Madeni Qazyna Qory қазақтың дәстүрлі биін цифрлық форматта сақтауға арналған Altyn Mura жобасын бастайды

03.08.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Жоба дәстүрлі би қимылдарын цифрлық форматта сақтау үшін Motion Capture технологиясы мен жасанды интеллект құралдарын пайдаланады. Бұл туралы Aikyn.kz Madeni Qazyna Qory-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.   

Altyn Mura жобасы АҚШ Елшілерінің мәдени мұраны сақтау қорының (U.S. Ambassadors Fund for Cultural Preservation) қолдауымен жүзеге асырылып, АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен тұспа-тұс уақытта басталады.

Дәстүрлі қазақ биі – дене қимылы арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тарих пен дүниетанымның көрінісі. Ол би шеберлерінің орындаушылық тәжірибесі арқылы сақталып келеді. Кәдімгі бейнекамера бидің сыртқы көрінісін ғана түсірсе, Motion Capture технологиясы оның ырғағын, пластикасын және орындау мәнерінің ең нәзік ерекшеліктерін цифрлық форматта тіркей алады. Бұл деректерді зерттеуге, қайта жаңғыртуға және болашақ ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.

«Қазақстан мен АҚШ арасында мәдени мұраны сақтау бағытындағы ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын және осындай жобаларға деген нақты қызығушылықтың бар екенін көріп отырмыз. Қазақ биі – ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Заманауи технологиялар мен жасанды интеллекттің көмегімен осы би қимылдарының ерекшелігін сақтап, оны келер ұрпаққа заман талабына сай әрі қолжетімді форматта жеткізуге мүмкіндік туғанына қуаныштымыз», – деді Madeni Qazyna Qory қорының жетекшісі әрі CPG Media компаниясының бас директоры Мерей Зейнеш. 

Жобаны іске асырушылар бір жыл бойы ғалымдармен және хореографтармен бірлесіп, Қазақстанның өңірлері мен шекаралас аумақтарды аралап, төл би дәстүрін сақтап жүрген өнер иелерін анықтап, олардың би қимылдарын цифрлық форматта тіркеп, өмір жолы мен тәжірибесін жинақтайды. Жасанды интеллект көмегімен өңделген материалдар кейіннен қазақ биіне арналған ашық цифрлық архивке енгізіліп, оны Qazaq Culture ұлттық платформасына интеграциялауды да жоспарлап отыр.

Жоба қорытындысы бойынша төмендегі материалдар ұсынылмақ:

Motion Capture технологиясы арқылы түсірілген материалдар негізінде жасалған цифрлық архив; дәстүрлі би өнері мен оны бүгінге дейін сақтап келген тұлғалар туралы деректі фильм; қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі электрондық оқу құралы; хореографтарға арналған шеберлік сабақтары; көрме инсталляциялары.

Madeni Qazyna Qory туралы:  (Madeni Qazyna Qory - мәдени, білім беру және қоғамдық маңызы бар жобаларды жүзеге асыру үшін құрылған CPG Media Group (cpgmediagroup.com),  коммерциялық емес бастамасы. Қор CPG командасының медиа өнімдер, цифрлық контент және ауқымды мәдени жобаларды жүзеге асырудағы көпжылдық тәжірибесін біріктіре отырып, Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау мен дәріптеуге, креативті индустрияларды дамытуға және халықаралық мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. 

Команданың ең ірі мәдени жобаларының бірі – Central Asian Dance Festival Astana (CADF) 2018, Орталық Азиядағы заманауи би саласындағы ең ауқымды халықаралық фестивальдердің бірі. Фестиваль Орталық Азия елдерінен келген 100-ден астам хореографтың басын қосып, байқау бағдарламасын, шеберлік сабақтарын, білім беру іс-шараларын және АҚШ-тан келген халықаралық хореографтардың өнер көрсетуін қамтыды. Нәтижесінде ол мәдени алмасу мен өңірдегі би қауымдастығының дамуына ықпал еткен маңызды халықаралық алаңға айналды.

Осы тәжірибені жалғастыра отырып, Madeni Qazyna Qory материалдық емес мәдени мұраны сақтауға, білім беру және цифрлық контент әзірлеуге, мәдени зерттеулер жүргізуге, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және мәдениет саласына заманауи технологияларды енгізуге бағытталған жобаларды жүзеге асырады.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью