Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Индонезияда Malaysia Airlines әуе компаниясының 39 жастағы ұшқышы есірткінің ірі партиясын контрабандалық жолмен тасымалдады деген күдікпен ұсталды. Полиция мәліметінше, оның жүгінен 70 мыңнан астам экстази таблеткасы мен метамфетамин табылған, деп хабарлайды Tengri Travel.
Не болды?
SCMP басылымының хабарлауынша, ұшқыш Малайзиядан Индонезияға Malaysia Airlines әуе компаниясының тұрақты рейсімен ұшып келген. Ұшар алдында ол экипаж мүшелеріне арналған барлық қауіпсіздік процедураларынан, соның ішінде рентгендік тексеру мен әуежай қызметкерлерінің бақылауынан өткен.
Ер адам Жакартадағы Сукарно-Хатта халықаралық әуежайына қонғаннан кейін ұсталды.
Индонезия полициясының дерегінше, оның чемоданынан жалпы салмағы шамамен 26 келі болатын 70 114 дана экстази таблеткасы табылды. Тыйым салынған заттар киімдердің астына жасырылған. Сонымен қатар басқа сөмкеден тағы 4 грамға жуық метамфетамин табылды.
Осыдан кейін Малайзияның құқық қорғау органдары ішкі тексеруді бастады.
Малайзия полициясының есірткіге қарсы күрес басқармасының басшысы Хусейн Омар Хан ұшқыш өткен тексеру аймағында кезекшілікте болған әуежай қызметкері жауап алуға шақырылатынын мәлімдеді.
"Біз оны жауап алуға шақырамыз және қажет болған жағдайда тиісті тұтқындау шараларын жүргіземіз", - деп атап өтті есірткі полициясының басшысы.
Бейнебақылау камераларынан жарияланған кадрларда форма киген ұшқыштың жүгін алып, экипаж мүшелеріне арналған арнайы дәлізбен өтіп бара жатқаны көрінеді. Кейінірек ол қосымша тексеру үшін тоқтатылған.
Тексеру кезінде ер адамнан ішінде зәрі бар кішкентай құты да табылды. Тергеу болжамы бойынша, ол бұл құтыны есірткіге тест тапсыру кезінде сынаманы ауыстырып жіберу үшін пайдаланбақ болған.
Тергеу нұсқасы бойынша есірткі қайдан пайда болды?
Instagram-дағы бұл жазбаны көру
Полиция ақпаратына сүйенсек, ұшқыш рейске екі күн қалғанда Куала-Лумпур маңындағы Ампанг қаласындағы пәтерлердің бірінде есірткіні қабылдап алған.
Тергеушілердің пайымдауынша, ол чемоданды Куала-Лумпур әуежайында тіркеп, Кота-Кинабалуға ұшып барып қайтқан, содан кейін сол жүкпен Жакартаға бет алған.
Ұсталғаннан кейін ер адам есірткіге тест тапсырды. Полиция мәліметінше, оның ағзасынан МДМА, метамфетамин және кокаин табылған.
Сондай-ақ тергеу мәліметтері ұшқыштың есірткі партиясын жеткізгені үшін оған 50 мың малайзиялық ринггит (шамамен 5,8 миллион теңге) төлеуге уәде берілгенін мойындағанын алға тартады.
Бұдан бөлек, құқық қорғаушылардың нұсқасы бойынша, ол бұған дейін халықаралық рейстермен үш рет есірткі тасымалдағанын хабарлаған. Оның бірі Жакартаға 7 келі метамфетамин жеткізумен байланысты болған көрінеді.
Ұшқышты не күтіп тұр?Қазіргі уақытта ұшқыш қамауда отыр. Оған қатысты Индонезияның есірткі заттары туралы заңнамасына сәйкес тергеу жүргізіліп жатыр.
Елде есірткіні аса ірі мөлшерде контрабандалық жолмен тасымалдағаны үшін ең ауыр жазалардың бірі - өлім жазасына дейін қарастырылған.
Еске сала кетейік, жақында Қазақстанда да осыған ұқсас жағдай орын алған болатын. Бангкоктан келген рейс қонғаннан кейін Алматы әуежайында ішінде каннабис сығындысы бар екі чемодан табылды. Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, оларды Қазақстанның 22 жастағы азаматшасы алып өтпек болған. Сот оны 16 жылға бас бостандығынан айырды.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу