп, салт дәстүрін сақтап отыр

01.05.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

– Лақайлар – этнос па, әлде ру тобы ма?

– Лақай – жай ғана ру емес. Бұл – тарихи қалыптасқан халық. Бірақ оның құрамына қарасаңыз өте күрделі. Лақай ішінде 155 ру атауы бар, соның 69-ы өзге көшпелі елдерде кездеседі, ал соның 38-і қазақ руларына дәл келеді. Сондықтан «лақайлардың едәуір бөлігі қазақтың орта және кіші жүздерінің этникалық компоненттерінен құралған» деп айтуға толық негіз бар. Қазақта «лақ» руы бар, бірақ оның лақай ұлтына қаншалықты қатысы барын айту қиын.

– Лақайларды көбіне өзбек құрамындағы түркі ұлысы деп жатады. Бұған не дейсіз?

– Лақайлар бірнеше ғасыр бойы Мәуреннахр жерінде өзбек, тәжік ортасында өмір сүрді. Әрине, бұл ықпал етпей қоймайды. Бірақ соған қарамастан, олардың тілі қазақ пен қарақалпаққа өте жақын. Тіпті дыбыстық жүйесінде «ж» дыбысының қолданылуы қазақпен бірдей. Сыртқы саяси-әкімшілік тұрғыдан өзбек құрамында болғанымен, этникалық болмысын толық жоғалтқан жоқ. 

– Лақайлардың тарихи қалыптасуы қандай кезеңдермен байланысты?

– Лақайдың атақонысы – Жиделі-Байсын. Бұл көне тарихи аймақ. Ежелгі деректерде Бактрия, Тохарстан деп аталады. Біздің заманымыздың басында бұл жерге ғұндар келді, оның ішінде «Ақ ғұндар» бар. Кейін ІХ ғасырдан бастап қарлұқтар қоныстанды. Сонымен қатар бұл өңір Дешті Қыпшақ тайпаларымен тікелей байланысты. Осы тарихи қабаттардың барлығы лақай халқының қалыптасуына әсер етті.

– Лақайлар мен қазақтардың тарихи-мәдени байланысы қандай?

– Менің негізгі тұжырымым – лақай қазақтан бөлініп қалған. Лақай – қазақ дейтін бәйтеректен ажырап қалған бір бұтақ. Себебі рулық құрамда ұқсастық көп, тілдері жақын, фольклоры бірдей. Мақал-мәтелдерді қарасаңыз, сөзбе-сөз қайталанады. Бұл – кездейсоқ сәйкестік емес, ортақ этникалық негіздің белгісі.

– Салт-дәстүрлері қандай ерекшеліктерімен көзге түседі?

– Лақай – нағыз көшпелі мәдениетті сақтаған халық. Домбыра тартады, жылқы етін жейді, киіз үйде тұрған. Негізгі шаруашылығы – мал, әсіресе жылқы баққан. Лақай жылқысы Орта Азияға әйгілі болған. Көкпар ойнайды, оны «ұлақ тартыс» дейді. Қымыз ішеді. Тіпті Жиделі-Байсында қымыз жасайтын жалғыз ел – осы лақайлар.

Фото: Жамбыл Артықбаевтың жеке мұрағатынан

– Қазақстандағы лақайлар саны туралы не айтуға болады?

– Нақты санақ жоқ. Жалпы саны бір миллионға жетпейтін халық. Былтыр осы бағытта зерттеу жүргізу барысында аталған ауылдарға арнайы барып, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысу мүмкіндігі туды. Қонақ болып, олардың шаруашылығын өз көзіммен көрдім. Шынымен де, өте еңбекқор, іске мығым халық екен. Әсіресе бау-бақша өсіруге ерекше мән береді. Түрлі көкөніс түрлерін, оның ішінде қырыққабаттың бірнеше сортын өсіріп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Оның жартысы Тәжікстанда, қалғаны Ауғанстан, Иран, Түркия, Еуропа, Америкаға дейін тарыдай шашылып кеткен. Қазақстандағы саны туралы нақты дерек келтіре алмаймыз.

– Лақайлардың ауыз әдебиеті туралы не айтасыз?

– Лақайлардың ауыз әдебиеті әлі толық зерттелмеген. Соған қарамастан, бар материалдың өзі көп нәрсені көрсетеді. Жұмбақтары, мақал-мәтелдері, баталары – қазақтікінен айырмасы жоқ. Ақындарын «соқи» дейді. «Бедала» деген жанры бар, ол біздің жаңылтпашқа ұқсайды, яғни фольклорлық жүйе түгелдей қазаққа жақын.

– Бүгінде лақайлар өз тілін, дәстүрін қалай сақтап отыр?

– Бір қызығы, олар жүздеген жыл бойы өзге ортада өмір сүрсе де, тілін сақтап қалған. Мұның себебі – рулық құрылымның беріктігі және өз ішінде үйлену дәстүрі. Бірақ қазіргі кезде өзбек әліпбиінің әсерінен тіл біртіндеп өзгеріп бара жатыр. 

– Лақай тарихында белгілі тұлғалар бар ма?

– Әсіресе Кеңес үкіметіне қарсы күрес кезеңінде лақайлар ерекше көзге түсті. Қайитқал құрбашы, Тұрсын мерген, Ибрагимбек сияқты көсемдер қозғалыстың басында тұрды. Бұл – олардың еркіндік үшін күрескен халық екенін көрсетеді.

Лақай халқы – қазақ тарихының көмескі беттерінің бірі. Осыны зерттеу арқылы біз өз тарихымызды да толық түсінеміз. Лақай – бөтен халық емес, түбі бір, тағдыры бөлек кеткен ағайын.

Еске салсақ, осыған дейін үш айда 680 мыңнан астам қазақстандық Өзбекстанға саяхаттап барғаны хабарланған. 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью