Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Ел астанасы Бамакода жарылыстар мен атыс дауыстары естілген. Әскери билік қақтығыстардың жалғасып жатқанын растады.
– Қорғаныс және қауіпсіздік күштері қазіргі уақытта шабуылдың бетін қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр, – делінген ресми мәлімдемеде.
Куәгерлер Reuters агенттігіне Кати әскери базасы маңында жарылыстар болғанын және атыс жүргенін айтқан. Әскерилер бұл аймақта жолдарды жауып тастаған.
Сондай-ақ елдің солтүстігіндегі Гао мен Кидаль қалаларында, орталықтағы Севаре ауданында да қақтығыстар тіркелген. Сарапшылар бұл соңғы жылдардағы ең ірі шабуылдардың бірі болуы мүмкін екенін айтады.
АҚШ елшілігі азаматтарына үйлерінен шықпауға кеңес берді. Мәліметтерге сәйкес, Бамакодағы Модибо Кейта халықаралық әуежайы маңында да жарылыстар мен атыс болған.
Мали әскері жағдай бақылауда екенін мәлімдегенімен, әлеуметтік желілерде тараған видеолар шабуылдарға Джамаат-нусрат аль-Ислам валь-муслимин (JNIM) тобы мен Азавадты азат ету фронты (FLA) қатысы болуы мүмкін екенін көрсетеді.
FLA өкілі Мохамед Эльмаулуд Рамадан Кидаль қаласы көтерілісшілердің бақылауына өткенін және олардың ықпалы кеңейіп жатқанын мәлімдеді. Алайда бұл ақпарат тәуелсіз түрде расталған жоқ.
Айта кетейік, Малиде 2020 жылғы төңкерістен кейін билікке келген генерал Ассими Гоита бастаған әскери үкімет елдегі қауіпсіздікті тұрақтандыруға уәде берген болатын. Соған қарамастан, елдің солтүстігі мен шығысында жағдай әлі де тұрақсыз күйінде қалып отыр.
Бұған дейін Мексикада туристерге шабуыл жасалғаны мәлім болды.