Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Жарыс жеңімпазы кениялық Себастьян Саве болды. Ол марафон қашықтығын 1 сағат 59 минут 30 секундта жүгіріп өтіп, тарихта ресми түрде екі сағаттан аз уақытта марафонды аяқтаған алғашқы адам атанды.
Екінші орынды марафон қашықтығында алғаш рет бақ сынаған эфиопиялық Йомиф Кеджелча иеленді – 1:59.41. Үшінші болып жартылай марафон бойынша әлем рекордының иегері, угандалық Джейкоб Киплимо мәре сызығын 2:00.28 нәтижесімен кесті.
Үшеуі де 2023 жылы Чикаго марафонында кениялық Келвин Киптум орнатқан 2:00.35 әлемдік рекордынан озып түсті. Саве бұл нәтижені бір минуттан астам уақытқа жақсартты.
Жеңімпаз шешуші серпілісті мәреге 10 шақырым қалғанда жасады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жарыстың алғашқы жартысында-ақ Саве әлем рекордының кестесімен келе жатқан және оны 1:00.29 уақытта бағындырған. Қашықтықтың екінші бөлігінде ол қарқынын одан әрі үдетті.
– Өзімді керемет сезініп тұрмын. Бұл – өмір бойы есте қалатын күн. Мәре сызығын кесіп өтіп, уақытты көргенде қатты қуандым, – деді Саве BBC-ге берген сұхбатында.
Кениялық спортшының жеңісі тосын жағдай болған жоқ. Ол бұған дейін өткен жылы Лондон марафонында, ал 2024 жылы Берлин марафонында жеңіске жеткен. Жарыс қарсаңында ол BBC Sport-қа жаңа әлем рекордын орнату уақыт еншісіндегі мәселе екенін айтқан еді.
Айта кетейік, жуырда гуманоид робот жартылай марафоннан ерлер арасындағы рекордты жаңартты.