Макинскіде кәріз құдығында екі адам уланып қалды

30.04.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Ақмола облысының Макинск қаласында кәріз құдығында жұмыс жүргізу кезінде екі тұрғын улы газға уланып, ауыр және орташа дәрежеде зардап шекті. Алдын ала мәлімет бойынша, олар органикалық шығу тегі бар улы заттардан уланған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Зардап шеккендер дереу ауруханаға жеткізіліп, қазіргі уақытта Есіл аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын толықтай бақылауға алған.

Әзірге ер адамдардың нақты қай мекемеде және қандай қызметте жұмыс істегені белгісіз. Оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде.

Ақмола облысы бойынша Еңбек инспекциясы департаменті бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасап, жұмыс беруші тарапынан өндірістегі жазатайым оқиға туралы хабарлама түспегенін хабарлады.

– Осы жағдай бойынша Ақмола облысы бойынша Еңбек инспекциясы департаментіне жұмыс берушіден өндірістегі жазатайым оқиға туралы хабарлама түскен жоқ, қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде», – деді Ақмола облысы Еңбек инспекциясы департаментінен.

Айта кетейік, жуырда көршілес өңірде де осыған ұқсас қайғылы жағдай тіркелген болатын. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауылында кәріз құдығына түскен екі адам қаза тапқан еді.

Мамандар мұндай жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет екенін ескертеді. Әсіресе, жабық кеңістіктердегі құдық, кәріз жүйелерінде улы газдардың жиналу қаупі жоғары. Оқиға – қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін тағы бір рет айқын көрсетті.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью