Мадияр Әбдірасылов: Қызылшадан қорғанудың ең тиімді жолы вакцинация

04.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Бұл туралы инфекционист Мадияр Әбдірасылов Jibek Joly арнасындағы «Бүгін live» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді.

- Қызылша – ауа арқылы жұғатын жедел вирустық инфекция. Ауру, әдетте, қарапайым тұмау сияқты басталуы мүмкін. Алайда оның негізгі белгілері айқын: дене температурасы 39–40 градусқа дейін көтеріледі, көз қызарады, ауыз қуысының шырышты қабатында ақ дақтар пайда болады. Аурудың төртінші-бесінші күнінде беттен басталып, аяққа дейін таралатын бөртпе шығады. Қызылшаның инкубациялық кезеңі 7 күннен 21 күнге дейін созылады. Көп жағдайда алғашқы белгілер шамамен 10 күн ішінде байқалады. Ем кезінде науқас үй жағдайында тынығып, ағзаның толық қалпына келуіне мүмкіндік беруі тиіс, - деді инфекционист.

Спикер сөзінше, қызылшамен көбіне балалар ауырады. Дегенмен бала кезінде ауырмаған немесе екпе алмаған ересектер де жұқтыруы мүмкін. Ересек жаста ауру өте ауыр өтеді. Әсіресе созылмалы сырқаттары бар адамдарда асқыну қаупі жоғары.

- Вирус ауа арқылы таралады. Ауру адам түшкіргенде немесе жөтелгенде вирус бірнеше сағат бойы ауада сақталып, өзгелерге жұғады. Бір науқас 18–20 адамға дейін инфекция таратуы мүмкін. Сондықтан қызылшамен ауырған адаммен байланыста болған жағдайда 72 сағат ішінде өзіңіздің вакцина мәртебеңізді тексеру қажет. Егер екпе алмаған болсаңыз, жергілікті емханаға барып вакцина алу ұсынылады. Уақытылы салынған екпе аурудан қорғайды. Екпе алған адамның қайта ауыруы өте сирек кездеседі. Ал вакцина алмаған адамдарда ауру асқынып, энцефалитке, отитке, пневмонияға ұласуы ықтимал, - деді Мадияр Әбдірасылов.

Маманның айтуынша, қызылша – бақылауға болатын инфекция. Елде ұжымдық иммунитет деңгейі 95 пайызға жеткен жағдайда аурудың жаппай таралу қаупі төмендейді. Өкінішке қарай, Қазақстанда бұл көрсеткіш әлі жеткіліксіз. Сарапшы мұның себебі жалған ақпараттың таралып, адамдардың вакцинадан бас тартуын атайды.

- Ата-аналарға айтарымыз – жалған ақпаратқа сенбеңіздер. Ғылыми дәлелге негізделген медицинаға сенім білдіру маңызды. Қызылша инфекциясы көптеген жылдар бойы тек вакцинацияның арқасында бақылауда ұсталып келеді. Бұл – әлемдік тәжірибеде дәлелденген тиімді әдіс. Елімізде қолданылатын вакциналар сапа талаптарына толық сай келеді. Олар халықаралық стандарттар бойынша тексеруден өтеді. Сондықтан негізсіз үрейге бой алдырмай, уақытылы екпе алу қажет. Екпе алмаған жағдайда адам тек қызылшаны ғана емес, өзге де жұқпалы инфекцияларды қатар жұқтыруы мүмкін. Ал қызылша ауыр түрде өткен кезде ағзаның қалпына келуі ұзақ уақытқа созылады. Әсіресе балалар мен созылмалы ауруы бар адамдар үшін қауіп жоғары, - деді маман.

Осы тұста Мадияр Әбдірасылов қызылшамен ауырған жағдайда ағзада А дәруменінің тапшылығы жиі кездесетінін мәлімдеді. Сондықтан дәруменге бай тағамдарды тұтыну аса маңызды екенін атап өтті.

Айта кетейік, Батыс Қазақстанда қызылшамен ауырғандар саны 100-ден асты.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью