Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Атырау облыстық Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов департамент жүргізген тексеру барысында ауадағы ластаушы заттардың рұқсат етілген шекті концентрациядан асу фактілері анықталғанын мәлімдеді. Мұндай көрсеткіштер AirKZ қосымшасы мен «Қазгидромет» мәліметтерінде де тіркелген.
«Шекті концентрациядан асу фактісі бар. Ол тіркелді. Негізінен, мұндай ластану түнгі және таңғы уақытта байқалып отыр. Тұрғындар шағымынан кейін, лезде қыркүйек айының басында екі күн жүргізілген зертханалық зерттеу нәтижесінде кейбір ластаушы заттардың мөлшері рұқсат етілген нормадан бірнеше есеге жоғары екені анықталды», – деді Асқар Жүсіпов.
Айтпақшы, Атырауды жайлаған күлімсі иіс – әлеуметтік желідегі уақытша «дауыл» эффектісінде қалған жоқ. Жаппай шағымнан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері тексеру барысында экологиялық талаптардың бұзылғанын растады. Ресми мәліметке сәйкес, зауыттың күкірт өндірудің аралас қондырғысы мен каталитикалық крекинг қондырғысында авариялық жағдайлар болған. Соның салдарынан газ факельді қондырғыда жағылған. Осы кезеңдерде жағылған газдың жалпы көлемі 100 тоннадан асқан.
Министрлік мәліметінше, зауыттың кейбір технологиялық пештері мен резервуарлары бойынша шығарындылар есептелмеген, рұқсат етілген шығарындылар нормативтері белгіленбеген. Сондай-ақ автоматтандырылған мониторинг жүйесіне және қолайсыз метеорологиялық жағдайларда шығарындыларды азайту шараларына қатысты заңбұзушылықтар тіркелген. Аспаптық бақылау барысында көміртек оксиді, азот оксиді және азот диоксиді бойынша нормативтердің асып кеткені де хабарланды.
1 қазанда әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қозғау жөніндегі шешімдер прокурормен келісіліп, материалдар сотқа жолданды. Бұдан бөлек, құжаттар қылмыстық құқықбұзушылық белгілерінің бар-жоғын анықтау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді.
Ал Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығы экологиялық проблемалардың бәріне бірдей зауытты айыптауды құптамай отыр. Өйткені 2020-2026 жылдары атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың көлемін 20,1 мың тоннадан 14 мың тоннаға дейін азайтқан екен. Оның үстіне, жағымсыз иістің көзі біреу ғана болмауы мүмкін. АМӨЗ бас директоры Мұратжан Мұсайбеков те нақты қорытынды жасау үшін кешенді тексерудің нәтижесін күту қажет екенін айтады. Кәсіпорын басшылығы жауапкершіліктен жалтармайтынын және тексеруші органдарға қажетті ақпарат беріп отырғанын мәлімдеді.
Бірақ тұрғындар үшін есептегі сандардан бөлек, күнделікті өмірдегі өзгеріс маңызды. Егер шығарындылар азайып жатса, жағымсыз иіс қайдан пайда болады? Қандай заттардың концентрациясы артады? Бұл жағдайдың себептері қаншалықты жедел анықталады?
Атыраудағы жағдайды бір кәсіпорынмен ғана байланыстыруға болмайтыны рас. Ластану көздерінің қатарында «Квадрат» булану алаңы, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның кәріз нысандары, мұнай-газ кәсіпорындары, жылу электр орталықтары бар. Эколог Галина Чернова «Квадрат» булану алаңына қатысты мәселелерді көтеріп келеді. Оның айтуынша, нысанда жүргізілген өлшеулер кезінде күкіртсутек пен мұнай өнімдері анықталған. Сондай-ақ эколог «Су Арнасы» кәсіпорны қабылдайтын сарқынды суларды бақылау мәселесіне назар аударуды ұсынып отыр. Оның пікірінше, бұл бағытта қосымша зерттеу мен бақылау қажет.
Мәселені күрделендіретін тағы бір фактор – ауа райы. Жел әлсіз болғанда немесе ластаушы заттардың таралуы қиындағанда, олардың жерге жақын атмосфера қабатында жиналу қаупі артады. Сондықтан иістің нақты көзін анықтау үшін жел бағыты, ластану тіркелген уақыт, ауа құрамындағы заттардың концентрациясы және кәсіпорындардың жұмыс режимі бір мезгілде зерттелуі керек.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы