Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Жалпы отырысты ашқан британ сыртқы саясат ведомствосының басшысы Иветт Купер мұндай кездесудің өзі Орталық Азиямен қарым-қатынастың басымдығын білдіретінін ерекше атап өтті.
- Біз жаһандық ахуал жылдам өзгеріп жатқанын түсінеміз және бұл барлық елге, экономикаларымызға, қоғамдастықтарымыз бен қауіпсіздігімізге әсерін тигізеді. Мұның өзіндік тәуекелдері болғанымен егер біз бірлесе әрекет ететін болсақ, онда мүмкіндіктер де ашады, - деді Купер.
Оның айтуынша, экономикалық өсім, тұрақтылық, өзара байланыс пен қауіпсіздік талқылау барысында басты назарда болды.
- Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық болашақтағы серіктестігімізді дамыту үшін айтарлықтай перспектива ашатындығына сеніміміз мол, - деді ол.
Көпжақты келіссөздерден бөлек екіжақты келіссөздер де өтті.
Қазақстан Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевпен өткен кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестиция тарту және өсімді ынталандыру үшін қосымша қадамдар жасау туралы уағдаласты.
Фото: Тимур Дүйсекеев/Kazinform- Орталық Азия – экономикалық өсімді жеделдету үшін зор әлеуеті бар маңызды өңір. Келісім жасасу британдық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерді қамтамасыз етіп, экономикалық қауіпсіздікті нығайтады және Біріккен Корольдіктің Орталық Азия мемлекеттерінің тәуелсіздігін қолдауға бейілділігін паш етеді, - деп атап өтеді Иветт Купер.
Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксуорси Астана мен Лондон экономикалық ынтымақтастықты кезең-кезеңмен кеңейтуге ниетті екенін баса айтты.
Оның бағалауынша, екіжақты сауда-саттықтың қазіргі қарқыны мұнан арғы өсім үшін тұрақты база қалыптастырып, жаңа жобаларды іске қосады.
- Компанияларымыз бір-бірімен мұнан да көп ынтымақтастықты жолға қойғанын қалаймыз. Біз Қазақстанда мол мүмкіндіктер бар деп есептейміз. Қазақстан – әлемдегі өте қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі, мақсаты өршіл ел. Осыған орай көптеген британдық компания осы іске атсалысқанын барынша қалаймыз, - деді елші Аксуорси.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Лондонға жұмыс сапары аясында британ бизнес-қоғамдастығы өкілдерімен дөңгелек үстелге қатысты.
Іс-шара аясында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық серіктестік жол картасы бекітілді.
Дөңгелек үстел қатысушылары Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті кеңейту перспективаларын талқылады. Маңызды минералдар мен сирек жер металдар саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударды.
Бұдан бөлек, Қазақстандағы британдық білім беру мекемелерінің қатысуын кеңейту, оның ішінде Алматы қаласында «Charterhouse School» мектебін ашу, «Cardiff University» жасанды интеллект орталығын іске қосу, сондай-ақ Ақтөбе қаласында «Heriot-Watt University» жаңа кампусын ашу туралы келісім болды.