“Make Tenge Great Again“. Доллар бағамы неге құбылып тұр және ол экономикаға қалай әсер етеді?

08.04.2026

Tengrinews.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Соңғы бірнеше аптада теңгенің долларға қатысты бағамы айтарлықтай нығайып келеді. Tengrinews.kz редакциясы қаржы сарапшылары мен экономистердің пікірін біліп, бұған не себеп болып жатқанын, доллар тағы қанша арзандауы мүмкін екенін, теңгенің нығаюы қаншаға созылатынын және бағам өзгерісі еліміздің экономикасына қалай әсер ететінін анықтап көрді. 

Соңғы бірнеше аптада теңгенің долларға қатысты бағамы айтарлықтай нығайып келеді. Tengrinews.kz редакциясы қаржы сарапшылары мен экономистердің пікірін біліп, бұған не себеп болып жатқанын, доллар тағы қанша арзандауы мүмкін екенін, теңгенің нығаюы қаншаға созылатынын және бағам өзгерісі еліміздің экономикасына қалай әсер ететінін анықтап көрді. 

7 сәуірде Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күндізгі сауда қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 4,88 теңгеге төмендеп, 460,37 теңге болды. Бұл 2024 жылғы маусымнан бергі ең төмен көрсеткіш.

Биылғы наурыздың басында доллардың орташа бағамы 502,60 теңге болған еді.

Не болып жатыр?

АҚШ валютасының арзандауына Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың шиеленісуі қатты әсер етті: 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастады. Бұған жауап ретінде Тегеран Ормуз бұғазын кемелер үшін жауып тастады. Бұл мұнай бағасының өсуіне себеп болды - араб елдерінде өндірілетін мұнай дәл осы бұғаз арқылы тасымалданады.

Осы жағдайда мұнайдың қымбаттауы доллар бағамы төмендеуінің негізгі факторы, дейді тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарёв. Бірақ себеп тек бұл емес.

"Қазір факторлардың жиынтығы әсер етіп жатыр. Біріншіден, Ұлттық қор мен квазимемлекеттік сектор тарапынан валюта сатылып жатыр - бұл доллар ұсынысын арттырады. Екіншіден, жоғары пайыздық мөлшерлеме (Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі): қаражат теңгеде қалып отыр.  Үшіншіден, валютаға жергілікті сұраныс әлсіз. Мұнай - триггер, бірақ нығаю әрқашан бірнеше фактордың нәтижесі", - дейді Чеботарёв.

Экономист Бекнұр Қысықов та доллардың әлсіреуінің және теңгенің нығаюының басты себебі мұнай бағасының өсуі деп санайды. Сонымен қатар, ол басқа да маңызды факторларды айтты:

"Қазір тоқсандық есеп беру кезеңі жүріп жатыр - компаниялар бірінші тоқсан бойынша есеп тапсырады. Олар салық төлеу үшін валюталық түсімді сатады. Әр есеп беру кезеңі де бағамға әсер етеді, бірақ доллар сияқты жаһандық факторлардай күшті емес".

Сарапшы бұдан бөлек келесі жағдайларды атады:

халық жоғары депозит мөлшерлемелеріне байланысты қаражатын теңгеде ұстап отыр, Ұлттық банктің қаржы нарығын реттеу бойынша жүргізіп жатқан жұмысы, сондай-ақ доллар индексінің (DXY) ауытқуы.

Анықтама: DXY (U.S. Dollar Index) - АҚШ долларының алты валютадан тұратын қоржынға (еуро, жапон иені, британ фунты, канадалық доллар, швед кронасы және швейцариялық франк) қатысты күшін көрсететін индекс. Базалық мәні 100: егер DXY өссе, доллар нығаяды, төмендесе әлсірейді. Бұл көрсеткішті инвесторлар мен сарапшылар әлемдік валюта нарығындағы доллардың жағдайын бағалау үшін пайдаланады.

Қазақстандықтарды болашақтағы бағам мен долларды сату керек пе, әлде сақтап отыру керек пе деген сұрақ қызықтырады.

Сарапшылардың пікірінше, асығыс шешім қабылдаудың қажеті жоқ. Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарёвтің айтуынша, теңгенің қысқа мерзімді нығаю әлеуеті әлі бар, бірақ шектеулі.

"450–460 теңге диапазоны төменгі шекке ұқсайды, одан төмен деңгей бюджет пен экспорттаушылар үшін тиімсіз болады. Қазақстанда мықты теңге ұзақ сақталмайды. Бұл тепе-теңдік емес, уақытша кезең".

Сарапшы ұзақ мерзімді динамикаға назар аударуды сұрайды: мұндай бағам ауытқулары әдетте жағдайлық сипатта болады - долларға әсер ететін факторлардың бірі (мысалы, Ормуз бұғазындағы жағдай) жойылса, динамика өзгереді.

Экономист Бекнұр Қысықов теориялық тұрғыда доллар 460 немесе 450 теңгеге дейін түсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды, бірақ бұл да қысқа уақытқа ғана болады деп есептейді.

"Менің ойымша, мұндай мүмкіндік шамамен 10 пайыз... Естеріңізде болса, доллар 477 теңгеге дейін түскен, бірақ кейін тез қайта нығайды. Доллардың әлеуеті өте күшті. Бұл әлемдегі ең ірі экономиканың валютасы".

Қысықов АҚШ пен Израильдің Ирандағы әскери операциясына байланысты жағдайды бақылауды ұсынады:

"Қазір бүкіл назар Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазына ауған. Егер жағдай тұрақталса, АҚШ өз саясатын ілгерілетсе, онда доллар қайтадан нығаяды. Жылдың екінші жартысында доллар міндетті түрде жоғары болады. Мұны біздің Ұлттық банк те болжап отыр. Бәлкім, 500 теңгеден де асады. Қазіргі трендті мен уақытша құбылыс деп санаймын".

Мықты теңге - жақсы ма, жаман ба? 

Сондай-ақ сарапшылардан "теңгенің нығаюы Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді, мұның пайдасы бар ма?" деп сұрадық.

"Мықты теңге екіжақты әсер береді, - дейді сарапшы Андрей Чеботарёв. - Бір жағынан, импорт арзандап, инфляция төмендейді. Екінші жағынан, бюджеттің теңгедегі кірісі азаяды, экспорттаушылардың жағдайы нашарлап, жергілікті өндірістің бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Шикізаттық экономика үшін тым мықты валюта көбіне жақсы емес, жаман".

Бекнұр Қысықов болса, қазіргі теңгенің нығаюын "толықтай жақсы" немесе "толықтай жаман" деп қарастыруға болмайды деп есептейді. Ол да екіжақты әсерге назар аударады. Сарапшының пікірінше, артықшылықтары: импорт арзандайды, инфляция төмендейді.

"Дегенмен бізде бір үрдіс бар: доллар қандай болса да, сатушылар бағаны түсірмейді, - деп ескертеді Қысықов. - Доллар әлсірегендіктен баға төмендегенін көрген емеспін. Әдетте бағаны ұстап тұрады. Бізде сатушылардың сауда моделі барынша консервативті".

Алайда жалпы алғанда экономист доллар бағамы төмендеуінің тиімсіз тұстары көбірек деп санайды:

"Экспорттаушыларға, әрине, қиын - мысалы, мұнай, металл және астық экспорттаушылар: түсім азаяды, экономикаға құйылатын қаражат азаяды, салық түсімдері төмендейді, бюджет кірісі азаяды. Сондықтан мықты теңге әрдайым жақсы емес. Бірақ тепе-теңдің болуы керек. Сол себепті менің ойымша, оңтайлы деңгей - шамамен 500 теңге және бағам соған қайта келеді деп ойлаймын".

Доллар қайтадан 500 теңге бола ма? 

Андрей Чеботарёв та доллардың 500, тіпті 520 теңгеге дейін қайта көтерілуін шынайы сценарий деп санайды:

"Теңге тарихи тұрғыда циклмен қозғалады: нығаю әлсіреумен алмасады. Мәселе 500 бола ма, жоқ па дегенде емес, қашан болатынында. Триггерлер белгілі - мұнай бағасының төмендеуі, валюта сатылымының азаюы, импорттың өсуі немесе сыртқы шок. Бұл келесі аптада да, келесі айда да болуы мүмкін, бірақ нақты қашан болатынын ешкім болжай алмайды, себебі теңгенің қазіргі нығаюы жаңа норма емес, уақытша ауытқу".

Экономист Бекнұр Қысықов доллардың қайтадан 500 теңге болуын "негізгі сценарий" деп атайды және нарық алдағы бірнеше айда соған қайта келуі мүмкін деп есептейді. бұл ретте, ол жыл соңына дейін доллардың тек нығая беретінін болжайды:

"2026 жылдың соңына қарай, әртүрлі сценарийге байланысты, біз доллар бағамының 530 немесе 540 теңгеге жеткенін көре аламыз. Тіпті 590 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Мен осындай перспективаларды көремін, сондықтан мұндай уақытша ауытқуларға қарап бағыт алмау керек. Қаржы әртүрлі құралмен бағаланады. Доллар құнының төмендеуі ештеңені білдірмейді - бір жерде бұл спекулятивті, бір жерде трендтік. Жалпы алғанда, доллардың өсу үдерісі әрқашан болады, себебі бұл валюта осындай ықпалға ие".

Балама пікірлер

Редакция басқа сарапшылардың пікірін де зерттеді. Мысалы, экономист Эльдар Шамсутдинов өзінің Telegram-арнасында қазіргі жағдайға баға беріп, Дональд Трамп президенттік науқан кезінде қолданған "Make America Great Again ("Американы қайтадан ұлы етейік") америкалық саяси ұранын қазіргі жағдайға келтірді.  

Шамсутдиновтың пікірінше, мұнайдың жоғары бағасы кем дегенде төрт ай сақталады. Ол мұны нарықтың тез қалпына келе алмайтынымен түсіндірді.

"Теңге Make Tenge Great Again бағытын жалғастырып жатыр. Себептеріне қарамастан, нығаю теңгемен табыс табатындар үшін жақсы. Доллармен жинақтауды таңдағандар үшін айтарым: ақшаның уақыттағы құны бар, егер сіз ақшаны қолма-қол валютада ұстап отырсаңыз, ол құнсызданады. Қазір теңгедегі табыстылық жақсы, ал мұнай бағасы нығаюға оң әсер етеді. Мұнай, бәлкім, кем дегенде тағы төрт ай қымбат болады, тіпті ертең Трамп Иранды бұғазды ашуға көндірсе де, бәрібір төрт ай қажет", - дейді Шамсутдинов.

Ал экономист Ғалым Құсайынов әлеуметтік желіде әріптестерінің пікірінен өзгеше көзқарас білдірді - ол мұнай бағасының теңге бағамына әсері өте шектеулі деп санайды.

"Менің ойымша, негізгі факторлар (теңге нығаюының - ред. еск.) басқа. Бастысы - сыртқы қарыз алу. Мемлекет пен квазимемлекеттік секторды қоса алғанда, экономикалық агенттер сыртқы нарықтардан көп қарыз алып жатыр. Бұл қаражат түскен кезде теңгеге айырбасталады, соның нәтижесінде бағам нығаяды".

Сондай-ақ Құсайынов Ұлттық банктің алтынмен байланысты операциялар саясатының өзгергеніне назар аударды.

"Бұрын схема былай жұмыс істейтін: Ұлттық банк алтынды теңгеге сатып алатын, ал алтын өндірушілер кейін валюта нарығына шығып, доллар сатып алатын (дивидендтер, міндеттемелер және т.б.), бұл теңгеге қысым жасап, инфляцияны күшейтетін. Түзетулерден кейін Ұлттық банк алтын сатып алу көлеміне тең мөлшерде валютаны сата бастады, осылайша әсерді теңестірді. Алтын бағасы бір жылда 50 пайыздан астам өскенін ескерсек, мұндай операциялардың көлемі артты және бұл фактордың бағамға әсері айтарлықтай болды", - дейді сарапшы.

Алайда ұзақ мерзімде ол да доллардың нығаюын күтіп, мұндай факторларды "теңгеге қысым" деп атайды:

біріншіден, Қазақстандағы инфляция АҚШ, Ресей немесе Қытайдағыдан жоғары болып тұрғанша, теңге құнсыздана береді. Қазіргі нығаю қысқа мерзімді және кез келген сәтте кері қайтуы мүмкін; екіншіден, негізгі импорттық төлемдер дәстүрлі түрде екінші тоқсаннан бастап күшейеді; үшіншіден, мөлшерлеме төмендеген жағдайда немесе төмендеуге белгі болса, бейрезиденттер пайдасын бекітіп, позициясын қысқарта бастайды. Ұлттық банктегілер не дейді?

Бір апта бұрын журналистер Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтен доллар бағамының неге ұзақ уақыт бойы төмендеп жатқанын және бұл қазақстандықтарға қалай әсер ететінін сұрады. Ол ұлттық валютаның қалай нығайып жатқанын түсіндірді: елдің негізгі экспорттық тауары мұнай (экспорттық түсімнің 50 пайыздан астамы)  қымбаттап жатыр, бұл нарықтағы валюта ұсынысын арттырады. Нәтижесінде доллар бағамы төмендейді.

Ұлттық банк басшысынан ақшасын долларға салған қазақстандықтарға не істеу керегі де сұралды. Ол былай жауап берді:

"Мен әрқашан айтамын, біз инвестициялық кеңес бере алмаймыз, “сақтау - сақтамау” туралы ұсыныс жасай алмаймыз. Бір ғана айтарымыз, қазақстандық теңге өзінің тұрақтылығын дәлелдеді".

Сондай-ақ Сүлейменов ұлттық валютаға тек сыртқы факторлар ғана емес (мысалы, Ормуз бұғазындағы жағдай), өткен жылдың қорытындысы бойынша теңге "өте жоғары табыстылық" көрсеткені де әсер етіп отырғанын айтты. Кейбір халықаралық рейтингтерге сүйене отырып, ол теңгені "қазіргі таңда ең тартымды валюталардың бірі" деп атады.

Бұған дейін Ұлттық банк бағам динамикасы 2026 жылдың басынан бері байқалып отырған ұлттық валютаның нығаю үрдісін көрсететінін түсіндірген болатын. Ақпанда  бұл тренд айтарлықтай күшейді. Ұлттық банк мәліметінше, нығаю жекелеген сыртқы оқиғаларға қысқа мерзімді реакция емес, объективті нарықтық факторларға байланысты.

Сондай-ақ Ұлттық банк икемді айырбас бағамы саясатын ұстануды жалғастыратыны, бұл теңгерімсіздікті болдырмауға және алтын-валюта резервтерін сақтауға көмектесетіні айтылды. 

Еске салайық, 6 наурызда Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдады. Ол +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18 пайыз деңгейінде қалды. 

Авторы: Никита Данилин

Дайындаған: Айнұр Қапышова

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью