Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Қоғамдық кеңес жұмысының нәтижесі
Міне, жылдың бел ортасында Кеңестің кезекті отырысы да өтті. Қоғамдық кеңесте «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова бастап, мұқтаж топтардың мүддесін қорғаштап, сөзін сөйлейтін мүшелер бар. Осы жолдардың авторы да «Отбасы банк» Қоғамдық кеңесінің байырғы мүшелерінің бірі болғандықтан, талқыға түсетін тақырыптар қашанда етене таныс. Дегенмен, Қоғамдық кеңесте көтерілген кез келген мәселе оң шешімін табады. Оның айғағы – жоғарыда атап өткендей, жылға да толмаған аралықта
19 918 адамның өз үйіне қолы жетуі, осыншама адамның орындалған арманы.
Қоғамдық кеңестің жаңа отырысы банк жүргізіп отырған тұрғын үй реформасының нәтижелері мен жаңадан кезекте тұрғандарға арналды. Оның ішінде «Наурыз» бағдарламасы қаншалықты нәтиже берді деген сауал да бар.
Осы арада бір жыл бұрын «Отбасы банкі» ұлттық даму институтына айналғанын еске сала кеткен жөн. Себебі банк мемлекеттің ең маңызды әлеуметтік міндеттерінің бірін өз мойнына алып, үй кезегіне қою, баспана бөлу ісін жүргізіп қана қоймай, осы аралықта бүкіл елдегі бөлек-бөлек жүрген тізімдерді біріктіріп, бір ізге түсіріп, түгендеу ісін атқарды. Ең бастысы, банк тұрғын үйді жедел, ашық әрі әділ бөлуге көмектесетін «Тұрғын үймен қамту орталығы» атты жаңа ақпараттық жүйені құра білді.
Осы арада мына бір атқарылған тірлікке айрықша тоқтала кеткен жөн. «Отбасы банк» халықтың барлық бастамалардан құлағдар болып, тұрғын үй бөлуде ашық саясат жүргізу мақсатында әлеуметтік желілерде арнайы ақпараттық арналарды, атап айтқанда, Instagram-да @orken_otbasybank.kz, ал Telegram каналында @orken_otbasybank.kz – Әділ кезек алаңын ашты. Бұл бастама азаматтардың өзімен тікелей қарым-қатынас жүргізуді жеделдетіп, қажетті ақпаратты дер кезінде алуға мүмкіндік берді. Қазірдің өзінде банктің әлеуметтік желілердегі 110 мыңнан астам жазылушысы осы платформалар арқылы барлық жаңалықтан хабардар болып отыр.
Бүгінде үйсіз жандардың бірыңғай деректері базасында 1 066 240 азамат тіркеуде тұрса, оның 329 662-сі бірінші кезекте тұрғын үй бөлу құқығына ие санаттарға кіреді. 2025 жылдың қазан айынан бастап «Отбасы банк» тұрғын үйді белсенді түрде бөле бастады десек, нәтижесінде, тоғыз айда ғана банк 19 918 отандасымызды қоныс тойына жеткізді. Бұлардың барлығы қазір жалдамалы немесе ипотекалық үйлерде тұрады. Тағы 8377 пәтер шашу шашып кіретін өзінің жаңа иелерін күтіп тұр.
Салыстырмалы түрде айтсақ, бұрын еліміздегі тұрғын үй бөлу міндетін кемі 700-ге жуық қызметшісі жұмылдырылған жергілікті әкімдіктер атқаратын. Орта есеппен олар жылына шамамен 7 мыңдай тұрғын үй бөлетін еді. Қазір автоматтандыру мен цифрландыру арқасында бұл үдерістерді банктегі небәрі 20 маманнан тұратын команда атқарып отыр.
Жаңа сервис тиімділігін көрсетті
Әңгіме цифрлық табыстарға тірелгенде, оның пайдасы мен көмегіне де тоқтала кетейік.
«Отбасы банк» Еңбек ресурстарын дамыту орталығымен бірлесіп, отбасының табыс деңгейін анықтайтын бірегей қызметті іске қосқаны белгілі. Жаңа жүйе сервис жалдамалы тұрғын үйді бөлу кезінде қолданылып, отбасының барлық табыс көздерін талдап, жан басына шаққандағы жиынтық табысты есептеуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде азаматтардың жалдамалы тұрғын үй алу құқығы ешқандай анықтама жинамай-ақ, автоматты түрде анықталады.
Расында жаңа сервис тиімділігін көрсетті. Кезекте тұрған кейбір азаматтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) алынған анықтамалар арқылы табысының жоғары екенін жасыруға тырысқан жағдайлар болған. Алайда цифрлық тексеру нәтижелері теріс мәліметтер бар екендігін анықтап отыр. Соның арқасында баспана шындығында да табысы төмен әрі жалдамалы тұрғын үйден құқылы отбасыларға беріліп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, банк тұрғын үйдің бар-жоғын автоматты түрде тексеретін алгоритм әзірледі. Шешімді цифрлық жүйе қабылдайды. Бұл қателіктердің алдын алуға, субъективті көзқарасты жойып, үдерістің барынша ашық әрі әділ болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Отбасы банк» бүгінде 14 мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланғандықтан, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың белгіленген талаптарға сәйкестігі автоматты түрде, адам қатысуынсыз тексеріледі. Жүйе жылжымайтын мүліктің бар-жоғын, отбасылық жағдайын, әлеуметтік мәртебесін, басқа да критерийлерді өздігінен анықтайды. Сол сияқты банктің 1414 қызметімен бірігуі де маңызды қадамның біріне айналғанын көріп отырмыз. Соның арқасында азаматтар тұрғын үйді бөлу мәселелері бойынша қажетті ақпаратты жедел әрі ыңғайлы түрде ала бастады.
Азаматтардың әрбір өтініші жүйені жетілдіруге арқау болып отыр. Мәселен, бір жыл ішінде «Отбасы банк» тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардан 165 мыңға жуық өтінішті қарастырса, әрбір өтініш жан-жақты зерделеніп, өтініш иелеріне ұғынықты жауап қайтарылады. Өйткені осы азаматтардың ұсыныс, ескертулері де тұрғын үйді бөлуге қатысты бизнес-процестерді, алгоритмдерді жетілдіруге, заңнамалық бастамаларды әзірлеуге негіз болды.
Азаматтардың өтініштері, әлеуметтік желілердегі пікірлер мен өмірден алынған нақты жағдайларға сүйене келе, жалдамалы тұрғын үйді бөлу алгоритмі әзірленді. Бүгінде бұл алгоритм 20-дан астам өлшем мен өзара әрекеттесетін 50-ден астам бизнес-ережені қамтиды. Оған тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың басынан өткерген түрлі оқиғалары мен бұрын ескерілмеген жайттар енгізілгенін айта кету керек.
Үй кезегінде тұрғандардың құқығы қалай қорғалады?
Осы арада банктің тағы бір бастамасына ерекше тоқтала кеткен жөн. Бір жыл ішінде «Отбасы банк» ұлттық даму институты ретінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың құқықтарын қорғау мен тұрғын үйді бөлудің әділдігін арттыруға бағытталған 12 маңызды өзгеріске мұрындық болса, бұл жаңалықтарды да біле жүрген ләзім.
Біріншіден, енді «Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатындағы азаматтар үшін тіркелген мекенжайының өзгеруіне байланысты тұрғын үй кезегі мен тұрғын үйді бөлу үдерісі енді тоқтатылмайды. Тек есепке қойылған өңір ескеріледі, ал ауылдағы немесе аудандағы тіркеуде тұрған мекенжайы назарға алынбайды. Екіншіден, тұрғын үйдегі үлестің болуы енді тұрғын үй кезегін тоқтатуға негіз болмайды. Үшіншіден, егер кезекте тұрған азаматқа бұрын тұрғын үй бөлініп, ол әкімдікпен келісімшарт жасасқанымен, кейіннен келісімшартты бұзып, ұсынылған тұрғын үйден бас тартса, оның тұрғын үй кезегіндегі орны сақталады. Төртіншіден, «Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатындағы азаматтар мен мүгедектігі барлар үшін жеңілдетілген несиелік тұрғын үй рәсімдеу кезінде енді туыстарын қоса қарыз алушы ретінде тарту талап етілмейді. Төлем қабілеттілігін растауда үшінші тұлғалар қатарынан екі адамға дейін қоса қарыз алушы ретінде тартуға болады. Бесіншіден, түпкі мақсаты «бау-бақша жүргізу» арналған жер учаскесінде орналасқан саяжайдың болуы тұрғын үй бөлуге кедергі келтірмейді және тұрғын үй алу құқығынан айырмайды. Алтыншыдан, кезекте тұрған азаматтар туралы деректерде кеткен қателелерге байланысты тұрғын үй кезегі енді тоқтатылмайды. Мәліметтер азаматтың өтініші, әкімдіктің хаты немесе сот шешімі негізінде түзетілуі мүмкін. Жетіншіден, отбасы құрамы туралы деректері дұрыс көрсетілмеген азаматтар үшін мәліметтерді түзету тәртібі жеңілдетілді. Егер отбасы құрамында бөтен адамдар көрсетілсе немесе деректерде қателер анықталса, азамат растайтын құжаттарды қоса тіркеп өтініш беру арқылы мәліметтерді түзете алады. Сегізінші, 2022 жылғы әкімшілік-аумақтық реформа нәтижесінде шекаралары өзгерген өңірлерден тұрғын үй кезегіне тұрған азаматтар үшін есепке қою өңірін түзету мүмкіндігі қарастырылған. Өзгерістер азаматтың өтініші негізінде енгізіледі. Тоғызыншы, Қазақстан Республикасының азаматтығын алмаған отбасы мүшелерін есепке алу мәселесі реттелді. Егер кезекте тұрған азаматтың отбасы құрамында шетел азаматтары, оның ішінде жұбайы немесе балалары болса, олар отбасы құрамынан шығарылады. Оныншы, жалдамалы тұрғын үйді түгендеу мен бөлу барысында тұрғылықты жері бойынша тексеру талабы алып тасталды. Он бірінші, банк тұрғын үйді kezekte.kz базасының ескірген деректері негізінде бөлмейді. Енді тұрғын үй алуға үміткер кезекте тұрған азаматтар үшін түгендеуден өту міндетті шарт. Он екінші, зейнетке шыққан немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алатын мемлекеттік қызметшілер отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмаған жағдайда, кейіннен сатып алу құқығымен тұрғын үй бағдарламасына қатыса алады.
Цифрлық форматтың пайдасы көп
Қалай десек те, тұрғын үйді бөлудің автоматтандырылған жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасын тауып отыр. 2026 жылдың маусым айынан бастап әкімдік өкілдері жалдамалы тұрғын үй алған кезекте тұрған азаматтармен келісімшарттарды цифрлық форматта жасай алады. Бұл құжаттарды рәсімдеу мерзімін қысқартуға, тұрғын үйді бөлуді жылдамдатып, босатылған пәтерлерді келесі кезектегі азаматтарға жылдамырақ беруге мүмкіндік жасайды.
Қазіргі уақытта orken.otbasybank.kz порталын пайдалану, тұрғын үй кезегіндегі мәртебені тексеру немесе кезекке тұру тек компьютер арқылы атқарылады. Болашақта аталған порталдың барлық негізгі қызметі банктің мобильді қосымшасына енгізіледі. Бұл, әсіресе, компьютерге қолжетімділігі шектеулі, бірақ интернетке қосылған ұялы телефоны бар ауыл тұрғындары мен шалғай өңірлердегі азаматтар үшін маңызды болып отыр.
Жуырда orken.otbasybank.kz порталындағы кезекте тұрған азаматтың жеке кабинетінде жасанды интеллект негізіндегі интеллектуалды көмекші іске қосылмақ. Ол нақты өтініш берушінің деректерін ескере отырып, жеке кеңес беруге мүмкіндік жасайтындықтан, азаматтардың өтініштеріне жауап алу уақыты едәуір қысқарады.
Кейінгі бес жыл ішінде «Отбасы банк» 79 196 кезекте тұрған азаматтың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектессе, бір ерекшелігі, шамамен олардың жартысы, яғни 48%-ы кезегі жеткен күнді сарылып күтпей-ақ, банктің нарықтық бағдарламалары арқылы баспана сатып алған. Ал бұл тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінің тиімділігін айғақтайды. Демек, үй кезегінде тұрған талай азамат бір мезгілде «Отбасы банктегі» депозиттеріне қаражат жинақтаудың арқасында, кезегін күтпей-ақ пәтер сатып алып жатыр.
Мәселен, «Наурыз» бағдарламасымен 3 879 кезекте тұрған азамат баспаналы болды. Бұл санаттағы азаматтар үшін бағдарлама аясында төмендетілген мөлшерлеме қарастырылған және ол жылдық 7%-ды құрайды. Ал бағдарламаның басқа қатысушылары үшін несие мөлшерлемесі жылдық 9% деңгейінде белгіленген.
АЛМАТЫ