Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
«Сириус-Қазақстан» жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылып отыр. Бастаманың негізгі мақсаты – білім сапасын арттыру, қазақстандық оқушылардың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін күшейту және адами капиталды дамыту.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова жоба аясында білім беру мазмұны заманауи талаптарға сәйкес ұйымдастырылатынын айтады.
«Атап айтқанда, математика, жаратылыстану ғылымдары, инженерия, робототехника, жасанды интеллект және жобалық-зерттеу қызметі бағыттарына басымдық беріледі. Бұл оқушылардың тек теориялық білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың зерттеу дағдылары мен практикалық құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді», деді вице-министр.
Ол сонымен қатар жоба ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше назар аударатынын атап өтті.
«Оқу бағдарламаларына «Домбыра», «Ұлттық өнер», «Ұлттық спорт» курстары және «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы енгізіледі. Бұл өз кезегінде жас ұрпақтың ұлттық мәдениетке құрметін арттырып, заманауи білім мен ұлттық тәрбиені үйлестіруге жағдай жасайды», деді Майра Тұрғанбайқызы.
Жобаның маңызды бағыттарының бірі – педагог кадрлардың кәсіби әлеуетін күшейту.
«Педагогикалық құрамның 80 пайызы қазақстандық мамандарды құрайды. Сонымен қатар халықаралық тәжірибені енгізу және «Талант және табыс» қорының біліктілікті арттыру бағдарламаларын пайдалану көзделіп отыр. Бұл отандық білім беру жүйесіне озық тәжірибелерді тиімді енгізуге мүмкіндік береді», деді вице-министр.
«Сириус – Қазақстан» жобасы «Сириус» федералдық аумағымен және «Талант және табыс» қорымен ынтымақтастық негізінде жүзеге асырылады. Аталған әріптестік дарынды балалармен жұмыс істеудің үздік тәжірибелерін енгізуге, білім беру әдістемелерін жетілдіруге және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Ғалымжан Алматов: «Сириус» мектептері заманауи білімді ұлттық құндылықтармен ұштастырады
Вице-министрдің айтуынша жоба қазақстандық оқушылардың олимпиадаларға, ғылыми жобалар байқауларына және зерттеу қызметіне қатысу мүмкіндіктерін арттырады. Сонымен қатар ғылыми-технологиялық бағыттар бойынша ерте кәсіби бағдар беруге жағдай жасайды.
«Жобаны Алматы және Астана қалаларында іске асыру жоспарланған. Бұл өңірлердегі талантты балалар үшін заманауи білім беру мүмкіндіктерін қалыптастырып қана қоймай, болашақта еліміздің барлық аумағына таралатын тиімді білім беру моделінің негізін қалайды», деді ол.
Айта кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Астанадағы «Сириус» мектебінің капсуласын салу рәсіміне қатысты.