Майымбет туралы миф

17.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Алдымен кітаптардан бас­тайық. 1935 жылы «Огонек» журналының бастамасы­мен «Шығыс халықтарының Сталин туралы өлеңдері мен әндері» жина­ғы (құрастырған – А.Чачиков) жа­рық көрген. Осы жинаққа қазақ қалам­­герлерінен Майымбет ақын мен Сәбит Мұқановтың өлеңдері енген. 1936 жыл Алматыдағы «Көркем әдебиет» баспасы Майымбеттің орыс тіліндегі «Қазақстанның халық жыршысы Майымбеттің өлеңдері» деген пышақтың қырындай жеке жинағын шығарған. Жинақ 10 мың таралыммен Қазан қаласындағы «Камиль Якуб» кітап фабрикасында басылған. Кітапта Майымбеттің өлеңдерін орыс тіліне Павел Кузнецов аударғаны көрсетілген. Ал 1937 жылы «Қазақ ақындарының Сталин туралы әндері» жинағы жарыққа шықты. Жинақты Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ғаббас Тоғжанов құрастырып, алғысөзін Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов жазды. Осы жинаққа да Жамбылмен бірге Майымбеттің де өлеңдері енгізілді.

Енді газеттерге келсек. «Правда» газетінің 1935 жылғы №308 санында өнертанушы Мариэтта Шагинянның «Алтын түстес сусын» мақаласы жарық көрген. Мариэтта мақаласында көшпелі қазақ арасынан алтындай жарқырап Майымбет ақынның шыққанын тілге тиек етеді. Осы газеттің келер жылдағы №2 санында Майымбеттің «Бесік жыры» өлеңі (орыс тіліне аударған – Павел Кузнецов) жарияланған. Ал газеттің №7 санында жазушы Иван Рябовтың «Сталин туралы өлеңдер мен әндер» деген мақаласы жарық көрген. Ол мақаласында «Қазақ жыршысы Майымбет өз өлкесіндегі жаңа социалистік өмір туралы жырлайды» дей келіп, ақынның өлеңдерінен мысал келтірген.

«Правда» газетінің 1936 жылғы сәуірдегі №116 санында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ғаббас Тоғжановтың мақаласы шыққан. Ол Мәскеуде өтетін қазақ өнерінің декадасы туралы мәлімет бере келіп: «...Қазақтың суырыпсалма ақын-жыршыларының шығармашылығына ерекше назар аударылады. Қазақстанға кеңінен танымал бірнеше ақын Майымбет, Жамбыл және басқалар Мәскеуге келеді», деп Мәскеу жұртына хабарлайды.

Осы газеттің мамыр айындағы №134 санына Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов те мақала жариялап: «...Кеңестік Қазақстанның 15 жылдығы ауыз әдебиетінің өсіп-өркендегенін көрсетті. Қазақстанда ешқашан соңғы жылдардағыдай көп әрі жақсы жыршылар болған емес. Бүгінде Жамбыл, Майымбет, Өмірзақ, Иса, Бек, Кенен, Орымбай, т.б. ақындар мен жыршылар Қазақстан еңбекшілерінің қалың бұқарасы арасында зор сүйіспеншілік пен кең танымалдыққа ие», деп жазады. Міне, осындай жарнамалар әсер етсе керек, мәскеуліктер қазақ өнерінің декадасына Майымбет ақынды да келеді деп күтеді. Алайда Майымбет декадаға қатысқан жоқ. Себебі... Оның неге қатыса алмағанын сәл кейінірек айтайық.

Декададан кейін де мәскеулік басылымдар Майымбетті ара-тұра тілге тиек етуді тоқтатқан жоқ. «Вечерняя Москва» газетінің 1937 жылғы №274 санында жарияланған «Киров халық поэзиясында» деген мақаласында жазушы Константин Алтайский: «...Қазақтың киіз үйлерінде, ұйғыр ауылдарында, дұңған фәздерінде қазақ ақыны Майымбет шығарған Киров туралы ән шырқалады», дей келіп, оның Кировке арнаған жырларын мысалға келтірген. Ал «Известия» газетінің 1937 жылғы №217 санындағы «Халық поэ­зиясы» мақаласында жазушы Аделина Адалис: «...Тек соңғы бір-екі жылдың ішінде ғана кеңестік оқырман Жамбылдың, Майымбеттің, Асад Кербалай Рзаның және тағы басқалардың тамаша жырларын орыс тілінде оқи бастады», деп жазған. Сол секілді «Московская правда» газетінің 1939 жылғы №233 санында жарияланған «Көсем туралы әндер» мақаласында Б.Яковлев: «...Сталин – бақытты өмір. Ол жайында бүкіл кеңес елі жырлайды. Сондықтан халық ақындарының Сталинге арнаған сөздері соншалықты жүрекке жылы, сүйіспеншілікке толы. Солардың ортақ тілегін қарт қазақ ақыны Майымбет тамаша жеткізді», деп оның өлең жолдарын талдаған. Бір қызығы, ол жайында  жазылған мақалалардың ешқайсысында ақын туралы бірде-бір мәлімет жоқ.

Ресейлік филолог ғалым Юлия Козицкаяның жазуынша, Майымбет ақынның өлеңдерін орыс тіліне аударған Павел Кузнецов  көрінеді. «1935 жылы қазақстандық журналист Павел Кузнецов ешқашан өмірде болмаған қазақ ақыны Майымбет деген атпен «Асан қайғы туралы жыр» өлеңін жариялады. Осыған байланысты Кузнецовты Қазақстандағы алғашқы стилизатор ретінде қабылдауға болады. Алайда Соловьев жинағының жарық көруі мен Майымбет-Кузнецов жырының арасындағы бесжылдық алшақтық та назар аудартады», деп жазады ол.

Ал қазақ қаламгері Бекжан Әшір­баев­тың айтуынша, Майымбет – кеңестік идеологияның ойдан шығарған жыршысы. Ақын бір сұхбатында Жамбылға дейін қазақта Кеңес одағына танылған Майымбет деген жыршы болғанын айта келіп: «1936 жылы Мәскеуде Қазақ өнері мен мәдениетінің декадасы болар тұста билік Майымбет жырауды іздеген. Ең қызығы, Майымбет деген ақын өмірде жоқ болып шықты, болмаған да. Өмірде бар нақты адамды табу қажет болғанда, Әбділда Тәжібаев ағамыз өзінің ақындығымен, импровизаторлығымен танылған, дала жыршысы Жамбыл атамызды ұсынған», дейді. Соған қарағанда кеңес идеологтері Майымбетті ойлап тауып, халықты әдебиет арқылы тәрбиелеуге тырысқан сияқты. Себебі ол уақытта әдебиет қуатты құрал еді. Жамбыл есімі жарқ етіп шыққан соң, Майымбеттің өзі де, өлеңдері де бірте-бірте халық санасынан өше бастады. Осының өзі-ақ Майымбеттің шындықтан гөрі мифке жақын көмескі кейіпкер екенін айғақтап тұр.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью