Мал сау болса, адам сау

03.09.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

2026 жылы өңірде эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 6,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 40 пайызға көп. Қаражат вакцинацияға, диагностикаға, ауру жануарларды санитариялық союға, ветери­нариялық препараттар сатып алуға, малды сәйкес­тендіруге, тасымалдауға және ветеринариялық ұйым­дарды жарақтандыруға бағытталуда. Биыл ауыл шаруашылығы жануарларының 12-ден аса қау­іпті ауруына қарсы 11,9 млн бас малды вак­ци­нациялау жоспарланған. Алғашқы 8 айдың қоры­тындысы бойынша, 5,5 млн бас мал вакцинацияланып, тағы 8,8 млн доза вакцина жеткізілген.

– Біздің басты міндетіміз – аурудың белгі беруін күтпей, оның алдын алу. Вакцинация, диагностика, жануарларды сәйкестендіру және бақылау біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі керек. Қауіптерді дер кезінде анықтап, инфекциялардың таралуына жол бермеудің жалғыз тиімді жолы – осы, – дейді Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев.

Бұған бруцеллезбен байланысты жағдайды мысал етуге болады. Сегіз айда 590 мыңға жуық ірі қара зерт­теліп, оның 3 723-інен ауру анықталды. Ұсақ малдың 775 мыңнан астам басы тексеріліп, 609 жануардан ауру табылды. Биыл санитариялық союға 3 565 бас ірі қара және 528 бас ұсақ мал жіберілген. Мал иелеріне қосымша өтемақы да төленеді. Бүгінде 207 бас ұсақ мал үшін 3,6 млн теңге көлемінде өтемақы беріліп үлгерген.

Жыл басынан бері облыста жеті ауру ошағы тіркелді: оның үшеуі – ірі қараның инфекциялық ринотрахеиті, екеуі – бруцеллез, біреуі – эмкар және бір жағдай – қарсақтан анықталған құтыру ауруы. Төрт ошақ толық жойылса, екі ошақта ветеринариялық іс-шаралар жалғасуда. Соған қарамастан, өңірдегі эпизоотиялық жағдай тұрақты болып отыр.

Алайда ветеринариялық жүйе шаруашылыққа дер кезінде жететін мамансыз тиімді жұмыс істей алмайды. Қазір облыста Орал қаласының ветер­инариялық станциясы және 12 аудандық ветери­нариялық станция жұмыс істейді. Олардың құрамында 147 ауылдық ветеринариялық пункт бар. Жалпы жүйеде 815 адам еңбек етеді, оның 604-і – ветери­нариялық мамандар.

Кейінгі жылдары мемлекет олардың әлеуметтік жағдайына да көңіл бөліп келеді. 2022 жылдан бастап ауыл шаруашылығы жануарларымен жұмыс істейтін мамандардың еңбекақысы кезең-кезеңімен көтерілуде. Қазір ветеринар дәрігерлердің орташа жалақысы 310-330 мың теңге арасында, ал фельдшерлердікі 228-260 мың теңгені құрайды. 2027 жылдан бастап ауылдық жерлердегі ветеринариялық мамандардың табысын 400 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарланған.

Жуырда Ақжайық ауданындағы Қабыршақты және Алғабас ауылдарында ветеринариялық пункттер ашылды. Қазталов ауданында Талдыапан, Қараоба және Тереңкөл ауылдық округтерінде үш ветери­нариялық станция жұмысын бастады. Мысалы, Қабыр­шақты ауылындағы жаңа пункт 4 780 бас ірі қара, 5 630 бас ұсақ мал және 826 жылқы бар аумаққа қызмет көрсетеді.

Бірнеше жыл бұрын ветеринариялық есептің едәуір бөлігі қағаз құжаттармен жүргізілетін. Қазір сала біртіндеп цифрлық форматқа көшіп келеді. VetLab жүйесі зертханалық құжаттарды электронды түрде рәсімдеуге және зерттеу нәтижелерін автоматты түрде жіберуге мүмкіндік береді. Ал ISZH-MOBILE мобильді қосымшасы ветеринарларға шалғайдағы жайылымдарда да жануарлар туралы мәліметтермен жұмыс істеуге жол ашты.

Мал иелеріне «Төрт Түлік» қосымшасы қолжетімді. Батыс Қазақстан облысында оны 28 мыңға жуық адам пайдаланады. Қосымша арқылы мал басы туралы ақпаратты көруге, төлді тіркеуге, малдың шығуын рәсімдеуге және ветеринариялық паспорт алуға болады. Цифрлық ветеринариялық-санитариялық сараптаманың да маңызы зор. Бүгінде жүйеде 42 мал сою нысаны, сегіз ішкі сауда нысаны және 37 зертхана жұмыс істейді. Ветеринариялық сараптама бойынша 331 мыңнан астам акт рәсімделді.

Түйіндер болсақ, өңірдегі ветеринария саласының беталысы жақсы. Бастысы – осы жұмыстарды әрі қарай атқара беру. Бүгінде ветеринарияны дамыту – ауыл шаруашылығына да, қоғамдық денсаулыққа да пайдасын берері анық. 

Аида ҒАЛИЕВА, 

Батыс Қазақстан облысы

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью