Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Кәсіподақтардың пікірінше, Францияның Мәдениет министрлігі ұсынған еңбек жағдайларын жақсарту жөніндегі шаралар жеткіліксіз.
2025 жылғы 15 желтоқсанда музейде өткен жиналысқа қатысқан 400 қызметкер бір күндік ереуіл өткізу туралы бірауыздан шешім қабылдаған. Кейбірі мерзімсіз ереуіл жариялауды да ұсынған.
Соның салдарынан 16 желтоқсанда музей келушілер үшін жабық болды. 17 желтоқсанда Лувр қайта ашылғанымен, шектеулі режимде жұмыс істеді. Ал 19 желтоқсанда музей қызметкерлері ереуілді уақытша тоқтатқан еді.
Le Parisien газетінің мәліметінше, Лувр қызметкерлері музейді басқару әдістеріне наразылық білдіріп отыр. Әсіресе соңғы айларда болған бірқатар жағымсыз оқиға, соның ішінде қазан айында Аполлон галереясында болған тонау жағдайы наразылықты күшейткен.
Қызметкерлер кадр тапшылығы, техникалық ақаулар мен ғимараттың жалпы жағдайына байланысты музей залдарының белгіленген жұмыс уақытынан әлдеқайда кеш жабылатынына наразы.
Сонымен қатар олар «жұмыс жүктемесінің артуына, басқарудың барған сайын қатаң әдістеріне және бір-біріне қайшы нұсқауларға» тап болып отырғандарын, бұл келушілерге сапалы әрі тыныш қызмет көрсетуге кедергі келтіретінін айтады.
Бүгін CGT, CFDT және Sud атты үш кәсіподақтың шақыруымен өткен жиналыста қатысушылар музейдегі еңбек жағдайларына наразылық ретінде ереуілді қайта бастауға бірауыздан дауыс берді. Қазіргі уақытта музей «жартылай ашық» күйде қалып отыр.
— Менеджерлерді, мәдени мұраны қорғау мамандарын және қосалқы қызмет өкілдерін қоса алғанда, түрлі саладағы шамамен 350 адам ереуілді қайта бастауға бірауыздан дауыс берді, — деді CFDT ұйымының өкілі Валери Бод.
Ал CGT-Louvre Instagram желісіндегі парақшасында күрес 2026 жылы жалғасатынын жазды.
— Жалпы жиналыста ереуілді жалғастыру туралы бірауыздан шешім қабылданды. Күрес 2026 жылы да жалғасады, — деп жазды .
Бұған дейін Париждегі музей басшылығы қауіпсіздік шараларын күшейтуге уәде берген болатын.