Мал ұрлығы тыйылмай тұр

03.04.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

«Барымта барда малым бар деме» дейді халқымыз. Елімізде бертінге дейін белең алған мал ұрлығы төрт түліктің арқасында күн көріп жүрген ауылдағы ағайынның жанайқайына айналған еді. Осы келеңсіз құбылысқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы маусым айында Жамбыл облысының жұртшылығымен болған кездесуде ерекше назар аударып, Ішкі істер министрі мен өңірлердің әкімдеріне шұғыл шаралар қабылдауды, ал Парламентке тиісті заңнаманы қатайтуды тапсырған еді.

Нәтиже көп күттір­ген жоқ. Бас прокура­ту­раның Құқықтық ста­тистика және арнайы есеп жөніндегі комитетінің мәліме­тіне қарағанда, 2018 жылы қай өңірде болсын өршіп кеткен мал ұрлығының саны 5 636 болса, 2019 жылы 4 746-ға дейін азайған. Сол жылдың соңында Парламент Қылмыстық кодекске «Мал ұрлау» 188-1-бабын енгізді. Оған сәйкес мал ұрлағаны үшін қылмыскер мүлкі тәркіленіп, 3 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде (биыл 12 млн 975 мың теңге) айыппұл салуға не сомасы сол мөлшердегі тү­зеу жұмыстарына, не 5 жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатын болды. Алдын ала сөз байласу арқылы топтасып жасалған және ірi мөлшердегі мал ұрлығы үшін ұрыларды мү­ліктерін тәркiлей отырып, 3 жыл­дан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Бірнеше рет және мал қораға немесе қашаға кiру арқылы жасалған мал ұрлау үшін мүлкiн тәркiлеп, 5 жылдан 10 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру қарас­тырылды. Қылмыстық топ жаса­ған, сондай-ақ аса iрi мөл­шер­дегі мал ұрлығы үшін кінә­лілер­ді мүл­кiн тәркiлеп, 7 жылдан 12 жыл­­ға дейiн­гi мерзiмге бас бос­тан­­­ды­ғынан айыру жазасы көз­делді.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей, мал ұрлығының көбейіп кетуіне ұрылардың бұрыннан келе жатқан ағайын­шылық, бітімшілік жолымен татуласуы да мүмкіндік туғызған еді. «Алдына келсе, ата­сының құнын кешетін» қазекем баукес­­­пелер ұрлаған малын қайтарып, кешірім сұраған соң, оларды аяп, түрмеге жапқызбайтын. Содан соң ондай «барымташылар» құныққан «кәсібін» жалғастыра беретін. Осындай көңілжықпастықты болдырмас үшін Қылмыстық кодекстің 68-бабына тиісті түзету енгізіліп, ұрыларды татуласуға байланысты қылмыстық жауап­ты­лықтан босатуға тыйым салынды. Мал ұрлығының алдын алу үшін олардың иелерінің жауапкершілігін күшейту қа­жеттігі де ескерілді. Осы мақсат­пен Ауыл шаруашылығы ми­нистрі 2020 жылы 29 сәуірде «Ауыл шаруашылығы жануар­ларын жаюдың үлгілік қағида­ларын бекіту туралы» №145 ­бұйрыққа қол қойды. Онда мал­ды иелерінің немесе олар уәкілеттік берген адамдардың қадағалауынсыз жаюға жол бе­ріл­мейтіндігі және қарау­сыз жүрген түлік иесі анықтал­ғанға дейін уақытша ұстау үшін қоражайларға қамау­ға жа­­татын­дығы көрсетілді. Бұған қоса «Әкімшілік құқық бұзушы­лық туралы» кодекстің 408-бабына өзгеріс енгізіліп, ауыл шаруа­­шылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу ескерту жа­сау­ға немесе үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (биыл 12 975 теңге) айыппұл салуға әкеп соғады деп белгіленді.

Осылайша, мүдделі мемле­кеттік органдар қолданған ша­ра­­лардың және заңнаманы қа­тай­ту нәтижесінде 2020 жылы мал ұрлығының саны – 3 441-ге дейін, 2021 жылы – 2 271-ге дейін, 2022 жылы – 1 809-ға дейін, 2023 жылы 1 520-ға – дейін, 2024 жылы – 1 051-ге дейін, 2025 жылы 1 046-ға дейін ке­­міді. Осы қылмыс 2018 жылмен салыстырғанда 5,4 есеге жуық азайды.

