Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Мәдени ошақтар жаңарып жатыр
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес мәдени инфрақұрылымды жаңғырту, сала қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін күшейту, шығармашылық білім беруді дамыту мен жас таланттарды қолдау бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл шаралар мәдени қызметтердің сапасын арттыруға, ұлттық мұраны сақтау мен отандық өнерді кеңінен насихаттауға бағытталған.
Мемлекет мәдени нысандар салу, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту, мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту шараларын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Кейінгі бес жылда елімізде 274 мәдени нысан салынып, оның 1 293-і жөндеуден өтті. Биыл 64 нысанның құрылысы жалғасып, 130 нысанда жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Театр инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Кейінгі жылдары Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық академиялық музыкалық-драма театры, Түркістандағы музыкалық-драма театры, Петропавлдағы С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының жаңа ғимараттары пайдалануға берілді. Қазір Ақтөбе мен Қонаев қалаларында театрлар салынып жатса, Шымкент қаласында опера театрының, Қызылордада драма театрдың, Семейде музыкалық-драма театрының құрылысын жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Қолданыстағы мәдениет мекемелерін жаңғырту жұмысы да жолға қойылған. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры ғимараттарын реконструкциялау жұмысы жүріп жатыр. Демеушілік қаражат есебінен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында да жөндеу мен жаңарту жұмысы атқарылды.
Музей және туристік инфрақұрылымды дамыту да – басым бағыттың бірі. Былтыр Астанада жаңа Өнер музейі ашылды. Түркістан облысындағы «Сауран» және «Гауһар ана», Алматы облысындағы «Есік» визит-орталықтарының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар Бозоқ көне қалашығының археологиялық қазба жұмыстары негізінде құрылған ашық аспан астындағы ұлттық парк аумағында ортағасырлық сәулет үлгісіндегі қоршау салу жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Бұдан бөлек, демеуші есебінен былтыр Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейдегі желдету мен ауа баптау жүйелері жаңартылды.
Өңірлік мәдениет үйлерін жаңғырту жұмысы «Қазақстан халқына» қорымен, 2027 жылға дейін кітапханаларды жаңғырту жөніндегі жол картасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атқарылып жатыр. Былтыр үш жаңа кітапхана салынып, 13 кітапхана күрделі жөндеуден өтті, 64 кітапханада ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 197 кітапхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылды.
Шығармашылық білім саласында да маңызды жобалар бастау алды. Алматыда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының және Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттеріне арналған 500 орындық жатақхананың құрылысы басталды. Сонымен қатар А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің ғимаратын қайта жаңарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Үш мамандандырылған музыкалық мектептің жаңа ғимараттарының жобалау жұмысы басталды.
Өңірлерде шығармашылық білімді дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп, Петропавлда К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігін ашу пысықталып жатыр. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен ынтымақтастық негізінде мемлекеттік білім тапсырысы шеңберінде жыл сайын 100 талапкерді қабылдай отырып, 9 білім бағдарламасы негізінде кадр даярлау жоспарланған. Жалпы алғанда, бүгінде Астана мен Алматыда өнердің барлық бағытында кадр даярлайтын 4 шығармашылық ЖОО жұмыс істейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте жаңа мәдениет және өнер университетін құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Кино және драматургия, кино және ТВ режиссурасы, графика, мультимедиа және медиа менеджментті қоса алғанда, мәдениет саласына техникалық мамандарды даярлауға баса назар аударылмақ. Шығармашылық жастарды қолдау мақсатында жыл сайын жоғары оқу орындарында оқуға 1000-нан астам грант, колледждерге 500-ден астам грант бөлінеді.
Әлеуетті арттыратын әлеуметтік кепілдіктер
Көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлерінің жекелеген санаттарына қосымша әлеуметтік кепілдіктер көзделген. «Қазақстанның Еңбек Ері», «Халық әртісі», «Халық жазушысы» атақтарын қоса алғанда, жоғары мемлекеттік атақтар мен наградаларға ие болған адамдар, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары, сондай-ақ ұлттық академиялардың академиктері тегін амбулаториялық-емханалық қызмет алуға және медициналық қамсыздандыруға құқылы. Бүгінде Президенттің Іс Басқармасының Медициналық орталығында осындай құрметті атақтардың 494 иегеріне қызмет көрсетіледі. Бұдан бөлек, осы азаматтар мен олардың жұбайларына жылына бір рет елде тегін санаториялық-курорттық емдеу мен сауықтыру демалысы беріледі.
Елімізде жалпы әлеуметтік кепілдіктермен қатар мамандығы ерекше физикалық жүктемелермен және еңбек жағдайларымен байланысты әртістерге де арнайы қолдау шаралары қарастырылған. «Мәдениет туралы» заңға сәйкес кемінде 20 жыл кәсіби өтілі бар әрі зейнеткерлік жасқа дейін мамандығымен жұмысын аяқтаған балет әртістері ай сайынғы ақшалай төлемдер ала алады. Бүгінде мұндай қолдауды 56 қызметкер алып отыр. Жыл сайын осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 89 млн теңге бөлінеді.
2024 жылғы қаңтардан бері мұндай шара мемлекеттік мекемелердегі халық биі әртістеріне де, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін де қолданылады. Төлем жұмыс беруші кейінгі жеті жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеген жағдайда 55 жастан бастап тағайындалады. Ол зейнеткерлік жасқа толғанға дейін беріледі, жеке табыс салығы салынбайды және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады.
Бірқатар өңірлерде әлеуметтік сала қызметкерлеріне қосымша қолдау шаралары қарастырылған. Олардың қатарында қызметтік пен жалдамалы тұрғын үй беру, сондай-ақ жеңілдетілген шарттармен несие ұсыну тетіктері бар.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі сала қызметкерлерін қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысын жүйелі жүргізіп жатыр. 2024 жылы министрліктің Астана қаласындағы ведомстволық бағынысты ұйымдарында жұмыс істейтін қызметкерлерге 200 пәтер берілді.
Бұл жұмыс биыл да жалғасын тапты. Алматыдағы мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша 60 пәтер бөлінді. Пәтер кілттерін табыстау рәсімін Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері бірлесіп ұйымдастырды.
Жалпы, Мемлекет басшысының қолдауымен мәдениет саласының қызметкерлеріне 260 пәтер берілді. Бұл шаралар мамандардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға, саладағы білікті кадрларды тұрақтандыруға әрі сала мамандарының беделін көтеруге ықпал етеді.
Өнерлі жасқа – өріс кең
Елімізде мәдениет, әдебиет қайраткерлері мен шығармашыл жастарды қолдауға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр.
2023 жылдан бастап Президенттің жас жазушылар мен ақындарға арналған арнайы әдеби сыйлығы табысталып келеді. Осы кезге дейін 12 автор лауреат болып танылды, жалпы берілген сыйлық көлемі 50 млн теңгені құрады. Марапат төрт бағытта беріледі: проза, поэзия, драматургия және балалар әдебиеті.
«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы аясында 28 қаламгер марапатталып, жүлде қоры 140 млн теңгені құрады. Сыйлық қазіргі әдебиеттің негізгі жанрларын қамтиды.
Кітап оқу мәдениетін дамыту мақсатында былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет республикалық деңгейде Ұлттық кітап күні аталып өтті. Соның аясында елімізде шамамен 300 іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ тоғыз аталымнан тұратын «Ұлттық кітап» байқауы өткізіліп, «Жыл кітабы» Гран-приі табысталды. Жас жазушыларды қолдау мақсатында 2024-2025 жылдары 40 авторға арнайы гранттар беріліп, кітаптары жарық көрді. Сонымен қатар Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Ерлік пен еңбек дастаны» атты шығармашылық байқау өткізіліп, жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Дарынды жастарды қолдауға арналған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының бүгінге дейін 380 лауреаты анықталды. Сыйлық иегерлеріне диплом, төсбелгі және 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталады.
2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен жыл сайын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тағайындалып келеді. Оның мөлшері 3 млн теңгені құрайды. Бұл грант белсенді шығармашыл жастардың жаңа идеялары мен бастамаларын қолдауға бағытталған. Осы кезге дейін 153 адам грант иегері атанды. Сонымен қатар жыл сайын 75 мәдениет қайраткеріне мемлекеттік стипендия тағайындалады. Биылдан оның мөлшері 5 млн теңгеге дейін ұлғайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен дәстүрлі өнер шеберлерін қолдауға және ұлттық мәдени мұраға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған «Асыл мұра» ұлттық сыйлығы құрылып жатыр. Бұл марапат Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұсынысы негізінде Президент Жарлығымен мәдениет пен өнер саласындағы ең талантты өкілдерге табысталатын болады.
Ведомство шетелде танылған мәдениет өкілдерін ынталандырудың жаңа тетігін әзірлеп жатыр. Қазірдің өзінде республикалық іріктеудің ережелері дайындалып жатыр. Онда кемінде он елдің қатысуымен өтетін халықаралық байқаулар мен фестивальдардың жеңімпаздары марапатталады. Марапаттар бірнеше бағыт негізінде беріледі деп жоспарланған. Қазір бұл шараны 2027 жылдан бастап республикалық бюджет есебінен қаржыландыру мәселесі пысықталып жатыр.
Сонымен қатар үздік қатысушылар мен олардың тәлімгерлері ақшалай сыйақылар, гранттар, ведомстволық наградалар мен арнайы төлемдер ала алады. Мұндай қолдаудың көлемі мен тәртібі іс-шараның деңгейіне, мекеме мәртебесіне, уәкілетті немесе жергілікті атқарушы органдардың шешімдеріне байланысты болады.
Биыл Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай 120 азамат мемлекеттік марапатқа ие болды.
Жас дарындарды қолдау шығармашылық мектептер, гранттық бағдарламалар, байқаулар, фестивальдар, білім жобалары мен стипендиялар арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Соның айқын мысалдарының бірі – 2024 жылы көпұлтты «BIRLIK» ән-би ансамблі құрылды. Арнайы кастинг нәтижесінде ұжымға еліміздің түрлі этностарынан 20 үздік биші мен музыкант қабылданды.
Білім ұштауға да мүмкіндік мол
Креативті индустрияларды дамыту қоры шығармашыл жастарға қосымша мүмкіндіктер ұсынады. Оның қызметі таланттарды қолдауға, инвестиция тартуға, инфрақұрылымды дамытуға, отандық креативті өнімдерді сыртқы нарықтарға шығаруға бағытталған.
Қазір елдегі шығармашыл жастар «Болашақ», «Erasmus+», «DAAD», «Fulbright», «Chevening» және басқа да халықаралық бағдарламалар арқылы әлемнің жетекші университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие. «Болашақ» стипендиясы аясында «Креативті индустриялар, шығармашылық, өнер» бағытында жыл сайын магистратура бағдарламаларына қабылдау жүргізіледі. Бағдарламаларға «Royal Conservatoire of Scotland», «University of Reading», «Regent London», «Stanford University», «New York Film Academy» және басқа да жетекші шығармашылық оқу орындары кіреді. Бұдан бөлек, «Болашақ» бағдарламасы мәдениет саласы қызметкерлеріне, шығармашылық жоғары оқу орындарының оқытушыларына арналған тағылымдамаларды да қарастырады.
Басымдық берілген мамандықтар тізіміне арт-менеджмент, актерлік өнер, музыка және вокал, дирижерлік, дизайн, сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнері, кескіндеме, мүсін өнері, операторлық өнер, режиссура, продюсерлік, театр, кино және ТВ, анимация және өнертану кіреді.
Үкімет жас орындаушыларға арналған фестивальдар мен байқаулар өткізеді. Мұндай алаңдар жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға, кәсіби дамуын қолдауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында отандық әртістер халықаралық беделді байқаулар мен фестивальдерде табысты өнер көрсетіп жүр. Бибігүл Төлегенова атындағы, Петр Чайковский атындағы байқаулар, Екатерина Максимова атындағы «Арабеск», Витебск қаласындағы «Славян базары», сондай-ақ «World Dance Council», «World DanceSport Federation» және «International Dance Sport Union» турнирлері сияқты бірқатар жарыстардың жеңімпаздарына гранттар беріледі әрі шығармашылық оқу орындарына конкурстан тыс түсуге мүмкіндік қарастырылған.