Әйтсе де, өткен жылы мал ұрлығына қарсы күрес қарқыны бәсеңдеген сыңайлы. Өйткені бұл қаскүнемдік бұрнағы жылмен салыстырғанда небәрі 0,5 пайызға ғана кеміген. Тіпті 6 өңірде кейінгі кезде бұқпан­тайлап жүрген «барымташылар» қайтадан бас көтерген тәрізді. Нақты айтсақ, Солтүстік Қазақстан облысында бұрнағы жылы 3 мал ұрлығы тіркелсе, былтыр – 11-ге дейін (немесе 266,7 пайызға), Шығыс Қазақстан облысында – тиісінше 34-тен 48-ге дейін (41,2 пайызға), Ұлытау облысында – 15-тен 20-ға дейін (33,3 пайызға), Павлодар облысында – 56-дан 68-ге дейін (21,4 пайызға), Жамбыл облысында – 76-дан 90-ға дейін (18,4 пайызға), Жетісу облысында 101-ден 117-ге дейін (15,8 пайызға) көбейіп кеткен. Бұрнағы жылы мұндай кемшілікке Атырау және Қостанай облыстарында ғана жол берілген еді. Сондай-ақ төрт түліктің қолды болуы Алматы (211), Абай (108), Батыс Қазақстан (80) облыстарында сәл азайғанымен, өзге өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда көп.

Кейбір сарапшылардың айтуынша, мал ұрлығының толық тыйылмай тұрғандығының бір себебі – ұсталған ұрылар сотқа дейінгі тергеу барысында өзара келісімге келіп, араларындағы біреуі бар кінәні өз мойнына алады да, сыбайластарын жазадан құтқарып жібереді. Ондай қылмыскер әрі салғанда 5 жылға сотталып, осы мерзімнің жартысын өтеген соң, шартты түр­де бостандыққа шығады. Өзге қаскөйлер ешкім «маңдайынан шертпеген» соң, үйреншікті «кәсіптерімен» айналысып, мал иелерін зар илетуді жалғастыра береді. Бұл ретте құқық қор­ғау органдарының кейбір қыз­мет­керлері, «Көрмес түйені де көрмес» дегендей, күмәнді «келі­сім­паздыққа» барып жатады.

Осы орайда Мәжіліс депу­та­ты Анас Баққожаевтың: «Мал ұрлығының жазасын әлі де қа­тайта түсу керек. Қылмыс­тық кодекстің 188-1-бабында мал ұрлығы бо­йынша қарастырыл­ған айыппұл салу, түзеу жұмыс­тарына жіберу, немесе бас бос­тан­дығын шектеу сияқты жазалар­ды тым жұмсақ деп санай­мын. Оларды алып тастау керек. Біреудің жылдар бойы адал еңбекпен өсірген малын ұрла­ған қылмыскер тек түр­меге жабу арқылы жазалануға тиіс», де­ген пікірінің жаны бар. Демек, Ішкі істер министрлігі мал ұрлығына қарсы күресте кейін­гі жылдары қол жеткен іл­гері­леуге тоқмейілсімей, қолда­ныстағы заңнаманың орында­луына жан-жақты талдау жасап, оны жетілдіру шараларын қа­растырса игі. Ең бас­тысы, ауыл­дағы ағайынның ақ адал ма­лын оңай олжа қылатын қаскү­нем­дерді құрықтау жұмысын бәсең­детпеу қажет.

Соңғы жаңалықтар

Таразда екі зауыт іске қосылды

Өндіріс • Бүгін, 08:20

Жартастарға жазылған тарих

Көрме • Бүгін, 08:17

Суды үнемдеуге тиянақты көзқарас керек

Қоғам • Бүгін, 08:15

Коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңғырту жалғасады

Саясат • Бүгін, 08:12

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:10

Бауырлас елдердің байланысы беки түседі

Саясат • Бүгін, 08:07

Эйфман қойылымы – Астанада

Театр • Бүгін, 08:05

Қазақстан мен Перу арасындағы келісім заңмен бекітілді

Саясат • Бүгін, 08:02

Айға аттанар күн жақын

Әлем • Бүгін, 08:00

Ынтымақтастықты арттыруға ынталы

Саясат • Бүгін, 07:58

Зерлеп тігу шебері

Мирас • Бүгін, 07:55

Симпозиум қатысушыларына құттықтау жолдады

Саясат • Бүгін, 07:53

Парижде ән әуелеткен өрендер

Өнер • Бүгін, 07:50

Астанада 4 және 5 сәуір күндері кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді

Елорда • Кеше

Наурыз айында дәрі-дәрмектердің бағасы 25%-ға арзандады

Экономика • Кеше

Барлық жаңалықтар

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью